• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Қыркүйек, 2024

Қарияларға қамқор орталық

67 рет
көрсетілді

«Жастық шақ­­та бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дейді халқымыз. Үлкенге құрмет, қарттарды сыйлау, қария келсе құ­­рақ ұшып, қос қолдап амандасу, дастарқан басында төр­­ге оздырып, бата сұрау – халқымыздың асыл дәстүрі. Бү­гін­гі игіліктің бәрі сол ақ сақалды, ақ жаулықты ата-әже­­­ле­ріміздің қапысыз қажыр-қайраты, ерен еңбегімен жа­сал­­ған.

Шымкент қаласында миллионнан астам халық бар. Демек зейнеткерлердің де саны әжептәуір. Оларға жағдай жасау – жергілікті атқарушы биліктің басты міндетінің бірі. Кеңестік дәуірде мегаполис аумағында қаншама зауыт-фабрика, мекемелер салынды. Әлеуметтік нысандар мен көпқабатты тұр­­ғын үйлер бой көтерді. Тәуел­сіз­діктің алғашқы жылдарында құрылыс жұмыстары қар­қынды жүргізіліп, қаланы көр­кейту бағытында да көп жұмыс атқарылды. Міне, осы жұмыстардың бәріне де белсене атсалысқан бүгінгі зейнет жасындағы аға-апа­ла­ры­мыз. Сондықтан оларға қан­дай жағ­дай жасалса да жарасым­ды. Мем­лекет тарапынан түр­лі қол­дау, көмек шаралары жүйе­лі ұйым­­дастырылып келеді.

Мәселен, Шымкентте бұл күнде «Белсенді ұзақ өмір» орта­лығы қарттарға жан-жақ­ты қызмет көрсетеді. Мұндай мекеме шаһарда біреу емес, үшеу. Енді бұйыртса, төр­тін­шісі ашыл­ғалы жатыр. Олар­дың бәрі де жұмыспен қам­ту және әлеуметтік қор­ғау басқармасына қарайды. Ба­сында 2019 жылы «Асыл жүрек» әлеуметтік-меди­ци­налық орталығы болып ашыл­ған мекеме атауы 2021 жылы есімін қазіргі атауына өз­гертті. «Белсенді ұзақ өмір» орталығының әлеу­мет­тік қызметкері М.Арыс­бае­ва­­ның айтуынша, күн сайын­ сегіз жүзден астам зейнеткер екі мезгіл – таңертеңнен түске дейін, түстен кешке дейін қаладағы 3 орталықта кө­ңіл сергітіп, демалып, ме­ди­циналық ем-домдар қа­был­дайды. Массажға барады, йогамен айналысады, таң­ғы жаттығулар жасайды, тре­на­жерлік залда шынығады. Одан бөлек шахмат, дойбы ойнап, бильярдтан кіші турнирлер өткізіп, үстел теннисінде жары­сып, көңіл сергітеді. Меди­цинада денемен бірге миды жат­тықтыру да пайдалы. Әсіресе ол зейнет жасына келген қартаң кісілерге өте керек. Сол себепті ардагерлер ойын, физикалық қимыл-әрекеттен бөлек, кітап оқып, бейнелеу өнері, қыш өнері бөлмелерінде шығармашылығын шыңдап, рухани ләззат алады. Сонымен бірге әртүрлі танымдық тақы­рыпта көркем фильмдер тамашалап, караокеде ән салып, көңіл көтереді. Ең бас­тысы, тек ғимарат ішінде қа­малып қалмай, аптаның әр жұ­­м­асында дендросаябаққа ба­рып, түрлі жаттығу жасап, ден­­саулықтарын нығай­та­­ды. Мұ­н­да тек зейнет жа­сын­дағы аза­­маттар ғана емес, Екін­ші дүн­ие­­жүзілік соғыс арда­гер­ле­ріне теңес­тірілген жандар да де­мала алады.

Бүгінде жасы 65-ке келген, талай жыл құқық қорғау саласында еңбек етіп, полиция ма­йоры шенімен зей­нет­керлікке шыққан Ағмен Жұмабаев та осы орталықтың тұрақты қыз­ме­­­тін көріп жүр­ген жандардың бірі. Қазіргі таңда Қарттар күніне орай арнайы кон­церт­тік қойы­лым дайындап жатыр.

«Өзім полицияда жұмыс істе­сем де, өнерге бір табан бол­­дым. Ән салғанды, музы­ка­лық аспапта ойнағанды жақ­сы көремін. Сонымен бірге спорт­ты да жанымнан тастаған емес­пін. Орталықта үстел тенни­сін ой­нап тұрамын. Одан бөлек, шы­ғар­машылықпен айналысамын. Шынын айтқанда, бұл жер ме­нің талантымның кәдім­­гі­дей тынысын ашты. Қария­лар­ға осындай қызмет ұйым­­дас­тырған мемлекетке көп рах­­мет. «Адам қартайғанда үйге сый­майды» деген рас. Кей­де бір жерге барып, құр­дас­­­тармен әңгі­мелесіп, көңіл сер­­­гіткің ке­леді. Орта­лық – жал­ғыз­дықтан қажы­ған жан­дар­­ға на­ғыз таптырмас орын», дейді ол.

 

ШЫМКЕНТ