• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Қаңтар, 2015

Ұрпаққа – аманат, бұрмалау – қиянат

994 рет
көрсетілді

Еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны – қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «1928 жылы Алматы қаласында алғаш рет «Қазақ мемлекеттік университеті» болып ашылып, 1930 жылы Қазақ педагогикалық институты болып өзгерген, 1935 жылдан Абай есімі берілген». Алайда, оқу орнының бастау тарихы, оның түп-төркіні біз айтып жүрген­дегіден тым әріден, сонау 1918 жылдан бастау алатынын бүгінде жұрттың көпшілігі біле бермейтіндей. Алғашқы қазақ жоғары оқу орнының өсу жолы 1918 жылы Ташкентте басталғаны туралы 1920-30-жылдарда Ташкенттегі Орта Азия университетінде оқыған әкем Өрісбай Сманұлынан және оның досы, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, 1930 жылдары Ташкенттің К.Маркс атындағы Қазақ педагогикалық техникумының оқу ісі меңгерушісі қызметінде жүрген жерінде сталиндік қуғын-сүргінге ілігіп, Магадандағы Амур өзенінің Охот теңізіне құятын сағасындағы Декастри деген жерде саяси тұтқындар лагерінде болған Қалмақан Оспановтан естіген болатынмын. Бұл туралы 1989-90-шы жылдары Қазақ радиосының «Қаламгер» әде­би хабарлар редакциясынан «Өмір сабақ­тары», «Ахмет және Міржақып» атты радиохабарларда айтып, кейіннен бұл материал «Шалқар» газетінің 1990 жылдың 18 мамырындағы санында  арнайы мақала ретінде жарияланып еді. Сол мақалада 1920 жылдардың басында Ташкенттегі қазақ зиялылары көбіне Казинпростың (Қазақ ағарту институтының) директоры Сегізбай Айзұновтың үйінде жиі бас қосып, ұлттық оқу-ағарту ісінің болашағы туралы ұзақ-ұзақ ой толғайтындары айтылған болатын. Естуім бойынша, ол кезде педагогикалық жоғары оқу орындары студенттері педагогикалық тәжірибеден өткенде қазіргідей әр мектепті сағалап жүрмей, институттың үлгі-тәжірибе көрсету мектептерінде болады екен. Қалмақан Оспанов Сегізбайдың інісі Әдішпен (шын аты – Әділ) 6-7 сыныптарда сонда бірге оқығанын, бір партада отырғанын айтатын. Кейіннен Әдекең Қызылорда облыстық халық ағарту бөлімін басқарды. Ол тұста үлгі-тәжірибе мектебінің меңгерушісі Орынбор мұғалімдер семинариясының түлегі, Ақмола губерниясындағы Айыр­тау елді мекенінің қазағы Әбділда Байтасов болыпты. Қазақ тілінен Елдос Омаров, әдебиеттен Мағжан Жұмабаев сабақ беріпті. «Сол жылдары Сегізбай ағайдың үйіне Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Иса Тоқтыбаев, Қошке Кемеңгеров, Халел Досмұхаммедов, Темірбек Жүргенов, Иса Қашқынбаев, Смайыл Сәдірмеков, Ыбырайым Көті­баров секілді Алаш зиялылары жиі ке­летін, олардың өнегелі істері, сөз сөйлеу мәнері мен сөздерінің мәнді­лігі, жарасты әзіл-қалжыңдары биік мәдениеттілікті танытатын еді», – деген еді маған Қал­ма­қан Оспанов ағай өз естелігінде. «Шал­қарда» жарияланған мақаланы оқыған Гүлнар Дулатова, Шолпан Байтұрсынова апайлар телефон шалып, ризалықтарын білдіргені бар. Бұл тарихи жайттарды соңғы жылдары сол замандардың көрнекті өкілдері, Казинпростың алғашқы ұстаздарының балалары, бүгінде 90 жасқа толып отырған Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, академик Шора Шам­ғалиұлы Сарыбаев пен көрнекті ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор Дәулет Мұхамед­жан­ұлы Тыныш­баев сынды зиялы аға­лары­мыз­дан да ес­тіп жүрміз. Сондай-ақ, «Егемен Қа­зақ­­стан» газетінде «Міне, жаңал­ық!» ай­­дарымен жарық көрген жур­налист