Бұрынғы талай сайлаудың да куәсімін. Онда да толқығанмын, тебіренгенмін. Ал бұл жолғы сайлаудың жөні мүлде бөлектеу болды. Таң сәріден тайлы-таяғымен сайлау учаскелерінде кезекке тұрған жұртшылықты жетелеген не құдірет?! Меніңше, оларды жетелеген – болашаққа деген сенім. Бейбіт күнге, береке-бірлікке, ынтымақты тірлікке деген толассыз үміт. Жүрегіме ұялаған осы бір сенім мені де таңсәріден сайлау орнына жетеледі. Дауыс қағазын қолыма ұстап тұрып, Елбасы басқарып отырған еліміздің өткен жолын көз алдымнан өткізгендей болдым. Айтып тауыса алмас жетістіктердің бәрі Президент ұйыстырған жеңістердің жемісі. Басқасын қоя тұрып, көп қасіретті басынан өткізген қазақ тілінің өзінің еңселі биігіне көтеріле түсуіне жасаған перзенттік еңбегінің өзі неге тұрады.
Елбасының ел басқарудағы айрықша таланты мен еңбекқорлығына елдің көзі әбден жеткен. Сондықтан да ел өзінің болашағын он ойлап, жүз толғап барып, Нұрсұлтан Әбішұлының қолына күмәнсіз тапсырып отыр. Қазақтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтар да Елбасына қалтқысыз сенетінін танытты. Әрдайым аман болғанын тіледі.
Ана тілін өзінің ар-ұятына балайтын Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының миллионға тарта мүшесінің де тілегі осы.
Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,
Халықаралық «Қазақ тілі»
қоғамының президенті, академик.