Биыл елімізде өткен V Дүниежүзілік көшпелілер ойынына 5,7 миллиард теңге жұмсалған екен. Ойын ережесіне сай әр спортшының жүріп-тұруына, жататын орны, ішіп-жегеніне шамамен бір адамға 1,5 миллион теңге жаратылады. Ал Моңғолияда өткен Көшпелілер ойынына мемлекеттен 10 миллион төгрөг бөлінген. Ол шамамен 1,5 миллион теңге. Әрине, екі іс-шараның деңгейін салыстыра алмайсыз, дегенмен туризм саласын көшпелілер құндылықтарына қатысты дамытуда ескеріп-елейтін жайттар бар.
Айталық, Моңғолияда кейінгі жылдары өткізіліп жүрген Көшпелілер ойынының шығынын түгелімен туристер көтереді. Осыдан 25 жыл бұрын алғаш ұйымдастырылғанда да мемлекеттен мүлде қаражат бөлінбеген екен. Жергілікті қазақтардың салт-дәстүрі – күнделікті тіршіліктің бір бөлшегі. Қыран баптап, аңға шығатындар көп. Көшпелі өмірдің шынайы көрінісін әлеуметтік желіден көрген туристер бұл жаққа біртіндеп қызығушылық таныта бастайды. Содан соң Баян-Өлгейдегі жергілікті Құсбегілік одағы мемлекетке жыл сайын Бүркітшілер фестивалін өткізіп тұру туралы өтініш жасайды. Мемлекет қолдау көрсетіп, арнайы қаулы қабылдайды. Бүгінде жыл сайын 2 мыңға жуық турист келетін іс-шара осылай бастау алыпты.
Мұнда келген әрбір турист 30–50 доллар төлеп кіреді. Неліктен 30–50 доллар? Өйткені биыл Баян-Өлгейдегі Бүркітшілер тойы екі жерде өтті. Өлгейге жақын Бұғыты аумағындағы жарысты Құсбегілер одағы ұйымдастырса, Сарыкөл жайлауындағы сайысты Моңғолияның ішкі туристік компаниясы өткізді. Көріп отырғанымыздай, 25 жыл бойы қазақтар өткізіп келе жатқан іс-шараға туристік компаниялар да мүдделілік таныта бастаған. Себебі туристер Моңғолияға тек бүркітшілер тойында ғана емес, жыл он екі ай бойы арылмайды.
Бұл жақтағы көшпелілер тойы таудың етегіндегі жазық далада өтеді. Қыранды да бүркітшілер шамамен 40–50 метрлік биіктіктен ұшырады. V Дүниежүзілік көшпелілер ойынында моңғолиялық бүркітшілер тауда ұшатын бүркіттердің жазықты жатырқағанын айтқан еді. Айтса айтатындай айырмашылық бар екен. Бұғыты тойына қыран баптайтын елуге жуық жергілікті қазақ қатысты. Жалпы, бұған дейін Бүркітшілер фестивалі Алтай, Сақсай, Тұлба сияқты бірнеше сұмында да болған. Оларға басы 200, соңы 300-дей турист келіпті.
Тойда түйе, тай жетектеп, тіпті бүркітін бауырына басып алып, нәпақасын тауып жүрген балалар көп. Тай, не түйеге отырып әудем жерді бір айналып келсеңіз, 10 000 төгрөг, біздің ақшамен 1 400 тенге. Ал туристер балаларды қызық көргені соншалық, қосымша қол ақыларын да беріп жатыр. Бұған біздің де ішіміз жылыды. Өйткені жергілікті халық туристердің арқасында жұмыс тауып, кейбірі кәсіп те жүргізіп жатыр.
Өзін Мұхаммед деп таныстырған бала бүркітін биік құздан беліне арқан байлап жүріп, өзі алыпты. Бұл – жасы небәрі он төрттегі баланың әрекеті. «Табылтай деген жерге ағам екеуміз бардық. Ұяда екі балапан болды, біреуі сарша екен. Ал біз ұрғашысын алдық. Қазір бүркітім бір жаста», дейді.