Жақ­с­ы­бай Самраттың «Қазақ­тың тұң­ғыш жоғары оқу орны» (29 тамыз, 2007 ж.) ат­ты мақаласы ой қоз­ғауға түрткі болға­нын атап айтқаным орынды болар. Мұндайда ұлы қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Аспанда құдай, жерде мұрағат куә» деген сөзі жиі еске түсе­ді. Мұны Ташкенттегі мұра­ғат мәлі­меттері мен жәдігерлері жинақ­тал­ған «Ташкенттегі тұңғыш қазақ инс­титуты» (Первый казахский институт в Ташкенте: сборник документов и материалов) атты Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығы тарапынан (2005ж.) шы­ғарылған кітап та айғақтайды. Бұл ең­бекті тарих ғылымдарының докторы, пр­офессор Сейдуәлі Тілеуқұлов бас­­та­ған бір топ ташкенттік тарихшы-ға­лым­­дар құрастырған. Олар қазақтың ал­­­ғашқы педагогикалық жоғары оқу орны­­­ның негізі 1918 жылы 18 қарашада Таш­­­кентте қаланғанын, ол 1928 жылы Ал­­­матыға көшірілгенін мұрағат құжат­тары мен ресми деректерге сүйен­е оты­­рып, толығымен дәлелдейді. Бұл – қазір­гі қа­рашаңырақ жоғары оқу орны­мыз – Абай атындағы Қазақ ұлттық пе­да­­гогикалық универ­ситеті­нің қайнар бас­­тауы еді. Мұны көп жұрт біле бермес. Білім ордасының тарихын тек Ал­ма­ты­дағы кезеңінен, 1928 жылдан ғана бастайтынымыз содан шығар. Мұның екі түрлі себебі болуы мүмкін. Оның біріншісі – 1928 жылға дейін Ташкент қаласында оқу орнын ашуға қатысқан азаматтардың барлығын дерлік кеңес өкіметі «халық жауы» атандырып, көздерін жойып жіберді. Тіпті халық үшін жанын қиған асылдарымыздың ардақты аттарын да ататпады. «Қызыл билік» ел қамы, халқының бақытты болашағы үшін аянбай еңбек еткен, маңдай терін төккен сол Алаш арыстарының еңбегі мен есімдерін халық жадынан біржолата өшіру саясатын ұстанды. Және сол мақсаттарына жету жолында небір қараулықтарға барды. Мәселен, Кеңес өкіметі Ташкенттегі алғашқы қазақ оқу орнын ашуға белсене атсалысқан Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Темірбек Жүргенов секілді мемлекет және қоғам қайраткерлерімен қатар, осы оқу орнында қызмет еткен Иса Тоқтыбаев, Сегізбай Айзұнов, Дәлел Сәрсенов, Әбділда Байтасов, Шайхислам Бекжанов сияқты азаматтарды да қуғын-сүргінге ұшыратты. Институттың алғашқы ұйымдас­тырушыларының бірі – Иса Тоқтыбаев 1933-1936 жылдары қуғындалып, түрмеде отырады. Одан 1936 жылы В.Куйбышевтің көмегімен босап шығады. 1938 жылы екінші рет қамауға алынып, бұдан 1947 жылы елге әзер оралады. Ал 1949-1957 жылдары үшінші рет ұсталып, Красноярск өлкесіне тағы да жер аударылып, ол жақтан бертінде, 1957 жылы әрең ақталып келеді. Елге оралған соң, 1958-1964 жылдарда Қызылорда облыстық өлкетану мұражайының директоры қызметін атқарады. Ағартушылығымен қоса Ташкент қалалық депутаттар кеңесінің хатшысы, Халық ағарту комиссарының орынбасары, Түркістан Компартиясы Орталық Комитеті баспа бөлімінің меңгерушісі, «Ақжол», «Шолпан», «Сәуле», «Коммунист», «Сана», «Шаншар» секілді газет-журналдардың редакторы сынды жауапты қызметтер атқарған қайсар қайраткер 1967 жылы жетпіс үштен асқан шағында туған жерінде өмірден озады. Осынау жоғары білімді қазақ педагогтарын даярлау ісін алғаш ұйым­дастырған Алаш қайраткерлерін «алаш­ордашылар» деп өздерін де, жасаған игілікті істерін де кейінгі толқынға жет­кіз­бей өшіріп жіберген кеңестік шови­нистік саясат еді. Соның салдарынан бүгінгі ұрпақ қазақ жоғары оқу орнының тарихы 1918 жылы Ташкентте басталатынынан бейхабар болып қалды. «Қазақстанда тұңғыш жоғары