«Қазмедиа» орталығында өткен Astana Media Week-2024 апталығының соңғы күнінде де түрлі тақырыпта бірнеше сессия өтіп, марапаттар табысталды. Оған БАҚ өкілдері, журналистер, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың баспасөз қызметкерлері қатысты, деп жазады Egemen.kz.
Медиа апталықтың соңғы күнінде өткізілген сессиялардың бірін «Толассыз ақпараттың қоғамға әсері» тақырыбында халықаралық қатынастар саласының маманы, журналист Саят Жокен өткізді.
Модератордың айтуынша, ақпараттар легінде позитивтен гөрі негатив көп, ТikTok, жасанды интеллект туралы әр адам айтып жүр. Ақпарат қорытылып үлгермейді, анализ жоқ, ешқандай құны жоқ, қажет емес ақпарат өте көп.
«Сіздердің терлеп-тепшіп жазған «мына министр былай жасап жатыр, мынадай қызмет жасауға дайынбыз» деген ақпараттарыңыз жетпейтіндігін ашық мойындауымыз керек. Бұл – бәрімізге ортақ проблема. Енді ақпарат тасқынында қазақ сферасы қалай болмақ? Баспасөз хатшылары, сіздер де контент жасаушысыздар, саясатты, атқарып жатқан жұмыстарды насихаттайсыздар. Контенттеріңіз ақпараттық тасқында қаншалықты қабілетті? Ойланып көретін болсақ, мәселе өте күрделі, қалай шешу керек? Күйетінім, орысша оқимыз, орысша ойлаймыз, сосын оны қазақшаға аударамыз. Әлі күнге дейін қазақ тілі орыс тілінің артынан ілесіп келе жатыр. Министрліктер де солай, барлық жерде солай екенін ашық мойындауымыз керек», деді модератор.
Саят Жокеннің айтуынша, қазақы сферада интеллектуальды дүниелер көп болу керек.
«Әр өңірді алға сүйрейтін контент жасаудың алғы шебінде жүрсіздер, бүкіл газеттер мен телеарналар сіздерден ақпарат алады. Көбіңіз жастарсыздар, сіздерге ой салғым келеді. Кезінде Алаш қайраткерлерінің басты мақсаты - қазақты ағарту болды ғой. Бізде ақпараттардың көбі «өлтіріп кетті, жарып кетті», деген секілді негативті. Бізде ақпараттық тазалану жүруі керек. Ақпараттық технологиялар көпшілікті қай бағытта алып бара жатыр? Орыстілді аудитория мен қазақтілді аудиторияның арасындағы сапа қандай? Біз әлі даму жолында жүрміз. Мысалы, Мағжан Жұмабаевтың баланы тәрбиелеу тақырыбындағы жазған еңбегі әлі өзекті, біз үлкен мектептер саламыз, бірақ оның ішіндегі адам компоненті (мұғалімдер) қаншалықты күшті? Айтпағым, яғни әрбір баспасөз хатшысы ағарту, халықты тәрбиелеу тұрғысында ойлануы керек», деді ол.
Оның пікірінше, мысалы футзалдан Португалияны жеңдік, әлемдік дәрежедеміз. Енді ақпарат саласында да әлемдік деңгейге жетуіміз керек.
«Тағы бір мысал, біздің қызыл балық әлемге сатылады, сол сияқты ақпарат саласында да әлемдік деңгейде зор жетістіктеріміз болуы керек. Бізде жігіттер бар, оларды халық біледі, бірақ біздің жалпы контентіміз сондай деңгейге жетуі керек», деді Саят Жокен.
Модератор спортта үлкен жетістіктеріміз бар екенін, енді зор жетістіктеріміз ақпарат саласында да болса деген ой-арманын айтты.
«Кез келген нәрсе орташа және өте жылдам әрі көп нәрселер аяқ астынан болып кететін заманда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан, жастардың «ондай контент жасай алмаймын», деуі күмәнді секілді. Мысалы, бір ән арқылы бір әншінің есімі белгілі болып кетеді ғой. Сол сияқты баспасөз хатшысының бір фотосы, бір мақаласы бүкіл әлемге атын шығаруы мүмкін. Солай болғай. Ақпарат саласына бір үлкен серпіліс керек, соның айналасында жұмыс істейік, пікір алмасайық, аталған мақсат төңірегінде бірігейік. Сонда сіздердің халық алдындағы парыз-борыштарыңыз орындалады деп ойлаймын», деді ол.
«Біз қалай жасаймыз, сіз салыстырған шетелдерде ақпараттық сала болсын, басқа салалар болсын мемлекеттік қолдау көп жасалады ғой, соған байланысты емес пе», деген тұрғыда залдан пікірлер айтылды. Залдан айтылған пікірлердің өте өзекті екенін айта келе Саят Жокен: «Мемлекеттік органдардың ұтымды шешімдер қабылдауға мүмкіндігін арттыруымыз керек, яғни, мемлекеттік органдарға «осылай жасайық, былай істейік» деген талаптарымыз болуы керек.
Мысалы, Нұрғиса Тілендиев 30 жылда үлкен мақсатпен «Отырар сазын» жасады. Сол секілді бізде үлкен мақсаттар болуы керек. Бір-бірімізді оятуға, бір нәрсенің айналасына жиналуға бір жаңашылдық керек. Біз үлкен армандармен өмір сүруіміз керек. Сол кезде біздің контентіміз де, мазмұнымыз да соған қарай өзгереді», деп түйіндеді Саят Жокен.