• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 26 Қыркүйек, 2024

Шетелден шипа іздеу – отандық медицинаға сын

163 рет
көрсетілді

Осы күні шекара сырты­нан ем іздеген науқас көп. Әсіресе қатерлі ісікке шал­дыққандар арасын­да қайырымдылық қорла­рын жағалап, шетел дәрі­гер­лерінің қолынан ем ал­ғысы келетіндер же­тер­лік. «Біздегі Ор­талық Азиядағы теңдесі жоқ» емдеу орталықтары мен қыруар қаржыға са­тып алынған соңғы техни­калардың қауқары қатерлі ісікке шалдыққандарға үміт сыйлай алмағаны ма? Отандық медицина саласына тыңнан түрен салып, әлемдік жаңалық ашып жатқан мамандарымыз алдына келген науқастың дертін дөп баса алмайтыны қалай?

Медициналық қызмет сапасына шағым көбейді

Қоғамдық саясат институ­ты­ның зерттеуі көрсеткендей, отан­дық медициналық қыз­мет­тер­дің сапасына шағым айтар­лық­тай өскен. Кейінгі 5 жыл ішінде Денсаулық сақтау министрлігіне шағымдар саны 60,8%-ға артып, 7,7 мыңға жеткен. Жуырда ғана жасалған зерттеу нәтижесіне сүйенсек, әрбір төртінші тұрғын медициналық мекемелерге немесе қызметкерлердің үстінен арызданған екен. Оның ішінде сапасыз көрсетілген медициналық көмекке шағымданушылар – 32,5%, қабылдауды ұзақ күту – 22,2%, емдеуден негізсіз бас тарту – 16,3%, медицина қызметкерлері тара­пынан дөрекілік – 15,2% және қате диагноз қою 12,5%-ды құрап отыр. Ал Stada Health Report 2024 халықаралық зерт­теуінің деректерінде біздің ел ден­саулық сақтау жүйе­сіне нара­зылық деңгейі бойынша 23 елдің арасында екінші орында тұр. Демек тұр­ғындардың 67%-ы – медициналық қызметке наразылықтарын білдіреді деген сөз. Бұл бір жыл ішінде медицина мекемелері мен мамандарына деген арыз-шағымның 10 пайызға өскенін көрсетіп береді. 

Соның ішінде өлім-жітім көрсет­кіші өсіп отырған он­коло­гиялық науқастар да отандық медицинадан күдер үзіп, шетелдік дәрігерлердің көмегіне жиі жүгіне бастады. «Біреуге мал, біреуге жан қайғы» дегендей, науқастар дертіне дауа іздеудің амалын таппай жүргенде әлдебіреулер солардың арқасында қаражат табуға көшті. Мәселен, блогерлер шетелде ем алуға жиналған қаражаттан өзіне пайыздық үлесін алып, пайда көре бас­тады. «Аңқау елге – арамза молда» болған енді біреулер науқастардың атын жамылып, алаяқтық жасап жатыр. Еміне бола ел кезген нау­қас­тардың мұндай мүшкіл халі медициналық мекемедегі қыз­мет сапасының төмендігі мен дәрі­герлердің біліктілігіне келіп тірелетіні де белгілі. Қол жеткізбейтін жолдама, келіп болмайтын кезек, бітпейтін анализ, маман жетіспеушілігі, қала берді қажетті құрылғылардың жиі істен шығуы мен бармақ басты, көз қыс­ты әрекеттер алдынан кесе-көл­денең шығатыны жиі айтылады.

Елдегі қатерлі ісік көп жағ­дайда үшінші немесе төртін­ші кезеңде анықталады. Бұл он­кологияның ерте диагностика­сының деңгейі өте төмен екенін көрсетеді. Мәжіліс де­путаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, маммографтардың 40 пайы­зы, эндоскоптардың 47 пайызы – ескі, ал сәулемен емдеу тек қана 37 пайызды құрайды. Бұл орайда Мәжіліс депутаты ауру­мен күресте қаржы көзін үнем­деу министрліктің қажетсіз қаулы­ларын қысқартудан басталу қажет екенін айтады.

«Ең алдымен өздерінің хатта­мала­рын қайта қарауы керек. Өйткені бізде керек емес қап­таған анализ көп. Порталға қояр кезде анализ тапсырады, барғанда – тағы анализ, жатқанда – тағы анализ. Оның бәрі ақша емес пе? Біз ақшаны тиімсіз қарас­тырылған бағыттардан алуы­мыз керек. Дәрі-дәрмектің қым­бат бағасын төмендетіп, керек емес зерттеулерді азайтып, ми­нистрліктің ішіндегі қажет емес шы­ғындарды да қысқартуы­мыз қажет. Сол арқылы жарты триллион теңгеге дейін ақша табуға болады», дейді А.Ай­мағамбетов.

