• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 26 Қыркүйек, 2024

Маңғыстау – стратегиялық маңызды өңір

79 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында өңірдің көлік-логистикалық және турис­тік әлеуетімен танысты. Ақтау, Құрық теңіз порттарында болып, сондай-ақ Кендірлі курорттық аймағын дамыту перспективалары қаралды.

Құрық теңіз портын аралау барысында Премьер-министрге жыл басынан бері жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 1,5 млн тоннадан асқаны, жыл соңына қарай көлемі 2,2 млн тоннаға дейін жеткізілетіні баяндалды. Биыл тереңдету жұмыстарын аяқтап, астық терминалын іске қосу жоспарланып отыр. Логистикалық кластер құру және паром флотын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, перспективалы жобалық қуаты жылына 6 млн тонна жүкті құрайды. Құрық теңіз порты жыл бойы автокөлік және теміржол паромдарын қабылдай алады, осы мақсатта мамандандырылған 4 айлақ бар.

Мұнда О.Бектеновке энергетикада, мұнай өңдеу, химия өнеркәсібі және басқа да салаларда пайдаланылатын «жасыл» сутегін өндіру бойынша қазақ-неміс инвестициялық жобасы таныстырылды. Кәсіпорынның қуаты 2 млн тоннаға жетеді. Инвестиция көлемі 50 млрд еуродан асады. Жобаны іске асыру кезінде су тұщыту зауыты мен қуаты 40 ГВт ЖЭК стансасын салу және пайдалану жоспарланып отыр. Жоба аясында 1,8 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Премьер-министр Ақтау теңіз сауда портының қуатымен танысты. Нысан Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуда маңызды рөл атқарады. Өзінің техникалық параметрлері мен қалыптасқан бизнес–үдерістері бойынша порт заманауи халықаралық стандарттарға сәй­кес келеді. Техникалық жабдық жүк­тердің кең ауқымын өңдеуге мүм­кіндік береді. Бүгінгі таңда ны­санның өткізу қабілеті 11 млн тоннадан асады. Мұнда үш мұ­най құю және үш құрғақ жүк ай­­лағы, жылына 800 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін өт­кізу­ге қабілетті астық термина­лы, сондай-ақ паром кешені бар. Биыл­­ғы 8 айда порт арқылы жүк­тер­­ді ауыстырып тиеу көлемі 3 млн тоннадан асты, негізгі бағыт­та­ры – Иран, Түрікменстан, Әзер­бай­­жан, Ресей және басқа да елдер.

Мұнда Ақтау порты базасында контей­нерлік хаб салу жоспары туралы баяндалды. Инвестор ретінде Қытайдың ең ірі порт компанияларының бірі «Ляньюньган порт компаниялар тобы» ЖШҚ тартылды. Инвестициялық жоба тасымалдауды орта және ұзақмерзімді жоспарлауға ықпал етіп, жүктерді жеткізуге қолайлы жағдай жасайды деп күтіледі.

Премьер-министр халық­аралық көлік дәліздерінің түйіс­кен жерінде орналас­қан Маңғыс­тау облысының стратегиялық маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Үкіметке порттарымызды Каспий теңізінің жетекші хаб­тарының біріне айналдыра отырып, оларды түрлендіру бойынша стратегиялық міндет қойды. Қазақстанның геогра­фиялық орналасуы – біздің артықшылығымыз, оны бар мүмкіндігінше пайдалану керек. Маңғыстау облысының қуатты транзиттік, логистикалық және инф­рақұрылымды-сервистік әле­­уеті өте жоғары, оны одан әрі да­мыту қажет. Сондықтан отан­дық теңіз көлік-логистикалық клас­терін кеңейтуге мүмкіндік бере­тін жаңа жобаларды іске асыру өте маңызды», деп атап өтті О.Бектенов.

Өңірге жұмыс сапары барысында Мем­лекет басшысының биылғы маусымда өткен туризмді дамыту жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларының орындалуына ерекше назар аударылды, Маңғыстау облысы әкімдігінің деректері бойынша биыл өңірге 215 мыңға жуық демалушы келіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда келушілер саны 9,5%-ға артқан. Салада көрсетілген қызмет көлемі 6,5 млрд теңгеге жетті. Кейінгі екі жылда об­лыс­та қонақүйлер мен демалыс орындарын салу бойынша 4 ірі инвестициялық жоба іске асырылды. 2025-2027 жылдары туризм саласын­да 500-ден астам жұмыс орнын ашу арқылы тағы 12 жобаны іске қосу жоспарлануда.

