Бүгінде мал бағатын адам жоқ дегенге сенесіз бе? Бірақ, шыны керек, жағдай осылай. Қыстың аязы, жаздың ыстығында мал соңында жүру еріккеннің ермегі емес. Жастар мал бағуға бармайды. Себебін көп жерлерде жалақыларын дұрыс ала алмаумен түсіндіреді. Сондықтан да шопанның жасы 50-ден асып тұр. «Ердің жасы елу» десек те, мұның да өзіндік қиындығы бар екен, ол туралы «Тұнық» шаруа қожалығының төрағасы Әсет Мәкенов былай дейді:
– Мал өсірумен 2005 жылдан бері айналысып келемін. 300 бас қой-ешкім бар еді әуелде, енді, міне, олардың саны 1900-ге жетті. Қой бағу қиын болып барады. Шопан тапшы деген менің басымда ғана емес, көбінде бар жағдай. Көрші облыстардан, аудандардан іздеп келеміз кейде. Бірақ бұл шығар жол емес. Уақытша істеп, кетіп қалады. Ал кейбіреулер 10-15 күн істеп кеткен соң, малдың күйісі де кетеді. Себебі, мал бір адамға үйренгенді қалайды. Сонымен, жасы 50-дегі адамды мал бағуға салуға тура келеді. Бірақ, өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, мұндай жаста кім күні бойы белі қайысып аттың үстінде отырады? Шопанның жұмысы жеңіл ме? Алдыңдағы малды ғана емес, астыңдағы атты да бақылап отыруың керек. Әрі-бері шапқылаған жұмыс, ұры-қары, түз тағысы дегендерің тағы бар. Сондықтан да шопанға барлық жағдай жасайсың. Жалақысын уақтылы төлейсің. Соғымын тегін бересің. Жарығын, отын-көмір, суының ақысын төлеуді өз мойныңа аласың. Тіпті, қалаға барып, керек-жарақ сатып аламын десе, өз көлігіммен тегін тасимын.
Бір қызығы, қанша жерден дала жұмысы десек те, шопанды бүгінде қаладан іздеу әдетке айналған. Газеттер мен телеарналар арқылы жарнама береді. Сол кезде малдың сырын бес саусақтай білетін жергілікті кәсіпкерлер емес, бастарында баспанасы жоқ, сырт жақтан көшіп келгендер хабарласады екен. Бірақ олар да ауылға барып, тұрақты жұмыс істеуге құлықсыз. Мәселен, қыс суық болды делік, көбісінің техникасы жоқтықтан шөп жеткіліксіз болып, шаруа қожалықтарының біразы дайындықсыз қалады. Нәтижесінде мал шығыны көп болады, мал саны кеміп кетеді. Бірақ, бұдан хабар алған біреу бар ма, оны еш жерде де көрсетпейді. «Өз қотырыңды өзің қасы» демекші, малмен отырған адам өз жағдайын өзі жасауға мәжбүр. Шаруа қожалығының иесі жауабын малшыдан алады.
– Малды молынан өсірер едік, бірақ тұрақты малшы табу қиын, – дейді «Мұрын» қожалығының иесі Айдар Кәукетаев. – Мен шопаныма 50 мың теңге жалақы төлеймін. Отбасы үшін ет-сүті тегін. Тек мал бағып келсе болды, түнде қораға кіргізіп, малға бас-көз болу өз мойнымда. Неге өзіңіз бақпайсыз дейсіз ғой. Мен малға жем-суын дайындап, қораны тазалап, одан қалса, мына жерде қосымша отырғызған көкөніс, картопты қарап, күні ұзын қожалықтың жұмысынан қолым тимейді. Ауыл жайын мүлдем білмейтін жоғары шенді шенеуніктер біз сияқты сырттағы алыс ауылдарға келмейді, келе қалған күннің өзінде орталыққа келеді, ірі шаруа қожалықтары басшыларымен әңгімелесіп кетеді.
