Еліміз фосфорит кені қоры жағынан әлемде төртінші орында тұр. Естеріңізде болар, Кеңес Одағы кезінде Қаратау мен Жаңатас фосфор өнеркәсібінің маңызды орталығы болған. Мұнда жылына 11 миллион тонна фосфат өндіріліп, Одақты фосфор шикізатымен қамтамасыз етті. КСРО құлағаннан кейін қалыптасқан өндірістік байланыстар үзіліп, өткізу рыногы бұзылды. Зауыттар тоқтап, қалалар құлдырауға ұшырады. Өндірістің азаюымен қатар жоғары сапалы фосфат кендерінің көзі түгесілді. Кен қабаттарынан сапалы фосфат өндіру күрделене түсті. Ол үшін озық технология қажеттілігі туындаған. Ондай технология әлемдік ірі өндірушілерде ғана болды. Солардың қатарында «ЕуроХим» да бар. Сондықтан инвестор ретінде біздің компания мен игерілмеген мол қоры бар Қазақстан мүдделері сәйкес. Өткен жылы біздің өңірде «ЕуроХим» агрохимиялық компаниясы Қаратау бассейнінің бірқатар фосфорит кен орындарын игеру қызметіне белсене кірісіп кетті. Сонымен қатар, «ЕуроХим» Жаңатас қаласында өндірілген кенді өңдейтін химиялық кешен тұрғызуды жоспарлауда.
Біздің компания үшін Қазақстан – фосфат өндірісін дамытуда келешегі зор орын. Бір жағынан, ел табиғи ресурстарға бай, екіншіден, тыңайтқышты көп мөлшерде тұтынатын ауыл шаруашылығы бар. Ең маңыздысы, Қазақстан Үкіметі ауылшаруашылық өндірісі тиімділігін арттыруға ерекше назар аударады. Бұл біздің өнімімізге халықаралық нарықта ғана емес, Қазақстанда да сұраныс тұрақты болады деген сөз.
«ЕуроХимға» жұмыс істеуге қойылған шарттар технологиялық жағынан алғанда өте күрделі. Бұл жердегі кенді әдеттегі әдістермен өңдеу оңай емес. Біз Ресейде және басқа кәсіпорындарда күкірт қышқылын ыдырату әдісін қолданатынбыз. Сарысу ауданы аумағындағы кен құрамында магний мен басқа да қоспалардың жоғарылығы ол әдісті қолдануға мүмкіндік бермейді. Басқа технология керектігін түсіндік. Әлемдік тәжірибе талдауы, зертханалық сынақтар, әртүрлі нәтижелерді салыстыру, сараптамалық мақұлдама алу үшін күшейтілген зерттеу жүргізуге бір жарым жылдан астам уақыт кетті.
Біз жобалау институттарымен, АҚШ, Қытай, Еуропа, Израиль және басқа елдерде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындармен әртүрлі нұсқалар жасадық. Ақырында ең үйлесімді әрі түбірімен өзгертілген технология таптық. Фосфоритті тұз қышқылымен ажырату әдісін қолдануды шештік. Бұл кеннен магнийді ғана емес, басқа да қажетсіз қоспаларды алып тастап, жоғары концентратты өнім алуға мүмкіндік туғызады. Егер кен өңдеу циклін бірнеше сатыға бөлсек, қалдықсыз 90 пайызға дейін пайдалы өнім алуға да болады. Бірақ, ондай өндіріс үшін тұз қышқылы көп керек. Аралас технология рыногын да зерделеп, тұз қышқылы қосымша өнім, тіпті, қалдық болып саналатын өндірісті де таптық. Осылайша өндіріс үшін қажетті күкіртті оңай тауып, мәселе өз-өзінен шешілді. Қазақстанда жоғары күкіртті мұнай мен газды өңдеуде күкірт қалдық есебінде шығады. Сондықтан ол жеткілікті. Күкірт қоспасы – мұнай-газ кәсіпорындарында зиянды қалдық. Ал «ЕуроХим» сол қалдықты пайдаға асырады.
