• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
29 Қаңтар, 2015

Қаражатты пайдалануға бақылау күшейтілсін

260 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршинді қабылдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Есеп комитетінің төрағасы Елбасына ведомствоның 2014 жылғы жұмысының негізгі қо­рытындылары мен алдағы кезең­ге арналған міндеттері туралы ­баяндады. Кездесу барысында Қазақстан Президентіне республикалық бюджеттің атқарылуының қо­ры­тындылары, қаражатты жос­парлау және пайдалану кезінде үнемі анықталып жүрген проб­лемалар мен кемшіліктер туралы ­айтылды. Есеп комитеті былтыр 298 нысанда 3,1 триллион теңге мөлшеріндегі қаражатты қамтитын 25 бақылау іс-шарасын жүргізді. Анықталған заң бұзушылықтың жалпы көлемі 716 миллиард теңгені құрады, республикалық бюджетке 75 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылды. Тексерулер мен бақылау-талдау шараларының нәтижесі бойынша Үкіметке, мемлекеттік органдарға және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 312 ұсыным мен тапсырма жолданды. Сонымен қатар, Қ.Жаңбыршин облыстардың, Астана және Алма­ты қалалары ревизиялық ко­мис­сияларының 2014 жылғы жұ­мысының негізгі қорытын­дылары туралы баяндады. Мемлекет басшысы респуб­ли­калық бюджет пен Ұлттық қор қаражатының тиімді әрі оңтайлы пайдаланылуына бақылауды күшейтудің, сондай-ақ, «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатын жүзеге асыру барысына қаржылық тәртіпті нығайтудың маңыздылығын атап айтты. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті мемлекеттік қаржылық бақылау органдары қызметін жетілдіру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.