Белгілі хирург, трансплантолог Жақсылық Досқалиев нау­қас­тардың диагнозын дөп басуда дәрігерлердің біліктілігі емес, құрал-жабдықтың жетіс­пеушілігі себеп болуы мүмкін екенін жет­кізді. Мысалы, кейбір аурулардың диагностикасын анықтауға күрделі зерттеу жүр­гізу қажет.

«Біздің елде ісікке байланыс­ты бірнеше мақсатты терапия жасауға болады. Алайда кейбір ісік­терге зерттеу жүргізуге мүм­кін­дік жоқ. Сондықтан науқас­тар құрал-жабдығы, онкология са­ласындағы қызметі жақсы дамы­ған Түркияға барғанды құп көреді. Кейбір ауру түрлеріне көмек көрсете алмай қиналатын сәттер болады. Себебі бұған қажетті Аме­­рикадан алынатын дәрінің бір құтысы миллион доллар тұрады. Бұған қоса біздің трансплантология саласында донор тапшылығы бар. Сол үшін науқастар Үндістан, Беларусь, Түркияға барады», дейді ол.

Ал Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұры­мова онко­логиялық науқас­тардың арасында диагностикалық зерттеу мен емделуде ақылы қыз­­мет­­ке жү­гінуге мәжбүр болып отыр­­ғандар бар екенін алға тартты.

«Науқастардың көбі уақ­тылы әрі толыққанды ем ала алмайды. Онсыз да құнды уақытты жоғалтады. Заңды түрде тегін медициналық қызметтерді алуға табалдырық тоздырады», дейді депутат.

Сонымен қатар бүкіл әлемде иммундық терапияның заманауи дәрі-дәрмектері қол­данылады. Оның артық­шылығы сонда – уыты аз, пациенттер оңай төзеді, 8 жылға дейін өмір сүру, тәулік бойы ауруханада болудың қажеті жоқ. Ал бізде тіркелген тек 3 дә­рі-дәрмек иммунотерапия емі­не қолданылады. Депутаттың сө­зінше, осы себептен де дертінің емін отандық медицинадан іздеу­ге жүрексінетіндер көбейіп келеді.

 

Сәулелік терапия аппараттарының 50%-ы ескірген

2022 жылы Денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық көмек көрсетуді жақсартуда үлкен жұмыс жүргізілді. Екі жыл бұрын онкологиялық қызметтің 250-ден астам маманы қайта оқытудан өтсе, оның 95-і Израиль, Германия, Нидерландта білімін шыңдап келген. Ал биыл Астанада Орта Азия мен ТМД-да теңдесі жоқ Ұлттық онкологиялық орталық ашылмақ. Мұндағы мамандардың барлығы бірнеше жыл шетелде білімін жетілдіріп, ғимарат іші толықтай соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдыққа толтырылғаны айтылады. Демек мемлекет онкологиялық аурулардың алдын алу мен емдеу ісінде қаражат бөлуден кенде қалып жатқан жоқ. Алайда жылына онкологиялық есепке қосылған науқастың жартысындай адам жарық дүниемен қош айтысады. Былтыр денсаулық саласына қатысты өткен Үкімет отырысында халықтың дені саламатты өмір салтын ұстанбайды, жыл сайынғы тексерістен өтуді қаперге алмайды, экологияның тигізіп жатқан зардабы көп екені айтылды. Бұдан басқа, сол кездегі ведомство басшысы Ажар Ғиният қолда бар сәулелік терапия аппараттарының паркі 50% ескіргенін жеткізген. Мысалы, Атырау облысында 1968 жылы шыққан аппарат қолданылады. Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Ұлытау, Жетісу, Қызылорда облыстарында аппараттар жоқ. Өңірлерді диагностикалық және зертханалық жабдықтармен қамтамасыз етудің әлсіз деңгейі сақталып отыр. Ақмола, Қостанай, Қызылорда облыстарының және Астана қаласының онкологиялық орталықтарында КТ және МРТ аппараттары жоқ. Тиісті аппаратураның болмауына байланысты хирургиялық емдеу (лапароскопиялық, интервенциялық) мүмкіндіктері шектеулі екені де сол жиында мәлім болған. Онкологиялық орталықтар ғимараттарының жартысы радиологиялық және операциялық-реанимациялық жабдықтарды орнату үшін заманауи талаптарға сәйкес келмейді. Онкологиялық көмек көрсетудің барлық деңгейлерінде кадр тапшылығы бар. Диагностика мен емдеудің жаңа технологияларын енгізуде мамандарды, оның ішінде физиктер, химиктер мен медицина саласындағы инженерлерді оқыту және даярлау қажет. Ғылыми базасы жеткіліксіз дамыған, қазіргі заманғы технологиялар саласындағы ғылыми әзірлемелері аз отандық медицина қызметтің әлсіз деңгейін, медицина қызметкерлерінің пациенттерге және олардың туыстарына деген эмпатиясының төмендеуіне алып келеді. Медицина қызметкерлері дәрі-дәрмектерді әдеттегі қолмен өсіретінін атап өтілгені де есте. Шетелде 90-жылдардың өзінде дәрілік заттарды орталықтандырылған өсіруге арналған жабдықтары бар арнайы кабинеттер пайдаланылған. Өкінішке қарай, бізде қазір елордадағы онкологиялық орталықта осындай бір ғана автоматтандырылған кабинет жұмыс істейді екен.