Кендірлі курорттық аймағы – Маңғыстау облысының танымал орындардың бірі. О.Бек­теновке туристік ағынды арттыруға бағытталған негізгі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарлары туралы баяндалды. Оның қатарында халықаралық әуежай, қуаттылығы тәулігіне 50 мың текше метр су тұщыту зауыты кіреді. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 156 шақырымды құрайтын «Жаңаөзен-Кендірлі-Түрікменстан шекарасы» жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

«Маңғыстау облысындағы туристік әлеуеттің одан әрі даму перспективасы айтарлықтай зор. Ол үшін өңірде теңіз, таңғажайып пейзаждар, тарихи ескерткіштер мен киелі орындар бар. Сапалы серпіліс үшін инфрақұрылымды дамытып, инвестиция тарту және жаңа нысандар салу қажет. Тиісті министрліктер мен әкімдікке бұл мәселелердің барлығын ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын», деп атап өтті О.Бектенов.

Сонымен қатар Премьер-министр Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының халық­қа Жолдауында қойылған мін­деттер шеңберінде Жаңаөзен мо­­но­­­қаласын әлеуметтік-эконо­ми­­­ка­лық дамыту бойынша қабыл­­­да­­нып жатқан шаралармен та­ныс­ты. Атап айтқанда, ин­фра­құ­ры­лымды жаңғырту, білім беру сапасын арттыру, халықты жұмыспен қамту және басқа да маңызды бағыттардың қарқыны тексерілді.

Үкімет басшысы жаңа өнді­рістерді ашуға баса назар аудара отырып, моноқала экономикасын әртараптандыру жоспарымен танысты. Жаңаөзенде 150 мыңнан аса адам тұрады. Болжам бойынша, 2035 жылға қарай халық саны 200 мың тұрғыннан асады. Күтіле­тін өсімді ескере отырып, қала тұрғындарын жұмыспен қамтуды, оның ішінде халықтың бизнес-бастамаларын қолдау жөніндегі шараларды күшейту арқылы қамтамасыз етудің маңызы атап өтілді.

Тұрғын үй-коммуналдық инфра­құры­лымды дамытуға баса назар аударылды. О.Бектеновке Жаңаөзен мен оған іргелес жатқан ауыл­дық елді мекендердің орталық­тандырылған сумен, тұрмысқа қажетті газбен және электр энергия­сымен 100% қамтамасыз етілгені баяндады. Тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ететін су тазарту құрылысын жаңғырту – моноқаланың тіршілігін қам­тамасыз етудегі маңызды жоба саналады. Нысанның қуатын арттыру үшін 2025 жылы 30 мың текше метр көлемінде су қорларын жинақтау үшін резервуарлар салу жоспар­ланып отыр.

 Моноқаланың өнеркәсібін дамыту және жаңа өндірістерді іске қосу электр энергиясының қосымша көлемін талап етеді. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен итальялық ENI компаниясының өсіп келе жатқан қажеттіліктерін жабу үшін жалпы қуаты 247 МВт гибридті электр стансасын салу бойынша инвестициялық жоба басталды. Жоба ЖЭК бірлескен генерациясын (күн және жел энергетикасы) пайдалануды және газ электр стансасын салуды көздейді.

О.Бектенов тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы білім беру бойынша қабылданып жат­қан шаралармен танысты. Мәселен, Жаңаөзен­де «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясын­да жыл соңына дейін 1,2 мың орындық заманауи мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Келесі жылы тағы екі жайлы мектептің құрылысы көзделген. Сонымен қатар балалар мен жастарды жан-жақты дамыту үшін 350 орындық Bolashaq Sarayi Оқушылар сарайының құрылысы басталды. Нысан келесі жылы қала тұрғындарының пайдалануына беріледі деп жоспарланып отыр.

Үкімет басшысына қаладағы жаңа газ өңдеу зауытының құры­лысы барысы туралы баяндалды. Жобаны іске қосу халықтың қосымша газ көлеміне деген қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ең бастысы – өнеркәсіптің одан әрі дамуына және қосылған құны жоғары мұнай-химия өнімдерін жасауға серпін береді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты 900 млрд текше метр ілеспе мұнай және табиғи газ қоспасын, сондай-ақ жылына 5 мың тонна газ конденсатын құрайды. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың қараша айында басталды, екі іске қосу кешенін толық аяқтау 2027 жыл­дың басына жоспарланған.

Премьер-министр газ өңдеу кәсіпорнының құрылысы өңір­дің экономикалық және әлеу­мет­тік дамуы үшін кең ауқымда мульти­пли­кативті әсер беретінін атап өтті.