Кең көшені бойлай көлікпен жүріп келе жатырмыз. Бейтаныс ауылда ат байлар жердің бағытын білмей пұшайман болдық. Жөн білер біреу жолықса жол сұрамақшымыз. Көз байланып келе жатқан уақыт еді. Баяғыда ғой, ел ішінде мұндай уақытта адам аяғы басыла қоймайтын. Біреу шөп тасып, біреу қысқы отынын қамдап абыр-сабыр болып жатушы еді. Қазір көлденең жүргінші кезіге қоймайды екен.
Ауыл ортасына жеткенде қамшылар жақ беттен қарасын көрінгені. Тоқтай қалып жөн сұрауға оқталдық. Сөйтсек, балпанақтай бала арқалаған әжей екен. Барар жерімізді, түсер үйімізді байыптап алайық деген әуелгі байлам ұмыт қалып, бала арқалаған кейуананың кейпі ойымызды бөліп жіберді. Баяғыда, бала кезімізде мұндай сурет тосын болып көрінбейтін, көзге үйреншікті әдет еді. Әжелеріміз көрші үйлерге қонаққа бара жатқанда бір баланы жетектеп, бір баланы арқалап жүре беретін. Соңғы кезде сейіліп кеткен сурет. Таңғалғанымыз да содан. Әуелі амандастық. Өкпек жолаушыға тосырқай қараған әжей арқасындағы баланы жерге түсірді. Аяғын басады екен, басқанда қандай, құлдыраңдай шауып барады.
– Апырмай, өзі жүретін баланы осыншама азаптанып, неге арқалап жүрсіз? – деп сұрадық біз.
– Немерем ғой, – деді әжей әжім басқан маңдайын алақанының ішімен сыпыра сүртіп жатып. Өзі сондай ерке. Жұмыр жердің жұмағы менің арқамда тұрғандай үйден шықсам болды таскенеше жабыса кетеді.
– Ауыр емес пе? – деп сұраймыз біз.
– Жоға, – дейді әжей, – сендерге де осындай немере арқалауға жазсын. Бүгінгі келіндер біле қояр ма екен, бұрынғылар атасы мен әжесінің арқасында қасиет бар деп жататын. Әрі артымнан еретін ұрпақ болсын деген көне жоралғы ғой.
Жол үстінде кездескен жаны жайсаң әженің жарты ауыз сөзінің астарында атан түйеге жүк болар мазмұн жатыр еді. Бұл сапардан біздің тапқан олжамыз осы. Сізбен де бөлістік.