 

Хаттамаға «байланған» дәрігерлер

Құрал-жабдықты қойшы, медицина саласындағы хаттама­ға бола жақыннан айырылып, ажалынан бұрын кетіп жат­қан науқастар бар. Мәселен, «Отан­дық дәрігерлер диагнозын дөп басқанша, қызымның тағдырын тәжірибе алаңына айнал­ды­рып жіберді», дейді Алматы қаласының тұрғыны Ай­нұр Қылышбекова. Айтуынша, қызына онкологияға күдік ту­ған­нан бастап дәрігерлер екі ай диагноз қоя алмаған.

«Дәрігерлер емдеу және диаг­ностикалық хаттамадан асып ештеңе істей алмайды. Күдік­теніп отырған диагноздың бар-ж­о­ғын анықтау үшін лабора­то­рия жеткіліксіз. «Басқа тек­се­­ріс жасайық» деп өзіміз ұсы­ныс айтқан кезде дәрігерлер ме­дициналық тексеріс хаттамасынан асып ештеңе істей алмайтынын жеткізді. Украинаның профессорын тауып, отандық дәрігерлермен байланыстырып консилиум өткіздік. Шетелдік профессор сұрап отырған талдау нәтижесі біздің елде жасал­май­тын болып шықты. Хат­тама­да қарастырылмаған екен. Ал Түр­кияда дәрігерлердің мүмкін­діктері шектелмеген. Олар қалай емдесе де өздерінің біліктілігіне сүйенеді. Емдеу хаттамасы барлық әлемде бірдей болғанымен, шетелде хаттаманы негіз етіп алып, науқасты емдеуде жан-жақты әдіс-тәсілдерді қарастырады. Бізде тек хаттама бойынша диагноз жасап, ем қабылдауға таңып қойған. Сол үшін қажетті анализдерді жасай алмадық», дейді ол.

Диагноз қоя алмаған­да­рымен қоймай, «сараланған әдіспен емдейміз» деген дә­рігерлер төрт диагноз қойып, төртеуіне де бір уақытта препарат беріп емдей бастаған. Осылайша, отандық дәрі­герлердің тәжірибесіне айналып, жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан қызын Түркия­ға алып кетіпті. Ондағы дәрі­гер­лер біздегі қойылған төрт диагноздың да қате болғанын айтқан.

«Түркия дәрігерлері «осындай диагноз болуы мүмкін, бұл үшін анализдерді тапсыру керек» деді. Анализ жауабы шыққанша, уақыт өлтіріп алмау үшін екінші жағынан донор іздеп бастауға кеңес қылды. Өйткені қатерлі ісік­те бір минут уақыт қадірлі. Ал бізде көп науқас ем қабылдамақ түгілі, диагнозын анықтата алмай, бітпейтін анализдерді тапсырып, әр табалдырықты тоздырып, уа­қытын жоғалтып жатады. Біздің дәрігерлер бір науқасқа химия терапия жасамақ болған. Бірақ ол дер кезінде бас тартып, тү­рік дәрігерлерінің алдына келген. Сөйтсе науқастың басқа жеріндегі ісікті отандық мамандар көрмей, терапия қабылдамақ болыпты. Ал егер оны алмай химия терапия жасаған кезде науқастың ісігі тез тарау қаупі басым болған. Тағы бір әйел дәрігерлер қызының асқазанын күйдіріп жібергенін айтып, жыларман болып келді», дейді кейіпкеріміз.

Сөйтсе, мұндай терапияларда отандық мамандар науқасқа қажетті дозаны қолдан азайтып, көбейтіп отырады екен. Мәсе­лен, Түркияда мұның барлығын компьютерлік бағ­дарлама орындайды. Бұған қоса ондағы қатерлі ісікке қажетті препараттардың дені Еуропадан әкелінеді. Біздегі терапияға қажетті препараттар өзімізден шығарылады. Ал әр науқасқа қажетті дозаны мед­бикелердің өздері сұйытады, қажет болса үнемдеуге де тура келеді екен.

