• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Қазан, 2024

Көптен күткен көпір

63 рет
көрсетілді

Жетісуда өзендер мен суару каналдары ауылдың іргесінен өтетіндіктен, халық арнайы көпірмен қатынайды. Қалаға, болмаса аудан орталығына баруға жүк көлігі жүретін берік құрылыс нысаны қажет. Осы ретте Сарқан ауданындағы Лепсі өзенінің, Қаратал ауданындағы суару каналының үстінен өтетін жолға жаңа көпірлер салынады. Апатты өткелдерді жаңартуды жетісулықтар көптен күтіп жүрген еді.

Қаншама жылдан бері ха­лық­­тың уайымына айналған ескі көпір жөндеуге келмейді. Орнына жаңа нысан салынбаса, жаң­ғыртқанмен кейін бәрібір істен шығатыны анық. Мемлекет бас­шысының Жетісу облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмасының бірі облыстық маңызы бар автомобиль жолының бойында орналасқан 15 аппаттық көпірді қалпына келтіру болатын. Осы ретте облыс әкімдігі жаңа құрылыстың жобалық-сме­та­лық құжаттамасын әзірлеп, мем­лекеттік сараптаманың оң қо­ры­тын­дысын алды.

«Өткен жылы Ескелді ауда­ны­ның Бақтыбай, Кербұлақ ауданының Майтөбе, Көксу ауданының Жарлыөзек ауылдарында үш көпір салынып, қолданысқа берілді. Ал Сарқан мен Қаратал аудандарында тағы екеуінің құрылысы биылғы жыл­дың қараша айының соңына дейін аяқталады. Қалған онының құрылысы 2025 жылы басталады», дейді Жетісу облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бас­шысының орынбасары Айдос Досжанов.

Осыдан бірер жыл бұрын Мұқан Төлебаев ауылының тұр­ғын­дары көпір салу мәселесін облыс әкімімен болған кездесуде көтерген еді. Бұл – Мұқан Төлебаев, Шұбартүбек, Үлгі елді мекендерін орталықпен жалғастырып тұрған маңызды өткел. Оған қоса ауыл ба­лалары мектепке осы көпір ар­қылы барады. Сол себепті де нысанның әлеуметтік маңызы бас­ты назарға алынған.

«Бұл көпір бізді басқа ауыл­­­­­дармен, орталықпен бай­­­ланыс­ты­рады. Көпір арқылы көр­­шілес Шұбартүбек ауылының балалары біздің ауылға мектепке оқуға келеді. Сондықтан бұл – аса маңызды құрылыс. Қаншама жылдан бері ескіріп тұр. Қайта салатынына көңі­ліміз марқайып қалды», деді Мұқан Төлебаев ауылының тұрғыны Берікбол Шалтаев.

Өңір әкімінің баспасөз қыз­метінің мәліметінше, аталған көпірде жарықтандыру мен жаяу жүргінші жолы қарастырылған. Қазір құрылыс алаңында 25 маман, 13 техника жұмыс істеп жүр. Сол сияқты Қаратал ауданындағы Көкдала ауылында суару каналынан өтетін жаңа көпір салынып жатыр. Ұзындығы 45 метр болатын өткелдің құрылысы 2023 жылы басталған, бүгінде аяқталуға жақын, қосымша ескі көпірді бұзу жұмыстары жүріп жатыр.

 

Жетісу облысы