Оңтүстік Қазақстандағы орта мектепке берілді
Бұрнағы күні Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен еліміздегі бірқатар мектептерге Кеңес Одағының Батырлары мен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдері берілді.
«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңына сәйкес қабылданған қаулы Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы біршама білім мекемелерін қамтыды. Солардың қатарындағы Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы аудандық білім бөлімінің «Шұбарсу жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бұдан былай «Мұхаметқұл Исламқұлов атындағы жалпы орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі деп аталатын болды.
Ұлы Отан соғысында атақты №8 гвардиялық-панфиловшылар дивизиясы құрамында батальон командирі ретінде шайқасқан Мұхаметқұл Исламқұлов майдан даласына республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің қызметкері болып жүрген кезінде, 1941 жылдың тамыз айында аттанған еді. Сол жылғы күз бен келесі жылдың қысы аралығында Мәскеуді басқыншы жаудан қорғау үшін болған қанды қырғынға бастан-аяқ қатысқан журналист-жауынгер 1942 жылдың ақпан айында кезекті шайқас барысында ерлікпен қаза тапты. Осы айларда көрсеткен ерен ерліктері үшін ол бірнеше рет Кеңес Одағының Батыры атағына да ұсынылған екен. Бірақ, шыққан тегі ел билеген бай-болыс болғандықтан, оған бұл құрметті атақ берілмей қалған.
Газетіміздің үстіміздегі жылғы 21 наурыздағы нөмірінде байырғы қаламгер туралы «Соғысқа «Социалистік Қазақстаннан» аттанған» деген очерк жарияланды. Онда есіл ердің екі жарым айға созылған жорық жолдарында көрсеткен көзсіз ерліктері біршама сөз болды.
Енді, міне, халқының көңілі мен жадында жаужүрек батыр ретінде мәңгі қалған абзал ағаның есімімен оның туып-өскен өлкесінде өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелейтін білім мекені аталып отыр. Бұл барша журналистер қауымы үшін қуанышты оқиға деп білеміз.
Руслан ИГІЛІК.