• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Сәуір, 2015

Жанбайдағы жарасымды іс

531 рет
көрсетілді

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орайластырыла өткізіліп жатқан үлкенді-кішілі қандай да шараның мән-мазмұны ерекше. Жуырда Жанбай ауылындағы Хамидолла  Нәубетов атындағы орта мектепте «Ұстаз ұлағаты – өмір мұраты» тақырыбында өтіп, бар саналы ғұмырын халық ағарту саласына арнаған ұлағатты ұстаз, соғыс және еңбек ардагері Бержанов Бердеш атындағы ана тілі кабинетінің ашылу салтанаты да осынау мерейлі мерекеге арналды. Бұл бұған дейін де бірі – Ұлы Отан соғысы жылдарында қанқұйлы жаумен алысып, бірі тылда тер төккен, аталған білім ордасында ұзақ жылдар бойғы ұлағатты қызметімен жас ұрпаққа білім нәрін беріп, үлкен өмірге қанат қаққызған Насыр Нұрмашев, Аяпберген Панабердиев, Шапағат Әбілов сынды бүгінде бұл өмірде жоқ ұстаздарға география, орыс тілі, тарих кабинеттеріне есімдерін беру арқылы ел жадында еңбектерін жаңғыртып, өнегелі өмірлерін жас ұрпаққа тағылым қылуды мақсат тұтудан туындаған игілікті бастаманың жарасымды жалғасы десек болады. Ауылдағы саз мектебінің ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы және сүйемелдеуіндегі ән-күйлермен тыңдаушыларын тәнті етіп, кештің өн бойына кейіпкердің өмір жолынан өрілген бейнебаянмен өрнектеліп отырған мәні зор, мазмұны терең  басқосуда өзге де білім ошақтарына үлгі боларлық осынау істің ұйытқысы болып жүрген мектеп директоры Ғимади Жиенғазиев ардагер ұстаздың өмірі, еңбек жолдары туралы тартымды баяндама жасады. 1916 жылы дүниеге келіп, қырық жылдай мектептерде мұғалімдік, басшылық жұмыстар атқарған, оның соңғы он алты жылында ол кезде Куйбышев атындағы орта мектеп аталған аталмыш білім ұясында тер төккен Бердеш Бержанұлының төрт жылға жуық өмірі майдандағы жорық жолдарында өтті. 1942 жылдың қаңтарында әскерге алынып, Сталинград, Воронеж майдандарында неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғысқан ол алдыңғы шепте пулеметші болды. Екі мәрте жау оғынан жараланған жауынгер емделіп шығысымен қайта сапқа тұрып, запастағы атқыштар полкіне, кейін шептегі құрамаға алынып, 1945 жылдың қазанына дейін Литва, Латвия, Эстония елдерін жаудан тазартуға атсалысып, Жеңісті Латвияда қарсы алып, елге оралған. Майдангер ұстаз жары Қанзила Сыдыққызы екеуі жарты ғасырдан астам жұптасқан өмірлерінде дүниеге келген он перзентке тәлімді тәрбие берген өнегелі отбасы иелері атанды. Салтанатты шарада Б.Бержанұлының ұстаздық тұлғасы, адами болмысы туралы аудан әкімінің орынбасары Мәди Өтеғалиев, аудандық білім бөлімінің басшысы Бақберген Қарабаев, ауылдық округ әкімшілігінің бас маманы Адайбек Есекеш, бірге жұмыс жасаған әріптесі Закария Жұмағазиев, шәкірттері атынан Шәрбану Насырқызы толғанысты лебіздерін тоғыстырды. Ал әулет атынан сөз алған Бекеңнің інісі Амангелді Бержанов пен оның зайыбы, белгілі айтыс ақыны Жәниба Қарасаева, ұлы Жайнарбек игі іске ұйытқы болған мектеп ұжымы мен әкімшілігіне ризашылық сезімдерін білдірді, мектептің ең үздік үш оқушысына оқу жылы қорытындысымен дәстүрлі стипендия тағайындау жөніндегі ниеттерін жеткізді. Екі бөлімнен тұратын шараның соңғысы «Бержанов Бердеш атындағы ана тілі кабинетінің» ашылуына арналып, лентасы қиылды, майдангер ұрпақтарының демеушілігімен жабдықталып, көрнекіліктермен әсем безендірілген сыныпта шәкірттердің алаңсыз білім нәрімен сусындауына мүмкіндік мол. Жоламан ДӘУЛЕТИЯР. Атырау облысы, Исатай ауданы.