Ертіс-Баян өңірінің диқандарына биылғы күз берекелі болып тұр. Қыркүйектің жаңбырлы күндері жиі айналып соққанына қарамастан, егіс алқаптарындағы орақ жұмыстары қызу жалғасып жатыр. Гектар басынан жиналып жатқан дәнді дақылдардың өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда үш есеге жуық жоғары.
Павлодар – еліміздегі астықты облыстардың бірі. Соған қарамастан кейінгі екі жыл қатарынан жергілікті қамбаларға құйылатын дәнді дақыл әдеттегіден азайып кеткен еді. Көрсеткіштің бұлай құлдырауына көктемгі ылғалдың аздығы мен жаздағы құрғақшылық себеп болған еді. Ал биылғы жағдай қуантарлықтай. Көктемгі ылғалдың мол болғаны соншалық, жаздың ыстық болғанына қарамастан егін жақсы жетілді. Егіс алқаптарында дәнді дақылдар бітік шығып, ендігі жерде жер-ананың ырыздығын шашпай-төкпей жинап алу міндеті тұр.
Өңірлік Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Есентай Мүрсәлімовтің дерегінше, биыл облыстағы егіс алқаптарының жалпы аумағы 1 млн 406,2 мың гектарды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 165,5 мың гектарға көп.
«Астықты дәнді дақылдар жалпы егістің 928,5 мың гектарын алып жатыр. Майлы дақылдар – 374,4 мың, картоп – 24,8 мың, мал азығы – 70,8 мың, көкөніс және бақша дақылдары – 7,8 мың гектар. Дақыл түрлерінің қайсысы болсын, аумағы жағынан көп. Әсіресе майлы дақылдардың көлемі бірден 47 пайызға артып отыр. Облыс бойынша қазір астықтың өнімділігі гектар басына 11,7 центнерден айналып тұр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 3 есе артық. Былтырғы құрғақшылықта кеткен есені диқандар биылғы науқанда қайтарады деген сенімдеміз», дейді басқарма өкілі.
Шаруалар егіс алқаптарындағы астықты және бұршақты дәнді дақылдардың 312,2 мың гектарын немесе 33,6 пайызын орып үлгерген. Картоп гектарынан 317 центнерден жиналып, рекордтық көрсеткішке жақындап келеді. Қазірдің өзінде картоп өсірушілер 282,6 мың тонна түйнекті жинап, қаптауға кірісті. Жергілікті картоптың көбі суарылатын болғандықтан ұзақ сақтауға тиімсіз, егіс даласынан бірден ірі жеткізушілер алып кетеді. Ал Ертістің топырағына әбден жерсінген, қыста сақтауға жарайтын тұқымдары кептіріліп, қоймаларға жөнелтіледі. Сәбіз, қырыққабат, пияз сияқты көкөніс түрлері де қоймаларда қыс бойы сақталып, облыстық тұрақтандыру қоры арқылы аудан-қалалардағы әлеуметтік дүкендерге жыл бойы сұранысқа сай босатылып тұрады. Ал негізінде, Павлодар облысы өңір тұрғындарының сұранысынан 10 есе көп картоп өсіреді.
Дей тұрғанмен, биыл керекулік картоп өсірушілерді аталған дақылдың түрлі ауруы мазалап тұрғанға ұқсайды. «AndasAgro» ЖШС басшысы Зейнолла Сәлменбаев егіс даласынан жиналып жатқан картоптың сапасына қатысты біраз мәселе бар екенін жасырмады. Айтуынша, сатып алушылар картоптың түрлі ауруын сылтау етіп, бағасын түсіруге тырысады. Соған орай алдағы уақытта фермерлер үшін картоп бойынша тиімді баға қалыптаспайтыны анық дейді ол.
Басқармадағылар егін жинау жұмыстары болжамды мерзімінен кешігуі мүмкін екенін де ескертті.
«Биылғы орақ науқаны бастапқыда қыркүйек айының соңында аяқталады деп болжаған едік. Алайда қыркүйек айының басы мен ортасы жаңбырлы болып, жиын-терін жұмыстары тұрып қалды. Кейбір астықты аудандарда жаңбырлы күндер әлі де жалғасып жатыр. Мәселен, Ертіс ауданында қазірге дейін барлық астықтың – 33,2 пайызы, Железинде – 27,1, Тереңкөлде – 37,3, Ақтоғайда 30 пайызы ғана орылған. Ендігі меже – қазан айының алғашқы онкүндігі деп отырмыз. Астықтың негізгі көлемін беретін ірі шаруашылықтар сол уақытта барлық жұмысты аяқтайды, ал бірлі-жарым ұсақ шаруашылықтарда орақ науқаны біраз созылуы мүмкін. Бүгінге дейін дәнді және бұршақты дақылдар бойынша 364,3 мың тонна астық жиналды. Бұл көрсеткіш алдағы күндері еселеніп өсуі керек. Себебі өңірде күн ашылып, диқандарға жайлы болып тұр», дейді Есентай Мүрсәлімов.
Атап өтерлігі, биыл Жол картасы бойынша ғылыми негізде 94 100 тонна минералдық тыңайтқыш фермерлерге берілуі керек еді. Аталған көлемнің 62 пайызы немесе 54,5 мың тоннасы бойынша келісімшарттар жасалып, жөнелтілген. Сондай-ақ күзгі жиын-терін жұмыстарын өткізуге 30,7 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. «Lf trade» ЖШС және «ТК Парнас» ЖШС жанар-жағармайды жеткізуші оператор ретінде таңдап алынған.
Операторлық қызмет құнын қосқанда 1 тонна арзандатылған дизель отынының құны 282 мың теңге немесе литрі 237 теңге тұрады. Бұл баға нарықтағыдан 58 теңгеге арзан. Шаруалар аталған көлемнің 14 мың тоннасына төлем жүргізіп, әзірше 12,4 мың тоннасын тасып жеткізген.
Павлодар облысы