Күкірт өңдеуде көп мөлшерде электр қуаты және бу бөлінеді. Демек, болашақ зауыт қуат көзіне зәру болмайды. Шамалы газ керек. Бұл – шешілетін мәселе. Алдын ала есептеулер бойынша, химиялық кешен өндірілген электр қуатының артылғанын қалаға бере алады. Осы себептермен зауыт жобасын бірегей деп айтуға негіз бар. Осындай технологиялар жиынтығы шоғырланған өндіріс бүгінде әлемнің бірде-бір елінде жоқ. Нәтижесінде барлық технологиялық үдеріс газды аз тұтыну арқылы жүзеге асатын, шикізат рыногы тұрақты, қалдығы аз зауыт құрылымын жасадық.
Адамдар мен табиғат қауіпсіздігі біз үшін маңызды. Сондықтан өндіріс тәуекелін барынша болдырмау үшін бірқатар іс-шаралар қабылдадық. Химиялық кешен орналасатын орын Жаңатас қаласынан 22 шақырым жерде және қаламен ортаны тау бөліп жатыр. Қазір «ЕуроХим» онда кеніштен жол және электр желісін тартуда. Сондықтан адамдар мен жақын елді мекендерге ешқандай қауіп-қатер жоқ.
Тағы бір мәселе – су және зауыттың оны тұтынуы. Бұл – өте маңызды. Аймақ суға онша бай емес, сондықтан оған ұқыпты болу керек. Әу баста зауыт суды барынша аз тұтынуға есептеліп жобаланған. Ендеше, оның жұмысы су ресурстарының азаюына еш әсер етпейді. «ЕуроХимға» екі ұңғы бөлінген, бұл қажеттілікке толық жетіп жатыр. Кәсіпорында суды барынша тазалау технологиясы қолданылып, ол өндіріске қайта айналымға жіберіледі. Су тұйықталу, яғни айналма циклімен пайдаланылады, шығын буланудан ғана. Бұл технология Еуропа мен Американың алдыңғы қатарлы кәсіпорындарында пайдаланылып жүр. Ол қоршаған ортаға ғана емес, өзімізге де тиімді.
Тағы бір айтары, «ЕуроХим» жаңа қызметкерлерді жергілікті мамандардан жасақтауға тырысуда. Лайықты жалақысы бар жұмыс орнын ашу және қызметкерлерді жаңа мамандықтарға оқыту – компанияның әлеуметтік жауапкершілігі. Біз бұл міндетті түсінеміз. Біздікі секілді жоғары технологиялық өндірісте жұмыс істеу байыпты дайындық деңгейін, сондай-ақ, үнемі үйрену қабілетін, жаңа дағдыларды қалыптастыруды, заманауи құрал-жабдықтар мен техниканы игеруді талап етеді. «ЕуроХим» кәсіпорынды жергілікті кадрлармен барынша қамтамасыз ету үшін өндіріске аса қажетті мамандықтарға оқыту және қайта даярлау мәселесінде Жаңатас қаласының №5 колледжімен тығыз байланыста болады. Сондай-ақ, аймақта экономикалық жағдайдың жақсаруы арқасында бұрын жұмыс жоқтығы салдарынан көшіп кеткен қала тұрғындарының қайта орала бастағанына біз де қуаныштымыз. Олардың көпшілігі – жақсы мамандар. Біз оларды қатарымызға қабылдауға мүдделіміз.
Біздің мемлекетпен келісілген жұмыс шарттарымыз бойынша «ЕуроХим» 25 жыл ішінде аймақта әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына 40 миллион доллар салатын болады. Компания 2013-2014 жылдары тұрғын үйлерді, балабақшалар мен мектептерді, балалар лагеріне баратын жолды жөндеуге 10 миллион доллар бөліп те үлгерді. Компания қаржысына 240 пәтерлі екі көпқабатты үй қалпына келтіріліп, оларға жылу және су жүйелері тартылды, аулалары абаттандырылды.
Жаңатас қаласында табиғи газ жоқ. «ЕуроХим» бастамасымен республика Үкіметі газ құбырын жүргізуге қаулы қабылдап та қойды. Жобалау биылғы жылы басталады. Құрылыс мерзімі – үш жыл. Сондай-ақ, біз Жаңатастан Түркістанға теміржол желісін тартуға ұсыныс жасадық. Адамдар азық-түлік, басқа да тұтыну тауарларын алуға кедергісіз барып-қайтуы үшін Шымкентпен арадағы автожолды жөндеу де жоспарда бар.
Дмитрий ВАЛЫШЕВ,
«ЕуроХим-Қаратау» ЖШС
бас директоры.
Жамбыл облысы.