• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
29 Сәуір, 2015

Бабасына тартқан жауынгер

1053 рет
көрсетілді

Жергілікті өлке­тану­шыларымыз майдан­герлердің ерліктері мен есімдерін ұтытылмастай есте қалдыру үшін біраз жылдан бері іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл шараның арқасында ауданымызда екінші дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ, яғни 1939 жылдан 1946 жылға дейін қатысқан жауынгер анықталған болатын. Оның, сондай-ақ, Қиыр Шығыстан бастап Батыс майдандарында да оқ пен оттың ортасынан өткені бүгінде көпшілікке мәлім болып отыр. Туған жерге аман-есен оралып, бейбіт еңбекте де көзге түскен марқұм Смағұл Шалқарбековтің атына Қараағаш ауылында көше берілуіне тұрғындар тілегі бар. Смекеңнің әкесі Шал­қар­бек те жұртқа сыйлы болған кісі еді. Ашаршылық жылдарында орманның құсы мен даланың киігін атып, ауылдас­тарын асырап шыққаны ел аузынан кетпейтін әңгіме. Арғы бабасы Нұрбай батырдың қазақ жерін қорғаудағы ерліктері ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отыр. Оның 7 жылға ұлас­қан майдан жолдары Моң­ғолиядағы атақты Хасан көлі шайқасынан басталады. Сол кезде 20 жасар жігіт ысылған, тәжірибелі жауынгер ретінде Мәскеуді қорғауға жеткізілген қару­ластары қатарында жауды кейін шегіндіруге қатысып, одан Украинаны, Румынияны, Венгрияны, Австрияны азат етуге атсалысады. Екі рет «Ерлігі үшін» , «Белградты азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және І, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталуы ер жауынгер болуының айғағы екені даусыз. Соғыс туралы көп ай­та қоймайтын, оны еске алу­ға жаны ауырсынатын майдангердің өмір мен өлім белдескен жылдардағы ерлік­тері жайында жинақталған жаңа мәліметтер аудандық мұра­­жайға қойылды. Одан кескілескен қан­ды шай­қас­тарда небір қиын­дықтар мен тауқы­меттерге төзе біліп, жауын­герлік парызға болат­тай берік болған кісі бейнесі көз алдымызға келеді. Өз ауы­лындағы мектеп оқу­шыларының батыр аталарына арналған ескерткіш мүйіс ашуды ойластыруы ризалық туғызады. Мұндай шараларға аудандық ардагерлер кеңесі мұрындық болып отыр. Аға ұрпақ ерліктері ешқашан ұмытылмауға тиіс. Қамбар СЕЙІТҚАМАЛОВ, Жаңаарқа аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Қарағанды облысы.