Ресейде өтіп жатқан Құрлықтық хоккей лигасында, алғашқы ойында «Автомобилист» командасына қарсы ойнаған отандық хоккейшілер 2:1 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Екатеринбург хоккейшілерімен өткен ойында қазақстандық команда жылдамдық танытты. Ойынның 27 секундында елордалық хоккейші Кирилл Савицкий алғашқы голын соқты.
Екінші айналымда ресейліктер де қапы қалмай, Ники Меркли есепті теңестірді. 1:1 есебімен аяқталған негізгі кезеңнен кейін ойын овертаймға ұласты. Овертаймда Майкл Маклауд отандық ойыншылардың пайдасына екінші голды салды. Осылайша «Барыс» командасы қарсыласын 2:1 есебімен ұтып, жеңіске жетті.
Енді отандық команда екі ойынды сырт айдында ойнайды. 19 қыркүйекте «Ак Барс» (Қазан), 21 қыркүйекте «Витязь» (Подольск) командаларымен кездеседі.