• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тұлға 16 Қазан, 2024

Еуропа сапарының елеулі сәттері

112 рет
көрсетілді

2018 жылы күз айында Әбдіжәміл Нұрпейіс (Әбе) ағаның үйінде кездесіп, өмір өткелдерінен әңгімесін тыңдап отырып, жуырда Мәскеу қаласы арқылы Лондонда магистрантурада оқып жатқан немерем Алтынай Мұхитқызына баратынымды айттым. Сол кезде «мені де ертіп ала кетші, өмірімнің жарқын кезеңдерінде жүріп өткен жерлерімді тағы бір көрейін» деді.

Содан екеуміз ұшақпен Мәскеуге жетіп, «На­циональ» қонақ­үйі­не тоқтап, Кремль көрініп тұ­ра­­тын мейрамханада отырып тамақтандық. Басынан өт­кен қы­зықты шақтарын айтып отырған жазушы етене танысы, белгілі қайраткер Тайыр Мансұровқа қоңырау шалып, хабарласуды өтінді. Ол қонақүйге келіп, сол күні Әбе-нің өтінішімен Қазақстанның елшілік үйінің маңындағы Абайға қойылған ескерткішке барып суретке түстік. Елшілік үйінің ішкі құрылысымен танысып, елші Иманғали Тасмағамбетов жасаған өзгерістерге риза болыстық. Сол күні түс мезгілінде КСРО Жазушылар одағының үйіне барып, жазушылар мейрамханасынан түстендік. Әбе онда да жазушылар жиындарында болған оқиғаларды әңгімеледі. Одақтың ауласына орналасқан Лев Толстой ескерткішінің алдында бұрын Мәскеуде жолдастарымен жүрген кезеңдерін еске түсіріп айтты.

Ертеңіне Мәскеу-Лондон рейсімен ұшып Лондонға жет­тік, әуежайда елшіліктің қыз­мет­керлері күтіп, қонақ­үйге орналастырды. Түс мезгілі жақындағанда Лондондағы Қазақ­стан елшісі Ерлан Ыдырысов Әбеге сәлем беріп, Лордтар түс­тенетін мейрамханадан түскі ас берді. Немерем Алтынайды Әбе атасымен таныстырдым. Бұл кісі елші Ерланға «Соңғы парыз» кітабын ағылшын тіліне аударатын аудармашы тауып беруді өтінді, ол аудармашы тауып, бізбен кездесу ұйымдастырды.

Ертеңіне Лондонда тұратын жолдасым Медғат Құл­жанов бізді түскі асқа мейрам­ханаға шақырды, ол өзімен бірге жұбайы Айгүлді және қызын ала келіп ағамен таныстырды. Бізбен бірге немерем, магистрант Алтынай да болды. Көңілді отырыста Әбе енді Парижге барғысы келетінін айтты. Кешке жүретін пойызбен Парижге жеттік, алдын ала хабарлап қоюыма байланыс­ты елшілік қызметкерлері қарсы алды. Қаланың орталық көшесіне орналасқан 5 жұлдызды қонақ­үйге орналастық. Ертеңіне Әбенің ертеректе болған жерлерін араладық. Кешінде Франциядағы елші Әбеге сәлем бере келді. Ертесіне елші жіберген аудармашы мен көлігіне отырып, Парижден 250 шақырым жердегі Шарль де Голльдің зиратына барып суретке түсті, мұражай үйіне соғып, тамашалап, естелік кітабына қол­таңба қалдырды. Сол күні кешке сол жердегі «Мотель» қонақүйіне қонып, ертеңіне Па­риж­ге оралдық.

Париж-Мәскеу-Алматы рей­сі­мен елге жетіп, асыл ағаны үйіндегі немерелеріне табыстадым. Бір апталық сапарда Әбенің мінез-құлқын, ішім-жемін, көңіл-күйін, дәрі-дәрмегіне дейін танып-білдім. Қонақүйлерде жеке жатпай, мені жанына алып жататын. Түн ауған­ша басынан өткен қызық пен қиындықты, балалық шағынан аталық, абыздық жасқа жеткенге дейінгі өмірінен әңгіме айтатын. Өмірінде мерейтой өткізбегенін, ондайды ұнатпайтынын жеткізді. Мен «алдағы 95 жа­сыңыз­да Үкімет тарапынан мерей­тойыңызды өткізейік» деп ұсыныс жасадым. Келісім бергендей ың­ғай танытты. Содан кейін сол кездегі Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұловаға Қазақстанның халық жазушысы, КСРО мемлекет­тік сыйлығының лауреаты, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейістің 95 жасқа толуына байланысты мерейтойын өткізіп, көптомдық шығармаларын шы­ға­ру туралы хат жаздым. Мә­­дениет министрімен кезд­есіп, мерейтойды бірлесіп өт­кізуге келістік, көптомдық ең­бек­терін мемлекеттік тапсырыс­пен­ шығаруға министр ханым уәде берді. Алматының жо­ға­ры оқу орындарына кездесулер­ге бардық. Ел басшысымен кездесуінде көптомдық шығармаларын басып шығаруға нұсқау бергеніне ризалық біл­дір­ді. 7 томдығын сый ретінде ұсы­нуға ықпал етіп, хат жазуы­на көмектестім. Мәдениет министр­лігі және сол кездегі Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев­тың қолдауымен Абай атындағы Опе­­ра және балет театрында Әбе­нің 95 жас мерейтойы аталып өтілді. Жиын­ға Алматының зиялы қауы­мы, мемлекет және қоғам қай­раткерлері, Әбенің алыс-жа­қын­дары, мәскеулік достары, әлем­­ге танымал ғалым, жазушы Ни­колай Анастасьев, Анатолий Ким, баспагер Георгий Пря­хин қатысты. Сахнада Әбені Мыр­затай Жолдасбеков пен Тө­лен Әбдік қолтықтап отырды. Жиын соңында Қабылдау үйін­де 300-дей қонаққа ас бері­ліп, жа­зушының көптомдық ең­бегі қонақтарға сый ретінде таратылды.

Мәскеуден келген құрметті қонақтар Николай Анастасьев, Георгий Пряхин және Анатолий Кимді жұбайымен Алматыны аралатып, «Салтанат» қонақүйі­нің мейрамханасында Әбе, жазушы Смағұл Елубай үшеуміз қонақ етіп, шапан жауып шығарып салдық. Әбенің қуанышында шек жоқ. «Өмірімде өткізген тамаша күндерімнің ең биігі осы болды» деп, Смағұл екеумізді құшақтап сүйе берді. Тойдан соң үш күн өткенде Президенттің Әбені Қазақ­станның Еңбек Ері атағымен мара­паттаған Жарлығы шықты. 30 қазан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға арнайы келіп, өз резиденциясында Еңбек Ері жұлдызын тақты. Құттықтау сөзінде Президент жазушыға ризашылығын білді­ріп, тілек айтты. Естелік ретінде суретке түстік.

Жанында жүріп, абырой-атағын алуына інілік ізет көрсетіп, ықпал еткеніме шын жүректен алғысын білдірген Әбе маған шапанын жауып, таяғын естелікке ұстатты. Сол бір күндер өмірімнің жарқын беттері ретінде жадымда мәңгіге жатталып қалды.

 

Бекет ТҰРҒАРАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері