БАЙҚОҢЫР. 28 сәуір. «Қызылорда облысының жаңа инвестициялық стратегиясы» тақырыбында V «Байқоңыр» инвестициялық форумы өтіп жатыр. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Форум қатысушылары ең алдымен Байқоңыр қаласындағы мұражайды аралап көріп, «Союз» зымыран тасығышының ұшырылу сәтін тамашалады. Ал форумға 400-ден аса отандық және алыс-жақын 12 шет мемлекеттен туристік сала өкілдері, ұлттық компания, ғылыми-зерттеу, дамыту институттары мен банк секторлары және мемлекеттік орган өкілдері аймақтың инвестициялық мүмкіндігін бағамдау үшін бас қосты.
Форумның алғашқы күнінде Байқоңыр қаласында «Қызылорда облысы туризм саласының инвестициялық тартымдылығы» тақырыбында пленарлық мәжіліс өтті. Ауқымды жиынға Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Индустрия және даму министрлігі туризм индустриясы департаментінің директоры Тимур Дүйсенғалиев, «Бәйтерек» ҰБХ» басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев пен еліміздің және шетел инвесторлары, кәсіпкерлері, қаржылық сектор өкілдері қатысты. Жиында алты мәселе қаралды. Онда туризм саласының аймақ дамуындағы «ЭКСПО-2017» көрмесінің рөлі мен халықаралық және Еуропа нарығында Қызылорда облысы туризмін дамыту сияқты мәселелер талқыға түсті.
Басқосуда сөз алған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев туризмді дамыту кез-келген аймақтың экономикалық ахуалын жақсартатыны сөзсіз дей келе, барлық форум қонақтарын өңірдегі туризмді дамытуға шақырды. «Жергілікті билік инвесторлардың Қызылорда облысында жұмыс істеуіне барлық жағдай жасауға дайын», – деді аймақ басшысы.
Шығыс Еуропалық «FVW Median GmbN» фондының маркетинг бойынша директоры Мирослав Рончак Қызылорда облысына туристерді тарту үшін ең алдымен қызмет көрсету саласының халықаралық стандарттарға сай болуы керектігін айтты. Сонымен қатар, шетелдіктерді қазақ халқының салт-дәстүрімен таңдай қақтыртуға болады деген ол, «Германиялық туристерді Байқоңыр ғарыш айлағы мен Арал теңізі қызықтырады. Тіпті олар, Қазақстан деген сөзді естісе, ең әуелі Байқоңырды аузына алады», – деп атап өтті.
Қазақстан туристік ассоциациясының директоры Рашида Шайкенова туристерді арнайы ұйымдастырылған шаралар арқылы да қызықтыруға болатынын айтады. Рашида Шайкенова Қызылорда облысында Қорқыт ата кешенінде өнер фестивалін, Шиелі ауданында «Бейбіт атом күнін», «Түйелер керуені» мен «Қымыз» фестивалін ұйымдастыруды ұсынды.
Мұнан соң форумға қатысушылар «Қорқыт ата» мемориалды кешенін аралап көрді.
Айта кетейік, осыған дейін өткізілген 4 инвестициялық форумның нәтижесінде 49 меморандумға қол қойылған болатын. Қызылорда облысы Еуропалық қайта құру және Даму банкімен (ЕҚДБ) жалпы құны 63 млрд. теңгені құрайтын 8 жобаны жүзеге асыруда.
Форумның басты мақсаты шетелдік және отандық инвесторлармен және индустриалды, туристік, аграрлық саладағы компаниялармен өзара тиімді ынтымақтастық орнату, инвестициялық климатты одан әрі жақсартып, қаржылық инфрақұрылымды дамыту. Форум жұмысы ертең де жалғасады. Аймақ үшін маңызды ондаған меморандумға қол қойылады деп күтілуде.
Ержан Байтілес.
Дерек, сурет: egemen.kz.