Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында: «Үкіметтің алдында алғашқы дәрігерлік көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау міндеті тұр. Бұл қызмет қалың жұртшылық, әсіресе ауыл тұрғындары үшін мейлінше жедел әрі қолжетімді болуға тиіс. Шалғайдағы өңірлерге көлік арқылы дәрігерлік қызмет көрсету ісін қайта қалпына келтіру шараларын жүзеге асырған жөн», деген еді.
Мемлекет басшысының осы тапсырмасы «Жедел жәрдем» қызметінің автокөлігіне ғана емес, медициналық авиацияға да қатысты. Өйткені ол жазғы жауын-шашын мен қысқы боранда автокөлік баруы қиын шалғай ауылдарда тұратын жүкті әйелдерді, дімкәс сәбилерді, денсаулығы күрт нашарлаған науқастарды және кенеттен апатқа ұшырап, ауыр жарақат алған адамдарды шапшаң тасымалдауға арналған. Ондай жағдайларда адам өмірін сақтап қалу үшін әр минут қымбат.
Кешегі кеңес заманында Қазақстанда 700-ге жуық «Ан-2», «Як-12», «Морава» маркалы шағын авиация ұшақтары әуе жолаушыларымен бірге ауыр науқастарды, жүкті әйелдерді және медицина қызметкерлерін тасымалдаған. Өңірлерде аталған ұшақтарды қабылдайтын 400-ден аса кішігірім аэродром болған. Еліміз тәуелсіздік алған өтпелі кезеңдегі экономикалық қиыншылықтарға байланысты шағын авиация әуе кемелерінің саны күрт қысқарды. Ал әлемде жерінің аумағы бойынша тоғызыншы орынды еншілеп отырған республикамыз үшін медициналық авиацияның маңызы зор.
Оған 2011 жылы ғана мемлекеттік деңгейде назар аударылып, Республикалық санитарлық авиация орталығы (қазіргі «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны) құрылды. Сол жылы Үкіметке 2015 жылға дейін денсаулық сақтау саласы үшін кемінде 16 тікұшақ жасап шығару тапсырылды. Бұл тапсырманы нақты орындаған – 2011 жылы «Қазақстан Инжиниринг» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Францияның «Eurocopter» компаниясымен бірлесіп, Астана қаласында құрған жаңа кәсіпорын – «EC-145» тікұшақтарын құрастырумен айналысатын «Еврокоптер Қазақстан инжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Сөйтіп 2013 жылы еліміздің медициналық авиациясына заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған 14 «ЕС-145» тікұшағы және 2 «Ка-32» тікұшағы берілді. Қазіргі таңда Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығымен шарт жасасқан «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының 11 тікұшағы және 10 авиакомпанияның 18 ұшағы медициналық авиация қызметін көрсетумен айналысады. Шалғай немесе автокөліктің жетуі қиын елді мекендерде ұшу-қону жолағының болмауына байланысты пациенттер тек «Ан-2» ұшақтарымен тасымалданады.
Медициналық авиациямыз 2011 жылы 323 рет ұшқан болса, бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып, 2023 жылы 2 323-ке дейін жетті. Олардың жартысына жуығы дімкәс балаларды құтқаруға арналған. Сондай-ақ былтыр шетел клиникаларында емделгенімен, халі нашарлап кеткен ел азаматтарын елге әкелу үшін 7 ұшу орындалған. Алайда бүгінде медициналық авиация қызметін көрсетіп жүрген авиакомпаниялар ұшақтарының дені ескірген. Жоғары аудиторлық палатаның мәліметіне қарағанда, қазір жаңа әуе кемелерін пайдалануға басымдық берілгеніне қарамастан, Денсаулық сақтау министрлігі орташа қызмет ету мерзімі 40 жылдан асқан «Ан-2» және «Як-40» ұшақтары арқылы жедел медициналық авиациялық көмек көрсетуді жалғастырып отыр. Өткен жылы барлық ұшудың 70 пайызға жуығы аталған әуе кемелерінің еншісіне тиді. Нақты айтсақ, былтыр отандастарымызға шұғыл медициналық көмек көрсетуге «Ан-2» – 1 278 рет, «Як-40» – 284 рет, ал заманауи әуе кемелері – «ЕС-145» тікұшағы – 291 рет, «L-410» ұшағы – 110 рет, «Pilatus PC-12» ұшағы 305 рет тартылды. Баяғыдан бері жұрт «жүгеріші» деп атайтын, әбден тозығы жеткен «Ан-2» ұшақтары биыл да 15 облыстың тұрғындарына қызмет көрсетуге жұмсалып отыр.
«Жүгерішілердің» айы оңынан туып тұрғандығының себебі – олардың қызмет көрсету ақысының төмендігі. Мысалы, «ЕС-145» тікұшақтарын пайдалану тарифі «Ан-2» ұшақтарымен салыстырғанда 3 еседей қымбат. Есесіне пайдалану мерзімі 40-50 жылдан асқан «Ан-2» ұшағы 4 сағатта әрең ұшып жететін жерге пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан «ЕС-145» тікұшағы 2,5 сағатта барады. Бұған қоса, Жоғары аудиторлық палатаның тексерісі барысында медициналық авиация қызметін атқаратын «Ан-2» ұшақтарына авиациялық бензиннің орнына «АИ-95» маркалы автомобиль бензині құйылатындығы әшкереленді. Бұл өрескел кемшілік ұшу барысында оқыс оқиғалардың туындауына әкеп соқтыратын қауіпті фактордың бірі саналады. Ал 2019-2023 жылдары медициналық авиация саласында 16 оқыс оқиға тіркелген. Оның 8-і тозығы жеткен «Ан-2» ұшақтарына тиесілі.
