• RUB:
    5.03
  • USD:
    484.11
  • EUR:
    528.79
Басты сайтқа өту
Құқық Бүгін, 09:07

Кәсіподақ: еңбекші құқығының қорғалуы қалай?

48 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында келесі жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиістігін мәлімдеді. Ал елімізде қарапайым еңбек адамдарының құқықтарын қорғау деңгейі қандай? Осы мәселемен айналысатын қоғамдық ұйым – кәсіптік одақтар оған қауқарлы ма?

Кешегі кеңес заманында әрбір еңбек ұжымында, тіпті студенттердің оқу топ­тарында да кәсіподақ ұйымы болды. «Коммунизм мектебіне» теңелген ең бұқаралық ұйымның жарғысында жазылған басты міндеті – өз мүшелерінің һәм еңбекшілердің құқықтарын қорғау еді. Алайда кеңестік кәсіподақ, негізінен, ай сайын мүшелік жарна жинап, соның есебінен емдеу-сауықтыру мекемелеріне жолдама үлестіретін, балаларға жаңажылдық сыйлық тарататын ұйым ретінде жадымызда қалды. Оның осы имиджі әлі онша өзгере қоймаған сияқты.

Шынтуайтында, кәсіптік одақтардың қыз­ме­тіне жете мән берілмеді. Мұның аяғы көптеген еңбек ұжымында бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жабылуына әкелді. Өйткені жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға көшіп жатқан өтпелі кезеңдегі ауыр дағдарыс кезінде бірсыпыра ірі кәсіпорын жұмысын тоқтатып, жұмыссыздар үлесі 13,5 пайызға жеткені белгілі. Ал айлығы шайлығына жетпеген жұмыскерлер мүшелік жарна төлеуден бас тартты. Кейбір басшылар ұжымдарында өздеріне талап қоятын ешқандай ұйым болуын қаламады. Бұған қоса, 2014 жылы қабылданған «Кәсіптік одақтар туралы» жаңа заңға байланысты қайта тіркеуден өте алмаған салалық емес кәсіподақ ұйымдары да болды. Осындай себептерге байланысты кәсіптік одақтар мүшелерінің саны күрт азайды. Қазақстан Республикасының кәсіподақтар Федерациясы (ҚРКФ) 1990 жылы бюджеттік ұйымдар мен ұлттық компаниялардың 7,5 млн-ға жуық жұмыскерін біріктірген болса, кейін бұл көрсеткіш 1,6 млн-ға дейін қысқарды. Тек соңғы жылдары еліміздегі кәсіподақ қозғалысы жанданып, қазір ҚРКФ 2 млн-ға жуық кәсіподақ мүшесін біріктіріп отыр. Бұған қоса, Қазақстан еңбек федерациясының 700 мыңнан астам мүшесі бар, сондай-ақ «Аманат» тәуелсіз кәсіподағы 300 мыңға жуық жұмыскердің бастарын қосты. Тұтастай алғанда, аталған 3 республикалық кәсіподақ бірлестігінің 3 млн-нан астам мүшесі бар, яғни олар еліміздегі жалдамалы жұмыскерлердің шамамен 44,5 пайызын қамтып отыр. 2018 жылы орта және шағын бизнес жұмыскерлерін біріктіретін «Ынтымақ» кәсіптік одағы құрылып, жұмыс істей бастады. Жұмыскерлерді кәсіподаққа тартуда Қызылорда (88 пайыз), Павлодар (84 пайыз), Түркістан (71 пайыз) облыстары көш бастап келеді. Ал кәсіподақ мүшелері ең аз өңір – Алматы қаласы. Оңтүстік астанада жалдамалы жұмыскерлердің небәрі 3,7 пайызы ғана кәсіподақ ұйымына кірген.

Кәсіптік одақтар өзінің ұстанымын әлсіретіп, беделінен жұрдай болғаны соншалық, 2018 жылы Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы (ХКК) ҚРКФ-ны «Тәуелсіздігінен айырылғаны үшін» деген айыппен өз қатарынан шығарып тастады. Себебі сол кезде еліміз Халықаралық еңбек ұйымының 190 конвенциясының 24-іне ғана қол қойған болатын. Ал көршілес Ресей – 80-ге жуық, Қырғызстан – 50-ге жуық конвенцияға қосылған еді. Тек республикамызда кәсіподақ қозғалысын дамытуда біршама демократиялық өзгеріс жасалған соң, 2022 жылғы қарашада ХКК Бас кеңесінің шешімімен ҚРКФ-нің ХКК-ге мүшелігі қалпына келтірілді. Қазіргі кезде ҚРКФ ХКК-нің Орталық Азиядағы жалғыз мүшесі болып отыр.

