• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 12 Қазан, 2024

Қос тіректің үйлесімі – өңірге олжа

149 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында болған мәслихат депутаттарының форумында сөйлеген сөзінде мәслихаттар мен әкімдерді мемлекеттің жергілікті жердегі қос тірегіне теңеп, олардың үйлесімді жұмыс істеуі қажеттігін айтты.

Ескі Қазақстанда барлық дең­гейдегі мәслихаттар әкімдердің «нотариат кең­се­сіне» ай­налды деген өткір сын айтылып келді. Себебі «Екі қошқардың басы бір қазан­ға сыймайды» деген уәжбен мәслихаттың тұрақты төрағасы сайланбай, бұл жауапты лауа­зымды депутаттар қоғамдық негізде кезектесіп атқарған. Ал өкілді орган аппаратының сессия­лар аралығындағы жұмы­сына мәс­лихаттың хатшысы жетекшілік жасайтын еді. Мұның өзі мемлекет­тік биліктің өңірдегі қос тармағы­ның бірінің маңызы мен ықпалын кемітіп, мәслихат депутаттарының заң жүзіндегі дардай мәртебесін іс жүзінде жұрдай еткен.

Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 нау­рыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңа­ру мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын­да: «Азаматтардың өкілді билік­ке деген сенімін нығайту үшін мәс­лихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапа­сын жақсартуға әсер ете алады. Олардың рөлін арттырып, дер­бес­тігін қамтамасыз ету үшін мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн», деді.

Мемлекет басшысының осы тап­сырмасына сәйкес барлық дең­гейдегі мәслихаттарда бұрынғы хатшының орнына төраға лауазымы енгізіліп қана қоймай, өңір­лік өкілді органдардың тұ­рақты комиссияларының екі төрағасы тұрақты негізде жұмыс істейтін болып шешілді. Бұған қоса Президенттің бас­тамасымен мәслихаттардың ықпа­лын барынша күшейту мақсатында облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін тағайындау тәртібі өзгертіл­ді. Бұрын өңірлік мәсли­хат депутаттары Мемлекет басшы­сы ұсынатын бір ғана кандидату­ра­ға келісім беріп келсе, енді кем дегенде екі кандидатура баламалы негізде ұсынылатын болды. Бұл – шын мәнінде, өңір басшылары жанама сайлау арқылы қызметке ке­ліп жатыр деген сөз. Сондай-ақ 2022 жыл­ғы референ­дум арқылы Конститу­ция­­ға енгізіл­ген маңызды өзгерістерге сәй­кес өңірлік мәслихат сайлауы – ара­лас жүйеге, ал аудандық мәслихат­тар сайлауы мажоритарлық жүйе­ге көшірілді. Президенттің сая­си реформасы аясындағы осын­дай жаңашыл­­дық­тар мәслихаттар­дың рөлі мен беде­лін арттыруға қолайлы мүмкіндік берді. Бірақ мәслихаттардың бәрі бірдей өзде­рі­не берілген қосымша құқық­тарды то­лық та, тиімді пайдаланып отырған жоқ.

Бұл ретте Мемлекет басшысы биыл­ғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолда­уын­да шағын және орта бизнес­тен түсетін салықты өңірлер­дің өзінде қалдыру дұрыс шешім бо­лып, кәсіпкерліктің дамуына едәуір серпін бергенін айта келіп, кейбір әкімдер жергілікті бюджетке түскен қосымша кірісті елге пайдасыз іске шашып, тиімсіз жұмсағанын сынағаны ойға оралады. Бұл сын әкімдердің қаржы­ны пайдасыз іске шашуына келісім берген мәслихаттарға да қатысты. Сондық­тан да Мемлекет басшысы мәслихат депу­таттарының форумында сөйлеген сө­зінде жергілікті бюджет қаржысын дұрыс әрі тиімді бөлу мәселесіне депутаттар зор жауапкершілікпен қа­рауға тиіс екенін қадай айтты.

Өңірлік мәслихаттардың өз әле­уетін қалай пайдаланып отырға­нын Ұлт­­тық экономика министр­лі­гіне қа­расты Экономикалық зерттеулер инс­титуты екі жылдан бері Азия даму бан­кімен бір­лесе әзірлеп келе жатқан Өңірлік ­әл-ауқат индексінен білуге болады. Оның маңызды көрсеткішінің бірі – халық­тың жергілікті мем­лекеттік органдарға, соның ішінде мәслихаттарға сенімінің деңгейі.

Аталған зерттеуге қарағанда, өткен жылы Түркістан облысы­ның мәс­ли­хаттарына сенім деңгейі ­36,5 пайыздан 72,4 пайызға дейін, яғни екі еседей көтерілген. Ал жергі­лікті әкімдіктерге сенім көрсеткіші ­44,8 балдан 58,6 балға дейін өскен. ­Бұл түркістандықтар әкім­дерден гөрі мәслихат депутаттарына көбі­рек сенім артып отырғанын көрсе­теді. Жергілікті өкілді билік пен атқарушы органдардың бірлескен жұ­мысының нәтижесінде өңір тұр­ғындарының қаржылық әл-ауқаты 10 бал­дық көрсеткіш бойынша алдыңғы жыл­ғы 6,12 балдан былтыр 6,21 балға дейін жақсарған.

