Кеше Астанада ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қауіпсіздік органдары мен арнаулы қызметтері басшылары кеңесінің (ҚОБК) 55-отырысы өтті.
Отырыс жұмысына Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, ТМД Атқарушы комитеті мен Терроризмге қарсы орталығының делегациялары қатысты.
ҚОБК отырысы барысында соңғы отырыстан бастап өткен кезеңдегі өзара іс-қимыл жасау нәтижелері қаралды. Арнаулы қызметтердің халықаралық терроризм, заңсыз көші-қон, трансұлттық қылмыс, киберқылмыс және есірткі бизнесі саласындағы қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды.
ҚОБК отырысында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты Ермек Сағымбаев сөз сөйлеп, мемлекетке сырттан төнетін қауіп-қатерлерге тоқталды.
– Біздің мамыр айында болған Бішкектегі соңғы кездесуімізден бері салыстырмалы түрде көп уақыт өте қойған жоқ. Десе де осы кезең ішінде ТМД-да, жалпы әлемде болған оқиғалар біздің елдегі оперативті жағдайға айтарлықтай әсерін тигізіп отыр. Халықаралық терроризмге қарсы белсенді әрекет етумен байланысты міндеттер әлі де бірінші орында. Трансшекаралық қылмыстардың, заңсыз көші-қон мен қару-жарақ контрабандасының қатері артып тұр. Есірткі трафигіне, әсіресе «синтетика» делініп жүрген есірткі түрінің таралуы біздің мұқият назар аударуымызды қажет етеді, – деді ҰҚК басшысы Е.Сағымбаев.
Сондай-ақ ол ұйым елдері синтетикалық есірткі саудасына көбірек мән беру керектігін атап өтті. Оның айтуынша, сан алуан сын-қатерлердің артуы Қауіпсіздік органдары басшылары кеңесінен ынтымақтастықты нығайтуды талап етеді.
Ал осы отырыста негізгі баяндама жасаған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қауіпсіздік органдары мен арнаулы қызметтері басшылары кеңесінің төрағасы Александр Бортников та сөз сөйлеп, терроризмге қарсы іс-қимылдың басымдығына тоқталды.
– Кейінгі кездесуде біз «Талибанның» нақты билікке ие екенін, аумақты бақылап отырғанын атап өттік. Олардың әрекеттері тәртіп орнатуға және тұрақтылықты сақтауға бағытталған. Барлау органдары арасында прагматикалық ынтымақтастық орнату екі жаққа да тиімді болады деп ойлаймыз. Бұл, әсіресе халықаралық лаңкестік ұйымдармен, есірткі және қару-жарақ контрабандасымен күрес аясында өзекті болып отыр, – деді А.Бортников.
Сонымен қатар ол «Талибан» Ауғанстандағы ДАИШ-тің ең қауіпті тармақтарының бірі саналатын «Вилаят Хорасан» тобына қарсы тұруға дайын екенін атап өтті.
Отырыс қорытындылары бойынша арнаулы ведомстволардың басшылары ынтымақтастықтың нысандары мен бағыттарын кеңейту, сондай-ақ ТМД мемлекеттерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстағы өзара іс-қимылды нығайту қажеттілігі туралы ортақ пікірге келді.
Жалпы, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қауіпсіздік органдары мен арнаулы қызметтері басшыларының кеңесі халықаралық сипаттағы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласындағы және қызметтің басқа да келісілген салаларындағы арнаулы қызметтердің өзара іс-қимыл жасауы әрі олардың іс-әрекетін үйлестіру үшін 1997 жылғы 28 наурызда ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің шешімімен құрылған.