• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 09 Қазан, 2024

Қаражаттың қайтарымы қандай?

93 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында бюджеттің кіріс бөлігінің орындалмай жатқанына арнайы тоқталды. Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) мәліметіне қарағанда, жергілікті атқарушы органдар әлі де түпкі нәтижеге қол жеткізуге емес, ел қазынасынан бөлінген қаражатты қалайда игеруге басымдық беріп отыр. Мұны ЖАП-тың тапсырмасы бойынша Абай облысының тексеру комиссиясы жүргізген аудит қорытындысы айғақтап берді.

Онда өңірдегі бірде-бір мем­лекеттік орган алған несие­нің об­лыстың қаржылық жағ­дайы­на ти­гізетін әсеріне тұрақ­ты тал­дау жүргізбейтіні, мем­лекет­тік бо­рыш­тың бюджетке, эконо­микалық өсуге және басқа көрсет­кіштерге қалай әсер ететінін бағалау жоқтығы атап көрсетілген. Салдарынан облыс­та 2022-2023 жылдары, негізінен, құрылыс пен ауыл шаруашылығы салаларында жинақталған борыш кө­­лемі 69 млрд теңгеден асып түс­­­кен. Аудит барысында жалпы со­­масы 1,1 млрд теңгеге жеткен қа­р­жылық бұзушылықтар да анықталған.

«Ашығын айтуымыз керек, бізде республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатыр. Бұл – бұрынғы мен қазіргі Үкімет жұмысындағы үлкен олқылық. Мұндай жағдай жиі қайталанса, түптеп келгенде, ел дамуын тежейді. Сондықтан оған жол бермеу қажет. Бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, оның шығыс бөлігін шектеп, қатаң бақылауда ұстаған жөн», деді Мемлекет басшысы.

Елімізде бес жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Ауыл – ел бeciгi» бағдарламасына бөлінген мол қаржының да түпкі нәтижесі жете ойластырылмаған болып шықты. Нақты айтсақ, Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген әдістемеге сәйкес, ауылдардың экономикалық әлеуетін анықтауда жалданып жұмыс істейтін адамдар саны және мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығының жалпы қосылған құны ғана есепке алынады екен. Алайда ауылдық жерлерде жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру индикаторы қарастырылмаған. Ал әлемдiк тәжiрибе бойынша көптеген елде ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу негiзiнен жан басына шаққандағы iшкi жалпы өнiм және кiрiс, жұмыссыздардың үлесi сияқты көрсеткіштер алынған. Дүниежүзілік банктің есептеуінше, Қазақстан жан басына шаққанда­ғы ішкі жалпы өнім көрсеткіші бо­йынша табыс деңгейі төмен елдер тобына жатады. Елімізде ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің деңгейі 1 ауыл тұрғынына шаққанда Ресейге қарағанда – 1,8 есе, Оңтүстік Кореяға қарағанда – 7,5 есе, Францияға қарағанда – 8,8 есе, Бельгияға қарағанда 43 есе төмен. Жуырда осы мәселе жөнінде Үкіметке депутаттық са­уал жолдаған Сенат депутаты Серік Шай­даров ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі мемлекеттік саясат ауылдық экономиканы дамыту перспективаларына негізделуге тиіс деп санайды.

«Үкімет отырысының бірінде Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров соңғы 10 жылда елімізде 583 ауыл жабылғанын, бүгінде республикада 6 256 ауылдық елді мекен бар екенін мәлімдеген болатын. Ауылдық аумақтарды дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарла­масын іске асыра бастаған кезде елімізде 7 660 ауыл болғанын ескерсек, арада өткен 20 жыл ішінде 1 404 ауылдық елді мекен жабылған. Егер әрбір он жыл сайын 700 ауылдық елді мекеннің түтіні өшсе, «Ауыл – ел бесігі» жобасы да басқа мемлекеттік бағдарламалардың тағдырын қайталамай ма? Бұған жол бермеу үшін мемлекеттік қолдау ретінде бөлінетін бар­лық несиені «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы ауылдық елді мекендерді қаржы­лан­дырумен байланыстыру және олардағы салалар бойынша жалпы қосылған құнның өсуіне жыл сайын мониторинг жүргізе отырып, жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуды айқындау ұсынылған еді. Бұл ұсыныс орындауға қабылданған да бола­тын. Өкінішке қарай, Жоға­ры аудиторлық палатаның қоры­тындысы мен Үкіметтің есебінде біз бұл жұмыстың нәтижесі мен тиімділігін көре алмадық. Іс жүзінде бюджет қаражатын әдеттегідей игеру жүріп жатыр. Егер тұрақты жұмыс орындары құрылмаса, мем­лекет салынған қаражаттан тиісін­ше нәтиже ала алмайды», деді ол.

Осыған орай сенатор «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының мақ­саттарына қол жеткізуге, ауылдық елді мекендердің экономикасын дамытуға жан-жақты талдау жүр­гізуді, сондай-ақ аталған жобаға кір­гізілген ауылдарда тұрақты жұ­мыс орындарын құруды, инфра­құ­ры­лымды дамытуды қатар жүр­гізуді жергiлiктi атқарушы орган­дарға тапсыруды ұсынды.

Жалпы, Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына ел экономи­касы­ның көлемін 2029 жылға қарай 2 есе ұлғайту міндетін қойып отырған қазіргі уақытта қай салаға болсын бөлінген қаржының құмға сіңген судай болмай, тиісті қайтарым беруін талап ету қажет.