Соңғы оқыс оқиға биылғы мамыр айында Қостанай облысында болды. Жекеменшік авиакомпанияға тиесілі «Ан-2» ұшағы миокард инфарктісіне ұшыраған 60 жастағы науқасты Арқалық қаласынан Қостанай облыстық ауруханасына жеткізу үшін әуеге көтерілген сәтте кенеттен қатты соққан желдің екпінімен қонуға мәжбүр болып, су айдынына аударылып түскен. Абырой болғанда, пациент те, медициналық авиация бригадасының құрамындағы екі ұшқыш пен екі медицина қызметкері де аман қалды. Бірақ зәрелері ұшқан бесеуі де Арқалық өңірлік ауруханасына жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынған. Ал көлшікте шалқасынан түсіп жатқан «жүгерішінің» суреті әлеуметтік желіні шарлап кетті.
Осы оқыс оқиғаға орай Үкіметке депутаттық сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев медициналық авиация қызметін көрсетуге әбден ескірген «Ан-2» және «Як-40» ұшақтарын мүлдем қатыстырмай, олардың орнына заманауи әуе кемелерін пайдалануды және «Ан-2» ұшақтарына авиациялық бензин құю мәселесін дереу шешуді ұсынған еді. Үкіметтің депутатқа берген ресми жауабында медициналық авиация қызметін көрсететін әуе кемелері паркін жаңарту қолға алынғандығы және Денсаулық сақтау министрлігі ұшақтарды «АИ-95» маркалы автомобиль бензинінен «Б91/115» маркалы авиациялық бензинге ауыстыру үшін қажетті қаржыны іздестіріп жатқандығы мәлімделген.
Медициналық авиация қызметіне биыл ел қазынасынан 11,8 млрд теңге қаржы бөлініп, 2 244 рет ұшуды қамтамасыз ету жоспарланған. Бірінші жартыжылдықта 941 ұшу жүзеге асырылып, 2819 пациентке шұғыл дәрігерлік көмек көрсетілді. Медициналық авиация бригадаларының жедел жәрдеміне Абай (99 ұшу, 223 пациент), Ақтөбе (93 ұшу, 180 пациент), Маңғыстау (88 ұшу, 276 пациент), Жамбыл (82 ұшу, 267 пациент), Атырау (77 ұшу, 217 пациент), Қарағанды (66 ұшу, 147 пациент), Қостанай (59 ұшу, 130 пациент), Шығыс Қазақстан (54 ұшу, 135 пациент), Павлодар (47 ұшу, 119 пациент), Түркістан (35 ұшу, 184 пациент), Жетісу (34 ұшу, 110 пациент), Ұлытау (27 ұшу, 68 пациент) облыстарының тұрғындары жүйелі түрде жүгініп келеді. Бірақ Солтүстік Қазақстан (4 ұшу, 54 пациент) және Ақмола (9 ұшу, 118 пациент) облыстарының тұрғындары мұндай мүмкіндікті анда-санда ғана пайдаланып жүр.
Сұрастырып білсек, Солтүстік Қазақстан облысында медициналық авиация қызметі таратылғалы біраз жылдың жүзі ауыпты. Осыған орай жергілікті тұрғындар сын сағатта Астана қаласының медициналық авиациясының шұғыл медициналық көмегіне жүгінуге мәжбүр. Ал Қызылжар өңіріндегі ең шалғай Уәлиханов ауданының дәрігерлері мен тұрғындары өздерінің медициналық авиацияның көмегіне мұқтаж екендіктерін айтты.
Осы ауданның орталығынан – 165 шақырым, облыс орталығынан 503 шақырым қашықтықта орналасқан Қулыкөл ауылдық округінің әкімі Бақытжан Кендірбаев: «Кеңес заманында Қулыкөлге сол кездегі облыс орталығы – Көкшетау қаласынан жолаушылар таситын «жүгеріші» жүйелі ұшқандықтан, ауыр науқастар соның көмегімен облыстық ауруханаға тез жетіп қалады екен. Қазір қиян түкпірдегі ауылдарымызда жол нашар болғандықтан, ауа райының қолайсыз күндері толғақ қысқан әйелдерді, дерт қинаған науқастарды және жазатайым ауыр жарақат алған кісілерді облыс пен аудан орталықтарындағы немесе көршілес Ақмола облысының Степногорск қаласындағы ауруханаларға жеткізу қиынға соғып жүр. Сондықтан да облысымызда медициналық авиация қызметі болғанын қалаймыз», деді.
Елімізде, әсіресе ауылды жерлерде аналар мен нәрестелер өлімі әлі де көп екенін, ал жол-көлік оқиғаларынан жыл сайын 2 мыңдай адам қаза табатынын ескерсек, медициналық авиацияны нығайтудың қажеттігі даусыз.