Прокуратура қызметкерлері Атырау қаласындағы кәсіпорындарда еңбек заңнамасының сақталуына, соның ішінде, жұмысшыларға уақтылы еңбекақыларын төлеу бойынша мониторинг жүргізді. Мониторингтің нәтижесінде мұнай және газ саласында қызмет жасайтын «Гюрал» серіктестігінде 79 жұмысшыға жалпы сомасы 24 млн.теңгеден астам еңбекақы төленбегендігі анықталды. Талдау нәтижесі көрсеткендей, жалақының осындай ірі көлемдегі жиынтық сомасы жұмысшыларға өткен жылдың қараша, желтоқсан және биылғы қаңтар, ақпан айларында төленуі тиіс болған.
Бұл факті Атырау қалалық прокурорының назарына алынып, оның ұйғарымымен аталған еңбекақы сомасы жұмысшыларға толығымен төленді. Сонымен қатар, Атырау қаласы прокуратурасының ұсынысы негізінде «АтырауБасЖоспар» ЖШС-мен 63 жұмысшыға жалпы сомасы 3,3 млн. теңге болатын жалақы қарызы да түгелдей өтелді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.