• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Парламент 16 Қазан, 2024

Қарақат Әбден: Ауылдың дамымауы - әкімдердің біліксіздігінен

233 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден  ҚР Премьер -министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевқа ауылдардың мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутат сауалында ауылды дамытуға мемлекет тарапынан жыл сайын көлемді қаржы бөлініп жатырғанына қарамастан  жолдардың сапасы мен интернеттің қолжетімсіздігі әлі күнге шешілмей келе жатқанын атап өтті.

«Бұл мәселелер барлық деңгейде де айтылып жүр, 2019 жылдан бастап бұл бағытта қаржы алты есе көп бөлінген, яғни сол кезде 29 млрд теңге бөлінсе, биыл 194 млрд теңге бөлінген! Бұл өте жақсы көрсеткіш, осындай қолдаудың көмегімен ауыл тіршілігін түбегейлі өзгертуге болар еді.

Мемлекет зор қолдау көрсетсе де, іс жүзінде не көріп отырмыз? Қаражат игерілмейді, мерзімдер бұзылуда, жобалар сапасыз орындалып жатыр. Мұның бір үлкен себебі бар – көбінесе аудан басшыларының кәсіби біліктігінің төмендігі және жұмысқа ұйытқы бола алмауы», деді депутат.

Қарақат Әбден өңірлерге барып, халықпен кездескенде екі қолын алдына қойып бос отырған, жағдайды жақсартуға құлшынысы жоқ аудан әкімдерін бірнеше рет көргенін айтты.

«Мысал ретінде – облыстардағы ауыл мектептері. Күрделі жөндеуге бюджет қаражаты аз болуы мүмкін, бірақ бұл мектеп ауласының жиналмай жатуына, оны қалай болса солай ұстауға сылтау емес. Қоршауларды бояп, ағаштарды ағарту, гүл отырғызу үшін көп ақша керек пе?  Мұны тұрғындардың, оқушылардың, ата-аналар мен мұғалімдердің күшімен де жасауға болады. Еңбек терапия деген ұғымды ұмытпайық», деді ол.

 Халық қалаулысы тағы да мысал ретінде Ұлытау облысының жағдайына тоқталды.

«Ұлытау бөлек облыс мәртебесін алған кезде адамдар қалай қуанды. Мемлекет арнайы бюджет бөлді, жаңа өкілеттіктер берді, инфрақұрылымды дамыту басталды, дамуға жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Көп нәрсе жасалды, барлық мемлекеттік орган, әсіресе мәдениет және ақпарат, туризм саласында үлкен жұмыс жүргізді. Музейлер, этнографиялық орталықтар ашылды, білікті кадрлар шақырылды, өңірді танымал ету үшін ақпараттық науқан өткізілді.

Ал бүгін не көріп отырмыз? Айталық, өңірдегі ең маңызды мәдени нысандардың бірі – Хан Орда ескерткішіне баратын жол әлі салынбаған. Ол Ұлытау ауданынан небәрі 17 шақырым жерде, бірақ оған жету қиын. Аудан әкімдігі тым болмаса, бастама жасап «нулевка» деген қара жол салып қоюына болады ғой. Бұған көп ақша кетпейді, ал туристер ескерткішке кедергісіз барып, келушілер саны көбейе беретін еді» деді депутат.

Қарақат Әбден сонымен қатар туристер барлық жерде керемет жағдай жасалған инфрақұрылымды керек етпейтінін, оларға шынайы болмыс, табиғаттың өзіндік ерекшелігі, даламыздың сұлулығы мен тарихи ескерткіштер керек екенін атап өтті.

 «Менің ойымша, аудан әкімдерінің бастама көтеруге ынтасыз болуының басты себебі – адами фактор. Әкімдер көбінесе өз қызметін мансап жолындағы уақытша кезең деп қабылдайды. Олар облыс басшысының көзіне түсіп, өз мансабының келесі сатысына өтуге ұмтылады.Осылайша, бірінен соң бірі тағайындалып жатқан әкімдер білімдерін арттыруға ұмтылмайды және аумақтарды дамытуды өз міндетім деп санамайды. Олардың біразы тіпті сол аудандарда тұрмайды да, өз отбасыларын көшіріп апармайды. Олар балалардың мектепке қандай жолмен баратынын, мектеп асханасындағы тамақ сапасының қандай екенін, сол жердің тұрғындары бос уақытын қалай өткізетінін білмейді. Тұрғындарымен қоян-қолтық араласпаса, ол әкім ауданды қалайша тиімді басқарады? Мысалы мен өзім барған ауылдар тұрмақ аудан орталықтарында тұрғындар әкімнің кім екенін білмейді.  Әр шаңыраққа кіріп, жағдайларын сұрап, бір пиала шай арасында әрбір тұрғынмен тіл табысатын әкім жоқ», деді ол.

Депутат сауалының соңында аудандық әкімдіктердің тарапынан жобалардың іске асырылуын бақылауды күшейтіп, аудан әкімдерінің жеке жауапкершілігін арттыруды, әр өңірдің мықты тұстары мен әлсіз тұстарын ескеріп, аудандарды дамыту стратегияларын әзірлеуді, аудан әкімдерінің есептерін жылына екі рет тыңдап, жұмыс тиімділігін бағалауды ұсынды. Бұған қоса ауылдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлес қосатын диқандармен өзара іс-қимыл жасап, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау, аудан әкімдерін «Жаңа формация жетекшісі» бойынша оқытуды жалғастырып, біліктілігін арттыру қажеттігін айтты.