Көптеген ананы жесір, баланы жетім еткен сұрапыл соғыс жылдары ерліктің небір үлгісін көрсеткен қазақстандықтар аз емес. Қолына қару алып, басқыншы жауға қарсы тұрған, Отан қорғау жолында от кешіп, мұз жастанған майдангер ағаларымыз бен аталарымыздың жанқиярлық ерлік істері ешқашан ұмытылмайды. Солардың бірі – ел құрметтісіне айналған Авакри Сабиров еді.
Алматы облысының Ұйғыр ауданына қарасты Үлкендиқан ауылында дүниеге келген ол 18 жасқа толысымен, аудандық әскери комиссариатқа барып, майданға жіберу жөнінде өтініш жазады. Көп кешікпей оның өтініші қанағаттандырылады. Сөйтіп, ішінде Авакри Сабиров бар бір топ өңірдей жасты алғашқы әскери дайындықтан өткізу үшін Алматы қаласына алып келеді. Жаттығулар кезінде шымыр денелі, қандай жағдайда да тез қимылдап, шұғыл әрекет ететін ол командирлер назарына бірден ілігеді. Өйткені, оның осындай қарым-қабілеті, кез келген адамның бойынан кездесе бермейтін қасиеті әскери барлаушыға сұранып-ақ тұр еді.
Осылайша, қатардағы жауынгер Авакри Сабиров Атқыштар дивизиясына қарасты барлаушылар дайындайтын арнайы топ құрамына қабылданады. Үш ай бойы әскери дайындықтан өтіп, барлаушыға тән әрекет ету түрлерін сәл де болса меңгерген олар 1941 жылғы қыркүйек айының ортасында майданға аттанады. Фашистермен бетпе-бет келген алғашқы ұрысты ол Украинаның Контимировск қаласы маңында өткерді. Жан беріп, жан алысқан, өмір мен өлім арпалысқан соғыстың қандай болатынына сонда барып көз жеткізеді.
Барлаушы ретінде ол талай мәрте қауіп-қатерге басын тікті, елін қорғау жолында өліммен бетпе-бет келді. Қандай қиын жағдайлар болса да, берілген жауынгерлік тапсырмаларды орындап отырды. Соғыс жағдайында кез келген жауынгерлерге, әсіресе, барлаушыға бұйрық ретінде берілген алғашқы тапсырма ерекше сын болып табылады. Осыны Сабиров та басынан өткерді. Ол қызмет ететін полк Белоруссия жерінде басқыншы жауға қарсы соғыс қимылдарына қатысып жүрген болатын. Құрамында жауынгер Сабиров бар барлаушылар тобына жау тылынан «тіл» алып келу жүктеледі. Әбжілдік танытып, жау шебіне өткен олар орайын келтіріп, оқ шығармай-ақ фашистердің орташа дәрежелі үш офицерін қолға түсіреді. Екі күн дегенде, өз полктеріне аман-есен жетеді. Ал неміс офицерлерінен құнды мәліметтер алынады. Сөйтіп, барлаушы Авакри Сабиров алғашқы тапсырманы сәтті орындап, алғашқы сыннан ойдағыдай өтеді. Сабировтың қатысуымен жүзеге асырылған барлаушылар тобының екінші «сапары» да ойдағыдай болып, олар әкелген «тіл» дивизия үшін аса құнды мәліметтер береді. Осы операцияға қатысқан бес барлаушы жауынгерлік «Қызыл Ту» орденімен наградталады. Солардың бірі – Авакри Сабиров болатын.
Кейін, яғни 1943 жылы ол қызмет ететін әскери құрама Кроснояр өлкесіне көшірілді. Осындағы әрбір елді мекен үшін қиян-кескі ұрыстар бір ай бойы толастамады десе де болады. Бірде немістер жағы басымдық көрсетсе, бірде кеңес әскерлері басымдық танытып отырды. Әсіресе, Себрское деревньясы үшін болған ұрыс оның есінде мәңгі сақталып қалған-ды. Аталған елді мекен бірнеше мәрте қолдан-қолға өтіп, екі жақ та көп шығынға ұшырады. Деревньяны жаудан азат етуде барлаушылар үлкен рөл атқарды. Сержант Сабиров басқарған бөлімше аса сақтықпен жаудың шебіне өтіп, немістің бір офицерін және алты жауынгерін қолға түсірді. Осы арқылы жаудың адам күші мен техникасы, сондай-ақ, соғыс қимылдарын жүргізудің үлгі-жобасы белгілі болады. Көрсеткен осы ерлігі үшін сержант А.Сабиров «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен наградталады.
Ержүрек барлаушының бұдан кейінгі жорық жолдары Қырым мен Керчь қаласын азат ету кезіндегі қиян-кескі ұрыстарымен әрі қарай жалғасты. Осы жолда ол көптеген операцияларға қатысып, ерлік көрсетті. Қырымда жүзеге асырылған бір операция кезінде оның бөлімшесі фашистердің жоғары шенді бір генералын, үш офицерін және төрт әскерін тұтқынға алады. Осы ерлігі үшін ол III дәрежелі «Даңқ» орденін омырауына тағады. Ал 1944 жылы Авакри Сабиров қызмет ететін полк Севастопольді азат ету ұрыстарына қатысады, ерекше қаһармандық көрсетеді, дұшпанның 4 мыңға жуық әскері мен офицерлерін қолға түсіреді. Осыған байланысты ол бір топ барлаушылармен бірге «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталды.
Небір қиын операцияларға қатысып, берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындаған тәжірибелі барлаушы Хинган асуына және жапон басқыншыларына қарсы болған ұрыстар кезінде де талай рет нағыз барлаушыға тән кәсіби шеберлік көрсетті. КСРО Жоғарғы Кеңесінің төралқасы оны «Совет елін және дүниежүзі халқын неміс басқыншыларынан азат етуде Атлант мұхитынан Тынық мұхитына дейін болған ұрыстарға қатысқаны үшін» деп жазылған грамотамен наградтады. Мұндай награда Ұлы Отан соғысында ерекше батылдық көрсеткен жауынгерлерге ғана беріледі екен.
Авакри Сабиров өзінің туып-өскен ауылы – Үлкендиқанға 1947 жылы оралды. Зейнеткерлікке шыққанға дейін ол сол кездегі «Октябрь» ұжымшарында еселі еңбек етті, егін егіп, шөп шапты, оншақты жыл ұжымшардың бөлімшесін басқарды. Сондай-ақ, кешегі жүрек жұтқан барлаушы Ұлы Жеңістің 55 жылдығына орай, Астана қаласында өткен әскери парадқа қатысқан майдангерлердің бірі болды.
«Тау алыстаған сайын биіктейді» дегендей, бұдан біраз жыл бұрын өмірден озған Авакри Сабировтың соғыс жылдарында көрсеткен ерліктері, одан кейінгі кезеңдердегі еселі еңбектері бүгінгі ұрпаққа үлгі өнеге болып келеді. Өйткені, ел басына қиындық туған кездегі ерлік те, қоғам дәулетін молайтуға қосқан ерен еңбек те ешқашан ұмытылмайды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы,
Ұйғыр ауданы.
Сурет 1945 жылы түсірілген.