• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
29 Сәуір, 2015

 Ықыласты құттықтаулар, ізгі тілектер

1493 рет
көрсетілді

Бүгінгі күн – ел тарихындағы белесті күндердің бірі.

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қызметіне ресми кірісуіне орай салтанатты Ұлықтау рәсімі өткізіледі.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына мемлекет, үкімет басшыларынан, халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен сайлаудағы жеңісіне байланыс­ты құттықтаулар келіп түсуде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев Қытай Халық Республикасының Төра­ғасы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөй­лесті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевты 26 сәу­ір­де өткен сайлаудағы жеңісімен құттық­тады. Қытай басшысы Қазақстан Президентінің тәуелсіздікті нығайтуға және Қазақстанның ор­нықты дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады. Мемлекет басшылары әңгіме барысында екіжақты ынтымақ­тас­тық­тың әлеуеті жоға­ры екенін айтып, «Нұрлы Жол» және «Жі­бек жолының экономикалық белдеуі» бағдар­ла­ма­ларының өзара толықтырушы сипатын атап өтті. Сонымен қатар, тараптар өңірлік және халық­аралық өзекті мәселелерге қатысты екі ел­дің ұстанымдары ұқсас екеніне назар аударды. Соңында Си Цзиньпин Қазақстан Прези­ден­тін биыл Қытайға сапарлап келуге шақыр­ды. Телефон арқылы сөйлесуге Қытай жағы бастамашы болды. * * * Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың атына оның Қазақстан Респуб­ликасы Президенті болып сайлануына бай­ланысты Түрік Республикасының Прези­денті Реджеп Ердоғаннан құттықтау жедел­хаты келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Реджеп Ердоған түрік халқының және жеке өзінің атынан Нұрсұлтан Назарбаевты пре­зиденттік сайлаудағы жеңісімен құттық­тады. – Қазақстан Сіздің басшылығыңызбен халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған бастамаларын табысты жалғастыратынына сенімдімін. Біздің елдеріміздің арасындағы тілдік, мәдени және тарихи байланыстардың ортақтығына негізделген стратегиялық серіктестік бұдан әрі де халықтарымыздың игілігі үшін, сондай-ақ, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылық үшін дами беретініне тағы да сенім білдіремін, – деп атап өтілген жеделхатта. Сонымен қатар, Реджеп Ердоған таяуда Қазақстанға жасаған сапары кезіндегі жылы қабылдау мен қонақжайлық үшін Мемлекет басшысына ризашылығын білдірген. Соңында Түркия Президенті Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық, бақыт, табыс, ал Қазақстан халқына бақ-береке тіледі. * * * Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ма­лай­зия Премьер-министрі Наджиб Тун Ра­зак­пен телефон арқылы сөйлесті, деп ха­барлады Президенттің баспасөз қызметі. Наджиб Тун Разак Нұрсұлтан Назарбаевты 26 сәуірде өткен Қазақстан Республикасы Пре­зи­дентінің сайлауындағы тарихи жеңісімен құттықтады. Әңгіме барысында екі елдің басшылары саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады. Тараптар екі мемлекеттің өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер бойынша ұстанымдары ұқсас екенін атап өтті. Телефонмен сөйлесуге Малайзия тарапы бастамашылық етті. * * * Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың атына оның Қазақстан Респуб­ликасы Президенті болып сайлануына байланысты Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Дмитрий Медведевтен құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Дмитрий Медведев Нұрсұлтан Назар­баевты президенттік сайлаудағы  жеңісімен құттықтады. – Сайлаудағы айқын жеңіс Сіз жүргізіп отырған стратегиялық бағытты Қазақстан хал­қы­ның кең қолдауына негізделгенін көрсет­ті. Сіздің басшылығыңызбен республи­ка әлеуметтік-экономикалық даму және аза­маттардың әл-ауқатын арттыру бағытында алға ілгерілеуін жалғастыратынына сенімдімін, –  делінген жеделхатта. Ресей Премьер-министрі қазақстандық серіктестерімен кооперациялық байланыстарды дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара ықпалдастықты жандандыруға әзір екенін білдірді. – Біз Сіздің Ресей мен Қазақстанды біріктіретін достықты, тату көршілік пен  серіктестікті нығайтуға, түрлі салалардағы ауқымды экономикалық жобаларды жүзеге асыруға қосқан зор үлесіңізді бағалаймыз, – деп атап өтілген жеделхатта. Соңында Дмитрий Медведев Қазақстан Президентіне мықты денсаулық, амандық және мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.
Соңғы жаңалықтар