Батыс Қазақстан облысы (БҚО) тұр­­ғындарының жергілікті мәс­ли­хат­тарға сенімі де 43,9 пайыздан 59 па­йызға дейін артқан. Дегенмен БҚО-да әкімдіктердің беделі мәслихаттарға қарағанда әлдеқайда жоғары. Оларға деген сенімнің орташа көрсеткіші ал­дыңғы жылғы 55,3 пайыздан 71,1 па­йызға дейін көтерілген. Мұның басты себебі был­тыр Жайық өңірі тұрғындарының қаржы­лық әл-ауқаты 5,9 балдан 6,4 балға дейін жақсарғанында болса керек. Бұған қоса БҚО-да сыбайлас жемқорлық деңгейі 5,86 балдан 3,95 балға дейін төмендеген.

Жамбыл облысында мәсли­хат­тарға сенім деңгейі 28,4 пайыздан 51,6 пайызға дейін көтерілген. Ал әкімдіктерге сенім 49,3 пайыздан 63,7 пайызға дейін артқан. Себебі Әулиеата өңірінде тұрғындар­дың қаржылық әл-ауқаты 5,27 балдан 6,91 балға дейін көтеріліп, жем­қорлық 7,2 балдан 5,43 балға дейін азайған.

Абай облысының мәслихат­тарына сенім деңгейі 49 пайыздан 51,2 пайызға дейін жоғарылаған. Ал әкімдіктерге сенім 55,3 пайыздан 58,2 пайызға дейін артқан.

Өзге өңірлердің мәслихат­та­ры жер­гілікті тұрғындардың жар­­тысының сеніміне де ие бола алмаған. Кей өңір­де мәсли­хат­тарға сенім деңгейі сәл арт­са, бұ­рынғы беделінен айыры­ла бас­таған өкілді органдар да бар. Мы­салы, Қызылорда облы­сы­ның мәсли­хат­тарына сенім дең­гейі 19,4 па­йыздан 42,1 пайызға дейін көтерілген. ­Ал қызыл­ордалықтардың әкімдіктер­ге ­сені­мінің деңгейі – 51,4 пайыз. Қара­ған­ды облысының мәсли­хат­та­рына сенім көрсеткіші 31,8 пайыз­дан 44,5 пайыз­ға дейін өскен. Ал көмір­лі ай­­мақ­тағы әкімдік­тер­ге сенім дең­гейі 8,2 па­йыздан ­48,8 пайызға дейін жоға­рылаған.

Қостанай облысында мәсли­хат­тарға сенім 37,8 пайыздан 36,6 пайызға дейін төмендеген, ал әкім­діктерге сенім 41,4 пайыздан 45,5 пайызға дейін нығайған. Осын­дай жағдай Павлодар облысына да тән. Ертіс-Баян өңірін­дегі мәслихаттарға сенім 40,7 пайыздан 32,9 пайызға дейін азайған болса, әкімдіктерге сенім деңгейі 47,1 пайыздан 47,3 пайызға дейін артқан.

Тұрғындардың мәслихаттарға сені­мі ең төмен өңір – Маңғыстау облысы. Әулиелі өңір тұрғындары­ның жергі­лікті депутаттарға сенімі былтыр 46,3 пайыздан 9,3 пайыз­ға дейін құлды­ра­ған. Әкімдіктер­ге сенім деңгейі де 56,6 па­йыздан ­13,7 пайызға дейін күрт төмен­де­ген. Былтыр маңғыстаулықтар­дың ­әл-ауқаты 5,9 балдан 6,6 балға де­йін арт­қанына қарамастан, қаржы­лық қиын­дықтарға тап болғандар әлі де көп. Ал өңірдегі сыбайлас жемқорлық көр­сеткіші 6,04 балдан 8,17 балға дейін ша­рықтап кеткен.

Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Аты­рау, Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақ­стан, Ұлытау облыс­тарының мәс­ли­­хаттары да, әкім­діктері де өздеріне деген халық сенімінің мардымсыз деңгейін бұрынғыдан да төмендетіп алған.

Мегаполистерге келсек, Аста­на және Алматы қалалары тұр­ғындарының мәс­лихаттар мен әкім­діктерге сенімі азая түскен. Ал Шым­кент қаласы тұр­ғын­дары­ның қаладағы әкімдіктерге се­німі төмендегенімен, қалалық мәс­лихатқа сенімі біршама артқан.

Экономикалық зерттеулер инсти­туты зерттеуінің нәти­же­лері тұрғын­дардың әл-ауқаты арт­қан әрі сыбайлас жемқорлық азай­ған өңірлерде мәс­­лихаттар мен әкімдіктерге сенім ны­ғая түске­нін көрсетті. Алайда өңір­лердің көпшілігінің мәслихаттары өз­­­деріне заң жүзінде берілген жаңа мүм­кіндікті толық пайдаланбай, халық ал­дындағы абырой-бедел­дерін көтере алмай отыр. Ал Президенттің мәслихат депу­таттарының форумында берген, жергілікті өкілді органдар қыз­метінің тиімділігін арттыруға бағыт­талған тапсырмалары олар­дың әлеуетін күшейтіп, жұмысы­на соны серпін беріп, мемлекет­тің өңірлердегі қос тірегінің қызметін ны­ғайта түсуге тиіс.