• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Талбесік 12 Қазан, 2024

Тазының бағын байлағаны несі?

278 рет
көрсетілді

Облыс орталығының оңтүстік бүйі­рін­дегі коттедждер қалашығы тоқшылықтың исі бұрқырап тұрған жер. Зәуі бір себеппен ат басын бұр­ған­быз. Ежелгі таныс Ермек­байдың шаңырағы осы жерде. Ермекбай қазір төрт құбыласы теңелген, жаңа қазақтың санатында. Үйінде екен. Аумағы ат шаптырым ауласында ине-жіптен жаңа шыққан спорт костюмін киіп, қыдырыстап жүр. Кең ауланың бір бұрышында әдемілеп сырланған, кәдімгі үй салатын жуан қарағайлардан бұралған, төбесі шатырланған иттің үйшігіне беттей берді. Көлеңкеде жатқан тазы кө­рінген. Күдіс бел, кең омырау­лы, жуан сіңірлі итім-ақ екен.

Қазір қалада тұрса да сән­­нен қалмайтындар бар. Соңғы жылдары ел назары жеті қазынаның біріне ауып, тұщымды тақырыпқа ай­нал­ғалы қолы жеткен жұрт таза қанды төбет, қақпан бел тазы ұстауға көшкен. Ермекбай да сондай адамдардың бірі.

– Аң қағасың ба? – деп сұ­радық біз, – ауызданған тазы ма?

– Жоға, күшік кезінен бері байлаулы тұр.

– Апырмай, желмен жа­рыс­қан жүйрік иттің киесі бар емес пе? Сайын даланың сәніне айналған қайран тазыны қор қылып шынжырға байлап қойғаның не?

– Ара-тұра үйге қонақ келгенде көрсетуге жақсы, – деп қарқ-қарқ күлді Ермекбай, – күшік кезінен аттың ті­зесіне үйрету керек деп еді аңшылар, оған ат жоқ. Аңға да шығып жатқан жоқпын. Сән үшін ғой, сән үшін. Енді бір төбет алсам ба деп ойланып жүрмін.

Мәнсіз әңгімені әрі қа­рай созудың реті жоқ еді. Тек сән қуғанның жөні осы екен деп, жалпақ далада бұ­ла өскен тазы мен төбетті шын­жырлап бағып, босағаға байлап, телміртіп қойғанның несі жақсы? Жүні жығылып, көздері мөлдіреген, тумысында қолтығын сөгіп бір жүгіріп көрмеген қайран тазыны осылай қорлағаны адам­шылыққа жата ма?

 

Көкшетау