Қазір еліміздің кәсіптік одақтарының алдында жұмыскерлер құқықтарын қорғау жөніндегі жұмысты күшейту міндеті тұр. Бұған ХКК жыл сайын әзірлейтін Еңбекшілер құқықтарын қорғаудың жаһандық индексіне зер салып, көз жеткізуге болады. Осы зерттеумен қамтылған 151 мемлекетке 5 рейтинг арқылы баға берілген. «Бірлі-жарым құқық бұзу» 1-рейтингіне 8-ақ мемлекет – Аустрия, Дания, Германия, Исландия, Ирландия, Италия, Норвегия, Швеция лайық деп танылған. «Әлденеше рет құқық бұзу» 2-рейтингіне 21 мемлекет ие болған. Олардың ішінде Жапония, Сингапур, Финляндия, Франция, Испания, Нидерланд, Португалия, Словения, Молдова, Латвия, Литва, Эстония бар. «Ұдайы құқық бұзу» 3-рейтингін 33 мемлекет місе тұтқан. Араларында Аргентина, Армения, Аустралия, Бельгия, Болгария, Грузия, Канада, Польша, Румыния, Оңтүстік Африка Республикасы, Швейцария бар. «Жүйелі құқық бұзу» 4-рейтингі 39 мемлекетке тиесілі. Ішінде Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Мексика, Израиль, Бразилия, Сербия, Мажарстан, Вьетнам, Грекия бар. «Құқық кепілдігі жоқ» 5-рейтинг 39 мемлекетке, соның ішінде елімізге берілген. Осы төмен көрсеткіштің иелері ішінде бізбен көршілес Қытай, Қырғызстан, Ресей, сондай-ақ Беларусь, Украина, Түркия, Корея Республикасы, Қатар, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Малайзия, Бахрейн, Үндістан, Индонезия, Пәкістан, басқа да елдер бар. Аталған рейтингті заң жүзіндегі құқық іс жүзінде қолжетімді бола бермейтін мемлекеттер еншілейді. Ал «Заң үстемдігі бұзылуының салдарынан құқық кепілдігі жоқ» 5+ рейтингінде 12 мемлекет – Ауғанстан, Бурунди, Орталық Африка Республикасы, Гаити, Ливия, Мьянма, Палестина, Сомали, Оңтүстік Судан, Судан, Сирия, Йемен тұр. Бұл ең төмен рейтинг, негізінен, ішкі жанжалдың немесе әскери басқыншылықтың салдарынан мем­ле­кеттік институттары дұрыс жұмыс істемейтін елдерге қойылады.

Тәуелсіздік жылдарында кәсіподақ­тың әлеуметтік саясаттағы рөлі төмен­детілгендіктен, адамдар оны «ештеңені шешпейтін қоғамдық ұйым» санады. «Кәсіптік одақтар туралы» заңның 24-бабында: «Кәсiподақтар жұмыссыздыққа қарсы күрес және жұ­мыспен қамтуды қам­тамасыз ету, жұмыстан босатылатын қызметкерлердi қорғау жөнiндегi бағ­дарламаларды, ең төмен күнкөрiс деңгейін белгiлеу және оны сақтау, кіріс­терді индекстеу, жалақының, зей­нетақы­лардың, стипендиялар мен жәрдемақылардың ең төмен дең­гейiн арттыру жөнiндегi іс-шара­ларды қоса алғанда, өз мүшелерiн әлеуметтiк қорғау жөніндегі жоспарлар мен бағдарламаларды әзiр­лейдi, оларды тиiстi мемлекеттiк орган­дар­ға ұсыныстар ретiнде енгiзедi», де­лін­ген. Бірақ кәсіподақтардың пікірі мен ұсынысын ескерудің міндеттілігі көрсетілмеген. Мемлекеттік органдардың регламенттерінде де олардың кәсіп­одақтардың ұстанымымен санасуы қарас­ты­рылмаған. Еңбек қатынастарында туын­даған мәселелерді шешу міндеті жүктелген әлеуметтік әріптестік тетігінің тиімділігі де шамалы болып шықты. Себебі оған қатысатын тараптардың нақты құқықтары тең емес екендігі бай­қал­ды. Осыған орай, өткен жылы ҚРКФ ұйымдастырған Әлеуметтік әріптестер форумының қарарында жұмыскерлер, жұмыс берушілер және мемлекет арасын­дағы өзара қарым-қатынастардың жаңа тұжы­рымдамасын жасау және кірісті әділ бөлу қағидаттарын қайта қарау қажеттігі атап көрсетілді.

Мысалы, ҚРКФ бірнеше жылдан бері жалақыны индекстеу мәселесін көтеріп келе жатса да, ол елімізде жасалған 145 мың ұжымдық шарттың тек 10 пайызында ғана көзделген. Бұл ретте ҚРКФ-тің жұ­мыскерлердің әл-ауқатын жақсартуға ық­палы жеткіліксіздігі білініп отыр. Деген­мен, ҚРКФ кейбір проблеманың оң шешімін табуға ұйытқы болды. Кәсіподақ ұйымдары өткен жылы 84 еңбек дауының 80-ін ереуіл жасауға жеткізбей келіссөз арқылы шешкен. Бұған қоса кәсіподақтар бірқатар кәсіпорынның жұ­мыс­керлеріне жала­қы жөніндегі қарыздарды өтеуге жәрдемдескен.

Мәселен, Қызылорда облысында бір кәсіпорын басшылығы ұжымдық шарт талабын көзге ілмей, 300-ден астам жұ­мыскерге айлық жалақы мөл­ше­рінде сыйлықақы төлеу жөніндегі міндет­темесін орындаудан бас тартқан. Сон­дық­тан жұмыскерлердің мүддесін аумақ­тық кәсіподақтар бірлестігінің заң­герлері қорғап, сот арқылы әділдік қал­пы­на келтірілген. Сондай-ақ былтыр қабылданған Әлеуметтік кодексте ҚРКФ-тің ұсынысына орай еңбекке уақытша жарамсыздыққа қатысты жәрдемақы мөл­шері 25 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Кәсіподақтар 25 жылдан бері айтып келе жатқан денсаулыққа зиян­ды ауыр жұмыстарда істейтін адам­дарды әлеуметтік қорғау туралы заңның қабыл­дануына да қол жеткізді. Аталған санат­­та­ғы 55 жасқа толған адамдарға биылдан бастап арнайы әлеуметтік төлем енгізілді.

Сайып келгенде әділетті Қазақ­стан­да ең бұқара­лық ұйымның мәртебесі көтеріліп, ықпалы артуға тиіс.