Сайыстың екінші күні Сарыкөл жайлауында да бүркітшілер көп болды. Кореялық банктің жарнамасына түскен Аймөлдір деген бүркітші қызды осы жерде көрдік. Бүркітшілер арасындағы жалғыз қыз бүркітшіні фотоға түсіріп, әңгімеге тартқан туристердің қарасы мол.
Баян-Өлгейдегі көшпелілер ойынында бізді ерекше таңғалдырғаны – кез келген моңғол азаматының қазақша сөйлей жөнелетіндігі. Жергілікті халық «моңғол» деген сөзді мүлде қолданбайды. Сыйластықпен «үлкен ауылдың адамдары» дейді. Сондай бір үлкен ауылдың адамы, таза қазақша сөйлеп тұрған дөрбет Байра ағамызбен танысып, бұғы мүйізінен жасалған асықтарын көріп тамашаладық. Жалпы, қалқалар асықты бұғының мүйізінен жасаса, дөрбеттер түйенің сүйегінен жонып жасайды екен. Халқымыз асық жіліктегі дайынын жинайтыны белгілі. Ол асықтармен салыстырғанда бұғының мүйізінен жасалған асық кішкентай, әппақ.
Байра Гунзе ұйымдастырып тұрған асық ойынына кез келген адам қатысып, жүлделі ақшалай сыйлық ұтып алуына болады. «Қазірдің өзінде 27 адам тіркелді, оның ішінде қазақ, уранқай, өбір моңғол, тывалар бар», дейді ағамыз. Жалпы, түркі тектес халықтар ішінде асық ойындары әртүрлі ойналады. Бұл жерде байқағанымыз, ортаңғы саусақпен шертіп ойнайды екен. Тағы бір қызығы, Моңғолияда қыста мұздың үстінде асықты сырғанатып ойнайтын ұлттық чемпионат өтеді екен. 5–6 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан жарысқа түркітектес халықтардың барлығы қатысатын көрінеді.
Дөрбет Байра Гунзе – Өлгейдің тумасы. Қазақша жақсы білуінің де себебі осында. Балабақшадағы 35 қазақ баланың ішіндегі 5 моңғол «қазақ» болып шыға келдік деп қалжыңдайды. Әңгіме барысында Ноғонорда қызықты күндерді бірге өткерген Өмірбек Сақай деген досына сәлем айтты. Павлодарға көшіп кеткелі сағынып жүргенін де айтып қалды.
Жалпы, көшпелілер ойынын қай ел ұйымдастырып, қай жерде өткені маңызды емес. Оның ауқымы туристердің қанша келгенімен де өлшенбейді. Біздегі көшпелілер ойынынан түскен пайда жұмсалған қаражаттан 20 есеге аз болды. Туристерді небір бейнежазбалар түсіріп, алдын ала шақырып келтірген сияқтымыз. Бірақ олардың қайта қайырылып соғуы екіталай. Себебі көшпелі мәдениет күнделікті өмірімізден алшақтап кеткен. Ал Моңғолияда көшпелілер ойынының құндылығын арттырып отырған – жергілікті қазақтар. Өйткені олар әлі де ежелгі тұрмыс-салт, әдет-ғұрыптан алыстаған жоқ. Күнделікті тіршілігі жайлауда мал бағып, арасында саятшылық жасаумен өтіп жатыр. Тіпті шағын қалаларда тұратындардың үйіне барсаңыз да қабырғада кестелі тұскиіз, кигендері шапан, қазақы желетке. Қазір туристер тарапынан қызығушылық, сұраныс болған соң, тұскиіз, қарсақ тымақ, шапан тігуді қолға алған. Оның ішінде заманауи үлгіде тігіп сататындар көп. Көшпелілер өмірін насихаттауда кімнің көші озады, оны уақыт көрсетеді. Ал біз жазық далада, жайлауда өткен әрі туристер тамсанып тұрып, тамаша баға берген бұл көшпелілер ойынынан ғажап әсер алдық.
Серікгүл СҰЛТАНҚАЖЫ,
журналист
Баян-Өлгей аймағы