Солтүстік Қазақстан облысында күн күрт суытып, түнде жауған қардың соңы бұрқасынға ұласқан. Синоптиктер бұл ауа райының бір-екі күнге жалғасатынын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Айта кетейік, «Қазгидромет» РМК СҚО филиалы 9 қазаннан бері қар, боран, көктайғақ жайлы ескертіп жатыр. Қазіргі уақытта облыс батыс циклонының ықпалында. Мұндай қолайсыз ауа райы ертең де сақталады деп хабарланды.
Болжам бойынша бүгін өңірдің батыс, солтүстік және шығысында жаңбыр, қар жауады. Солтүстік шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с, кейде 23-28 м/с дейін жетпек. Ал облыстың солтүстігі мен шығысында дауыл тұрып, екпіні 30 м/с жетеді.
Түнде ауа температурасы -5 градусқа дейін төмендесе, күндіз +2-3 аралығында болмақ.
Ертең 12 қазанда да облыстың солтүстігі, шығысы мен оңтүстігінде қар жауып, боран сақталады. Көктайғақ болмақ. Түнде ауа температурасы -2,-7 градус аралығында, күндіз -5 градусқа дейін суытады.
Бір түнде жауған жауын-шашын мөлшері 3,2 мм дейін жеткен. М.Жұмабаев ауданының Возвышенка, Есіл ауданының Явленка метеорологиялық стансасында мұзды жауын жауған. Жалпы, қазан айындағы жауын-шашынның орташа нормасы – 22-40 мм.