Қожалық басшыларының пікірінше, атакәсіп – шопан мамандығын жоғары оқу орындарында оқыту керек. Малшылық дәстүрді мықты сақтаған көшпенділер елі едік. Өнімін өңдедік, одан түрлі киім-кешек пен тағам әзірледік. Малшылық кәсіп негіздеріне жататын, қазақша қой қырқу әдісі бар. Тіпті, қыстау, көктеу, жайлау, күздеу деген ұғымдар да осы малшылықтан қалыптасқан. Жоғары оқу орындарында техниктерді, механиктерді, ветеринарларды оқытып, тіпті, олар оқу оқып жүрген кезде малмен жұмыс істеуді үйренеді. Бірақ, малшы, шопан деген мамандық жоқ. Егер шопан болмаса, онда жоғарыда аталған ветеринар мамандығы не үшін керек, құс шаруашылығы үшін бе? Кез келген жергілікті билік ет, сүтті молайту қажет, ет-сүт кластерін жасаймыз дегенді алға қойған. Етті экспортқа шығарамыз деген жоба-жоспарлар жасалуда. Ал соның бәрін жүзеге асыратын малшы мен маман жайы бірде-бір рет айтылмайды. Ауыл шаруашылығы саласына да, малшыға да мән берілуі тиіс. Халқымыздың малшылық дәстүрін сақтап қалған жөн. Бірақ қазір қойды қазақ емес, неше жыл бас бостандығынан айырылып, еркіндікке шыққанда қоғамнан теперіш көріп, жұмыс таба алмай жүрген өзге ұлт өкілдері бағуда. Жасыратын несі бар, кеңестік кезеңде шопандар КСРО Жоғарғы Кеңесіне, Мәскеуге делегат болып кететін. Солардың бірі – Абай ауданы Арқат ауылының шопаны Болат Бағдатов ағамыз еді. Ол кісінің төл алудағы, қыстан жайлы шығып, мал басын көбейтудегі ерен еңбегі тарихта қалды. Бірақ, қазір депутат-қойшыны көрдіңіз бе? Малшының еңбегін ескеру, материалдық көтермелеу, марапаттау естен шығып барады. Ең мықтағанда, шаруа қожалығының басшысын, былайша айтқанда, меншік иесін ғана білеміз. Мал баққан адам елеусіз қала береді. Қазір құрметті орын мен атақтар шенеуніктер мен кәсіпкерлерден артылар емес. Қарапайым шопан, малшы назардан тыс қалған. Осыдан кейін мал шаруашылығы өркендеп кетуі мүмкін бе?
– Кезінде ауылдар тарап, тарамаса да бір адамның қолына өтіп, әбден берекесі кетті, – дейді зейнеткер Мұхтар Маданов ақсақал. – Мал арзан бағаға жаппай сатылып, көптеген малшылардың әулеті жан-жаққа бытырап кетті. Қалаға көшкені саудаға, не басқа тірлікке айналып, қайтадан атакәсіпке бұрыла алмады. Ал мал бағып жүргендерінің күйі де мәз емес, жалақысы мардымсыз. 30-40 мың теңге төңірегінде еңбекақы алады. Жоғары жалақы беретіндер бар, бірақ аз. Оны реттейтін мемлекеттік орган жоқ. Бүкіл жағдайы меншік иесіне тәуелді. Ауылшаруашылық басқармалары малшы жағдайымен айналыспаймыз, олар жекеменшік деген жауапты береді. Біреулер шопан тапшы болғаны жақсы, оларға берілетін жалақы да өсе түседі, қожалық басшысымен келісімшарт жасап, содан қомақты жалақыға қызығушылық артады дегенді айтады. Әлеуметтік жағдайы заңмен қорғалмайтынын білген соң, малшы өз жұмысын қайдан тұрақтап істесін.
Ол рас, малшы жағдайы меншік иесімен арадағы келісімге байланысты. Бірақ, қазірде келісімдер көбіне ауызша, келісілген жайттар орындалмай да жатады. Ең қиыны, зейнетақы қорына ақша аудармайтындар көп. Осыдан келіп шопан қартайғанда зейнетақысыз қалады. Былайша қарағанда, кез келген еңбек адамы тәрізді оның мүддесін еңбек, кәсіподақ, құқық қорғау органдары қорғауы тиіс. Бірақ, қыс қыстауда, жаз жайлауда жүріп, мал бағудан қолы тимейтін малшының қасында ондай кеңселер қайдан болсын. Оның үстіне қазақ-жалқау халық, қолынан мал бағу ғана келеді деген ұғымды шығарып алғандар біздің халқымыздың дәстүрін бұзғандар. Мал бағудан басқа кәсіп жақсы да, шопан болу тек жалқау халықтікі деген надандық. Малшылық — ата кәсіп. Қазақтың кең даласы тұрғанда, жесең ет, кисең киім мал баққанның несі айып, қайта бұл нағыз елеулі, ерлікке толы еңбек емес пе?!
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.
Шығыс Қазақстан облысы.