оқу орны 1928 жылы ашылды» деп, оның алдындағы 10 жылды ескермей жүргеніміз де сондықтан. Айталық, «Қазақ кеңес энциклопедиясында»: «Қазақ педагогика институты» (Абай атындағы) – Қазақстанда алғаш құрылған жоғары оқу орны. 1928 жылы Алматыда Ташкент педагогика институтының негізінде құрылған», – деген жалаң ғана сілтеме-мәлімет берілсе, ал еліміз егемендік алғаннан кейін, 1998 жылы шыққан «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясында бұл жайт неге екені белгісіз, мүлде ауызға алынбайды. Бұл, әрине, тарих алдында үлкен қиянат. Бұл тарихтың айтылмауына екінші себеп – ол кезде барлық билік орындары Түркістан Республикасының астанасы Ташкентте болып, кең байтақ қазақ жерінің зиялыларының бәрі сонда шо­ғырланған болатын. Түркістан Респуб­ликасы тарағаннан кейін бұл тарих – өз­бек тарихы сияқтанып, Өзбекстан мұра­ғаттарында қалып қойды. Ол көп уақыт бойы іздеусіз, сұраусыз жатып қалды. Тек еліміздің Тәуелсіздігінің арқа­сын­да ғана мұндай ұлттық құнды­лық­тарымыздың қайнар көздері ашы­лып, зерттеле бастады. Бұл тарихи құндылықтарға біз жоғарыда ата­ған Ташкенттегі Низами атындағы педа­го­гикалық университеттің байырғы ұс­тазы, тарихшы-ғалым, профессор Сей­дуәлі Тілеуқұлов ағамыз тұңғыш рет түрен салды. Ол өзінің ұлы мен қызы – тарих ғылымдарының кандидаттары Гәуһарбек пен Гүлмира, өзге де ташкенттік тарихшы-ғалымдарды жұмылдырып, осы өзекті мәселені зерттеп, жарыққа шығарды. Кітапта келтірілген мұрағат дерек­теріне қарағанда, Қазан төңкері­сінен кейін құрылған Түркістан Кеңестік Автономиялық Республикасы (1918-1924 жж.) аймақты мекендеген қазақ, қырғыз, өзбек халықтарына қажетті әлеуметтік-рухани мәселелердің бірі әрі бірегейі – жергілікті жұрттың сауа­тын ашу, ол үшін маман-мұғалімдер даярлау жұмысын ең бірінші кезекте қолға алады. Міне, сөйтіп, Түркістан Кеңестік Автономиялық Республикасы халық ағарту комиссариаты алқасының шешімімен 1918 жылы 12 қарашада қазақ жастары үшін Өлкелік педаго­гикалық курстар ашылады. Бастауыш мектеп мұғалімдерін даярлайтын курсқа қабылданған 30 тыңдаушыға Ташкенттегі бұрынғы кадет корпусының ғимараты және жатақхана үшін сол кездегі Карл Маркс көшесіндегі 58-үй пайдалануға беріледі. Курс меңгерушісі болып Иса Тоқтыбаев тағайындалып, Садық Өтегенов, Хайретдин Болғанбаев, Сұлтанбек Қожанов, Райхан Лапина, Емберген Табынбаев, Жағыпар Лапин, Сара Есова, Шамғали Сарыбаев, Сегізбай Айзұнов, Қоңырқожа Қожықов, Әбдіәзиз Байсейітов мұғалімдік жұмыс­қа қабылданады. Қазақстан комсомолының алғаш­қы қайраткері Ғани Мұратбаев, Қазақ­станның халық әртісі Құрманбек Жан­дар­беков, араб-парсы тілдерінің маманы, белгілі қоғам қайраткері, профессор Лениншіл Рүстемовтің әкесі – көр­некті жур­налист, ақын Зиябек Рүс­темов, про­фессор Әуелбек Қоңырат­баев­тың ағасы – Әлібек Қоңырат­баев, туыс­қан қырғыз халқының мемлекет және қоғам қайраткерлері Қасым Ты­ныс­танов, Базарқұл Данияров, әйгілі қыр­ғыз жазушысы Қасы­малы Баялинов және басқалар осы педа­гоги­ка­лық курс­тың алғашқы шәкірттері бол­ады. Ілияс Жансүгіров 1928 жылы жаз­ған өмір­баянында 1920 жылы күзде Таш­­­кент­ке келгені жайлы айтып: «...