Алматылық Ғалымжан Ізбаса­ров­тың бір жыл бұрын аты жаман ауру анықталған әкесі бүгін өлім мен өмірдің арасында арпалысып жатыр. Ол да медициналық көмектің кепілсіз екенін кеш түсінгенін айтады.

«Былтыр осы уақытта әкеміз басы ауырып жүргенін айтып, жер­гілікті емханадағы терапевттерден МРТ-ға жолдама сұрады. Бірақ олар МРТ-ға жолдама біт­кенін айтып, оның орнына УДЗ-ге жіберген. Сөйтіп, «кислород жетіспеушілігі» деген диагноз қойып, ем жазып береді. Екі ай бойы осы диагнозбен емделгеніне қа­рамастан басы ауырғаны басыл­маған соң, екінші рет МРТ-ға жол­дама сұрайды. Қаладағы екі ап­параттың біреуі істен шық­қан, екіншісінде түсіретін маман еңбек демалысында болған. Итші­леп жүріп МРТ-ға түсіп апарғанымызда, тағы сол диаг­нозды қойып, қайтадан ем жазып берген. Өстіп екі ортада сандалып жүргенде бақандай төрт айды текке өткізіп, бас ауруы қоймаған соң жекеменшік нейрохирургтің қабылдауында болдық. Сөйтсек, МРТ-да әке­міздің басындағы қа­терлі ісік көрсетіліп тұрған. Бас­тағы қатерлі ісік белгілі болғаннан кейін де біраз сандалуға тура келді», дейді ол.

Өйткені осы аралықта бітпей­тін талдау нәтижелері мен жолдама алудың қиын­дығы, портал аштыру мен ауруханаға жатқызу, ота жасайтын нейрохирургтердің шетелдегі еңбек демалысынан келуін күтіп жүргенде біраз уақытты өлтіріп алған. Кейін асқазаннан да ісік анықталып, күннен-күнге жағдай қиындай түскен. Айналдырған бір айдың ішінде ісік бүкіл денесіне тарап үлгерген. Ал таңдау меке­ме­сін таңдауға құқық бере­тін медициналық жүйені дәрігер­лердің өздері реттейтіні тағы бар.

«Екі химия, бір рет сәу­лелік терапия қабылдадық. Әр жатқан сайын әртүрлі кедергіден өтіп, жан-жаққа қоңырау соғып, арыз-шағым, өтініш-тілекпен жат­қызуға тура келетін. Соңғы рет сәулелік терапия қабылдар алдын­да да дәл осындай қырғынмен ем­ге жатқызған едік. 12 күн ала­­ды де­ген сәулелік терапия­ны 5 күн­­де бітіріп, шығарып жібер­­ді. Та­­мақты да өзі дайындап, ауру­ха­наға өз аяғымен барып жүр­ген әкеміз терапиядан кейін үйге келгелі бері төсекке таңылып, ас-су ішуден қалды», дейді Ғ.Ізбасаров.

Денсаулық сақтау минис­трлігі берген соңғы дерекке сенсек, рес­публикада қазір қатерлі ісікпен 200 мыңға жуық науқас есепте тұр. Ал осының алдында ғана вице-министр 222 мың науқас емделіп жатқанын, былтырдың өзінде 41 мыңнан аса жаңа дерек тіркелгенін айтқан. Олай болса, жуырдағы статистиканың 22 мыңға кемуі қатерлі ісіктен көз жұмған­дар биыл әдеттегі 13 мыңнан асып жығылғанын көрсете ме? Сон­дай-ақ министрлік кейін­гі үш жылда дәрігер қателігі мен медицина мекемесінің үстінен жылына 300-ге жуық құқық бұзу­шылық тіркелеті­нін тілге тиек етіп­ті. Соның ішінде тек 5%-ы сотқа дейін жетіп, 95%-ы негізсіз деп кері қайтарылған. Бұл да мүмкін. Себебі біздің елде дәрігердің ісін қарайтын тергеуші аурудың ерекшеліктерін біле алмайды. Әлемдік тәжірибеде дәрігер қателігін алдымен тәуелсіз медициналық кеңес қарайды. Демек дәрігер қателігі үшін әділетті заңы бар, медициналық мүмкіншілігі мол, кәсіби ке­дергіге тап болмайтын жерде дертіне дауа іздеушілердің көп болуы дәлелдеуді қажет етпейтіні тағы рас.