Бұқар жырау атындағы Әдебиет және өнер музейінде қазақ киносының аңызы Асанәлі Әшімұлының жеке заттары қойылған кабинет ашылды. Онда актердің киген шапаны, шахмат тақтасы, үстел үсті жиынтықтары және өзге де пайдаланған жеке заттары, фотосуреттері қойылған.
Асанәлі Әшімұлы – қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген актерлердің бірі. Театр саласында да майталманның еңбегі жарқырап көрінді. Музей-кабинеттің ашылу салтанатында актердің өзі атап өткендей, «өнердің жаны – құштарлық, жауы – іштарлық».
«Өнер өлкесінде атың естіле бастаса дұшпаның көбейетіні бар. Адам сынмен өседі, айтыс-тартыста шыңдалады. Шарболаттай әбден жетіліп шығып, өнердің көгінде қалықтататын шабыт шіркіннің таусылмағаны абзал. Бүгін ерекше толқып отырмын. Бұқар жырау музейі маған айрықша сый жасады. Жастық шағымдағы, кино мен театрдағы ұмыт болған кейбір естеліктер ойға қайта оралып отыр. Сирек фотосуреттерді көрдім. Музейдің бұл кабинеті менің жеке тұлғама емес, қазақ киносына жасап отырған тартуы деп ұғындым. Керекудің топырағы құйқалы, Жұмат Шаниндей ұлттық театр өнерінің негізін салушы тұлғаны, Шәкен Аймановтай қазақ киносының атасын дүниеге әкелді. Қаншама театр және кино актерлері, өнер адамдары өсіп шықты. Сол аталарымыздың қасиетті рухы бүгінгі ұрпақты желеп-жебеп, елдің азаматтары өнерді көтеріп жатқаны мені айрықша қуантады. Музей деген өткенді жұртпен табыстыру, руханиятты насихаттау болса, бүгінгі өнегелі іс осы үдеден толықтай шығып отыр», деп алғысын жеткізді Асанәлі Әшімұлы.
Актердің қатысуымен көптеген кинокартина Павлодар облысының Баянауыл ауданында түсірілген. Олардың арасында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сияқты қазақ киносының шедеврін атап өтуге болады. Жер бедері көркем фильм түсіруге жайлы өлкеге кезінде Шәкен Айманов, сондай-ақ өзге де режиссерлер түсірілім топтарын жиі әкелген.
Бір сәт актер балалық шағы жайындағы естеліктерімен бөлісті.
«Мен жоқшылықты жеткіншек шағымнан көріп өстім. Әкем 25 жасында майданға аттанып, содан оралмады. Еңбектің қадірін, нанның қасиетін ерте түсіндік. Анамызға көмек болсын деп ұжымшар қырманындағы тірлікке 4 жасымнан араластым. Қырманшы шал мені астық бастыратын өгіздің үстіне мінгізіп қоятын. 1944 жылы мектеп табалдырығын аттадым. Әлі күнге есімде, жоқшылық салдарынан әбден қар түскенше мектепке жалаң аяқ барып-қайтатынбыз», деп тебіренді қазақ киносының аңызы.
Бұқар жырау атындағы Әдебиет және өнер музейінің басшысы Ербол Қайыров кабинетті ашудағы мақсат – жұртшылықты есімі елге сыйлы Асанәлі Әшімұлының өнер жолымен таныстырып, жастарға үлгі ету екенін атап өтті.
«Мұнда актердің 15-ке жуық жеке заты, түрлі түсірілімдердегі және отбасылық суреттері қойылған. Жәдігерлердің көпшілігін жыл басында Алматы қаласына арнайы барып, Асанәлі ағаның өзінен алып келген едім. Заттардың ішінде актердің еңбектері, шапаны, көзілдірігі, портфелі бар. Музей-кабинет 2-3 жыл көлемінде ашық тұрады. Кейін мұндағы жәдігерлер арнайы экспозицияға айналады. Алдағы уақытта музей қорын елімізге танымал өзге де өнер және мәдениет қайраткерлеріне қатысты жәдігерлермен толықтыратын жоспарымыз бар», дейді музей басшысы.
Павлодар облысы