Тәш­­­кен­де ал­ғаш қазақ институты ұйым­­дастырылған жыл екен. Оның жа­нын­дағы 2 жылдық оқытушылар да­йынд­айтын курсқа түстім. Қазақ ана тілін, орысша таңбаны сонда оқыдым. Қала­лы жерде, қайнаған оқулы-ордалы жер­де өмірімде болғаным сол. Театрды көргенім сол. Кейін өзіміз ойнадық. Жанақ ақын болып, колизейде өлең айтып, баламен айтыстым... Аз күннен соң оқи жүріп, «Ақжол» газетіне корректор болып кірдім. Мұратбайұлы Ғанидың ұйымдастыруымен «Жас Алаш» газетін шығардық», – деп жазды. Педагогикалық курс 1919 жылы шілдеде Өлкелік қазақ педаго­гикалық училищесіне айналып, 1920 жылдың 1 қазанынан – 4 негізгі, 3 дайындық сыныбы мен жанында үлгі-тәжірибе мектебі бар жоғары оқу орны дәрежесіндегі Өлкелік Қазақ ағарту институты болып қайта құрылады. РКП (б) ОК Орта Азия бюросының шешімімен ашылған бұл институт бірінші басқышты мектептер үшін арнаулы педагогикалық мамандар даяр­лаумен қатар, ел арасында мәдени-ағарту жұмыстарын жүргізумен де айналысады. Кейінгі оқу жылдарында білім ордасы жетіжылдық мектептердің жоғары сыныптары мен екінші бас­қыш мектептерге маман-педагогтар даяр­лауға көшеді. Институт жанындағы жетіжылдық үлгі-тәжірибе мектебінде оқу қазақ тілінде жүргізіледі. Орыс тілі оқу пәні ретінде ғана оқытылады. Ал институтта қазақ тілі мен әдебиетінен басқа пәндер орыс тілінде жүргізілген. Институт пен мектеп шәкірттері жатақ­ханадан орын алып, тамақпен, арнаулы киіммен қамтамасыз етілген. Оқу ордасында ол жылдары С.Өтегенов, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, С.Қожанов, И.Тоқтыбаев, М.Жұмабаев, Қ.Жаленов, Х.Болғанбаев, Е.Табынбаев, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, Д.Әділов, Д.Сәрсенов, Ш.Сарыбаев, т.б. дәріс оқыған. Ал үлгі-тәжірибе мектебін алғаш Шайхислам Бекжанов, кейін Ілияс Қабылов басқарады. Қазақтың біртуар ұлы, көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов Түркістан Республикасы Халық Комиссарлары арнайы Кеңесінің төрағасы қызметін атқарып тұрған кезінде институтқа тікелей өзі қамқорлық жасап, оқу орны оқытушыларын Халық комиссар­лары кеңесінің арнайы Өкімі­мен жұмысқа қабылдап отырғанын мұрағат құжаттары дәлелдейді. Алда айтқан құжат кітапта 1920 жылы 17 қыркүйекте ашылған институтта оқу сол жылы 1 қазаннан басталғаны, оқу жылы басында 224 шәкірт – соңында 202, ал 1921 жылғы оқу жылы басында 221 болып – жыл соңында 178 шәкірт қалғаны, оқытушылар құрамы 1920 жылы да, 1921 жылы да 33 адаммен қызмет еткені жайлы алынған деректер Өзбекстанның Орталық мемлекеттік мұрағатынан келтіріледі. Сондай ақ, Мәскеуде өтетін Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрме­сіне қазақтардың тұрмыс-тіршілігі мен этнографиясы бөлімі бойынша әнші ретінде институт шәкірті Құр­манбек Жандарбековті жіберу туралы 1923 жылы 11 шілдедегі Халел Досмұхамедовтің ұсынысы, оған Құрманбектің жазғы демалыстан шақырылғаны, сол көрмеге арасында Әмір Темірдің Түркістандағы Әзірет Сұлтан мешітіне берген сыйлық-грамотасы, Иса Тоқтыбаевтың «Түркі­стан­ның географиялық очеркі», Тұрар Рыс­құловтың «Жетісу мәселелері» атты орыс тіліндегі кітаптары мен өзге де 100 шақты әртүрлі кітаптар, құжаттар, материалдар жинағы жіберілгені, осыларды ұйымдастыру жұмысына Қазақ Ғылыми Кеңесінің мүшесі, Казинпрос оқытушысы Мағжан Жұмабаев белсене қатысқаны, одан оның Мәскеуге оқуға кеткені жөніндегі тарихи құжаттар көңіл аударады. 1937 жылы «ұлтшыл» деген жаламен қудаланған оқу орнының оқытушысы Шамғали Сарыбаев 1921 жылы Алматы қаласына ағарту инс­титутын ұйымдастыруға жіберіледі. Сол жылдарды еске алғанда қарт КазПИ-дің ұстазы былай деп жазады: «Мен 1921 жылы Ташкенттен Алматыға Қажым Басымовпен бірге Қазақ-қырғыз инпросын (ағарту институтын – Б.С.) ұйымдастыруға келдім. Отанымыз басынан кешірген түрлі соғыстардың зардабынан ел шаруасы қатты күйзеліп, ішкі-тысқы соғыста неше түрлі ақбандыларды жеңіп шықсақ та, материалдық жағынан өте нашар болдық. Осындай қиыншылық заманында Жетісу обкомы (Жұбаныш Бәрібаев) мен облисполкомының (Ораз Жандосов) тікелей жәрдемінің арқасында елден азық-түлік жинап, Алматы қаласында Жетісу қазақ-қырғыздары үшін инпрос аштық. Бұл – өз алдына айтылатын ағарту майданындағы елеулі әңгі­мелердің бірі» («Терме», №1, 1925 ж.). Ташкентте алдымен Өлкелік курс, одан педучилище, соңынан Казинпрос болып ашылған бұл институтта 1922 жылдың 1 қарашасынан бас­тап Қызылорда қазағы Сегізбай Айзұнов, 1925 жылдың 23 мамырынан 1926 жылдың шілдесіне дейін еліміздің шығысындағы Зайсан жерінің перзенті  Дәлел Сәрсенов директор болып басшылық етеді. 1926 жылдың 2 маусымында Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесі «Қазақ АКСР-інде жоғары оқу орнын ұйым­дастырудың қажеттігі туралы» қаулысы қабылданады. Соның негізінде Таш­кент­тегі ағарту институты «Қазақ педагоги­калық институты» мәртебесіне ие болады. Дәлел Сәрсеновтен кейін 1926 жылы 13 шілдеден бастап жаңа мәртебеге ие болған оқу орнының ректоры болып Темір­бек Жүргенов тағайындалады. Жаңа мазмұндағы жоғары педагоги­калық оқу орнының ашылуына арналған салтанатты жиналыста 1926 жылы 29 қазанда Қазақстанның сол кездегі Халық ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасов орыс тілінде терең мағыналы баяндама жасайды. Өз баяндамасында С.Сәдуақасов сол заманның қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық,  рухани-мәдени жағдай­ларына тоқтала келіп, халық ағарту, елге білім беру жайына терең талдау жасайды. «...Мен маған қайта-қайта қойылып жүрген сауалдарға дәл осы жерде жауап берейін деп тұрмын. Біз неге ең алдыңғы кезекте педагогикалық жоғары оқу орнын ашып отырмыз? Әрине, жалпы алғанда, бізге қандай да қызметкерлер қажет. Біз агрономдарға да, дәрігерлерге де, инженерлерге де және т.б. зәруміз. Алайда, қазіргі уақытта қазақтың еңбек­ші бұқарасы педагогтарға мұқтаж. Қазақ­стандағы сауатсыздық пайызы өте жоғары болып тұрған жағдайда біз­дің алды­мызға маңыздылығы аса зор мін­дет қойылып отыр, ол – жалпыға бір­дей білім беру жүйесін енгізу.  Біз жал­пы сауатсыздықты жоя алмай отыр­­ғаны­мызбен қоймай, тіпті мектеп жа­сындағы балалар мектептерін де жет­кілікті дәре­жеде қамтыған жоқпыз... Сондықтан да біз ең алдымен педа­го­ги­калық қызметкерлерді даярлауға тиіс­піз. Дәл осы себептен біз  алдыңғы кезекте Педагогикалық ЖОО ашып отырмыз. ...Біздің тарихи салтанатты мәж­ілі­­сі­міздің орыс тілінде ашылып отыр­ғаны­ның өзі көп жайды аңғартады. Бұл алдағы уақытта ЖОО-да біздің негізі­нен орыс тілін, нақтырақ айтқанда еуро­па­лықтардың ғылыми қуатын пай­далануымызға тура келетінін көрсетіп тұр. Бірақ бұл, әрине, біздің, қазақтардың ЖОО ашу деңгейіне әлі жетпей отырғаны деген сөз емес», – дейді ол баяндамасында (Смағұл Сәдуақасұлы. 3 томдық шығармалар жинағы. 3-том. – Астана: Нұра-Астана, 2013 – 107-117-бб.) 1927 жылы 23 наурызда республика Үкіметі оны Ташкенттен Алматыға көшіру туралы қаулы қабылдады. Міне, осы келтірілген деректерден кейінгі оқу орнының тарихы Алматыда жалғасады. Бұдан кейінгі тарих баршаға мәлім. Бақтияр СМАНОВ, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор. АЛМАТЫ.