• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
29 Қаңтар, 2015

Оралу

342 рет
көрсетілді

Ғалым, аудармашы С.Құспановтың оқырмандар қолына көп жылдардан кейін барып тиген кітабы туралы сыр Дарынды әдебиетші-ғалым, сыншы, аудармашы Сайфулла Құспановтың «Аударма құнары – Душа перевода» еңбектер жи­нағының жарыққа шығуы еліміздің гуманитарлық ғы­лым­дар саласындағы елеулі оқиға. Әсіресе, бұл әдеби сынмен бүгінге дейін күн тәртібіндегі өзекті болып отырған аударма саласы үшін айтары мол, құнарлы еңбек. Сондай-ақ, ол елу жасқа да толмай, арамыздан ерте кеткен ға­лымға ескерт­­кіш. Сайфулла ағамыз еңбек жолын ұстаздықтан бастаған. 1950 жылы әскер қатарына шақырылып, одан кейін әскери авиациялық-техникалық училищені аяқтап, біраз жылдар сонау Сахалинде еңбек етті. Бірақ, әдебиетке, білімге деген құштарлығы жеңіп, Алматыдағы Абай атындағы ҚазПИ-де орыс тілі мен әдебиеті және тарих мамандығын игерді. Оның содан былайғы өмірі гу­манитарлық ғылыммен, әдебиет сыны, оқытушылық, аударма ісімен тікелей байланысты болды. Үздіксіз ізденістер нәтижесінде академик Қажым Жұмалиевтің жетекшілігімен «Абай поэзиясын орыс тіліне аудару» тақырыбында кандидаттық диссертация қор­ғады. Екі халықтың әдеби, рухани өміріндегі маңызы талассыз, өзекті мәні бар осынау ауқымды да күрделі тақырыпты ғалымның бүкіл жан дүниесімен беріле, тынбай зерттегені, тереңдей бой­лағаны диссертацияда айқын аңғарылады. Қолымыздағы «Аударма құнары – Душа перевода» кіта­бының қомақты бөлігін ав­тор­дың аталған та­қырыптағы ең­бегі құрайды. Зерт­теуші-ға­лым қа­зақ­тың кемеңгер ақы­­ны Абай шы­ғар­­мала­рының 1936-1958 жыл­дар ара­лығында орыс тіліне ауда­рылған: Абай Кунанбаев. Из­бранные стихи, 1936; Абай Ку­нанбаев. Лирика и поэмы, 1940; Абай Кунанбаев. Избранное, 1945; Абай Кунанбаев. Избранное, 1951; Абай Кунанбаев. Собрание сочинений в одном томе, 1954; Абай (Ибрагим) Кунан­баев. Избранное, 1958 г. – ба­сылымдары негізінде Абай туындыларының орыс тіліне аударылуына мағыналық, көр­кемдік, стилистикалық, әрине, са­палық тұрғыдан талдау жасайды. Екі тілді жетік меңгерген ғалым-зерттеуші С.Құспанов қа­зақтың бас ақынының қай­таланбас, ұлы туындыларының аталған алты бірдей басылымда жарық көрген өлеңдердің орыс тіліндегі аудармасындағы сын көтермейтін деңгейін шегіне жеткізе дәлелдейді. Әлбетте, мұндай биік талаптың үдесінен шығу үшін, ең алдымен зерттеу тақырыбын барынша жан-жақты меңгеру қажет. Осы тұр­ғыда С.Құспанов ұлы Абай шы­ғар­машылығын қысқа саналы ғұмырында терең де мұқият зерде­легені аңғарылады. «К общему нашему сожалению, – дейді Сайфулла ағамыз айқын мысалдар негізінде бұлтартпас дә­лел­дерін алға тарта отырып: – Абай еще не заговорил на русском языке так, как он говорит на родном... В результате русский читатель еще не знает подлинной поэзии казахского классика». Сөйтеді де отыз бес жыл бойы Абайды аударып жүрген жиырма-отыз ақын... Бродский, Штейнберг, Карабан, Шифферс, Липскеров, Глоба, тағысын-та­ғылар... Осылардың қайсысы сонау Шыңғыс тауына барып Абаймен ауыл-үй болып отыруға жарайды деген талассыз пікірін білдіреді. Ғалымның бұл тұжырымының әділ, анық екендігін оның ғылыми еңбегінің өн бойынан көз жеткіземіз. Зерт­теуші өз жұмысында мұндай сәтсіздіктің бірнеше нақты себеп­терін ашып көрсетеді, оның ең бастысы, әрине, аударманың түпнұсқа тілден тікелей жасалмауында, тілдің тұнығына бойлай білмеуінде деп біледі. Мінеки, аударма ісіне асқан жауап­кершілікпен қараған қалам­гердің өзі орыс тіліне қа­зақ­­тың классик жазушысы Ғ.Мүсіреповтен аударған бірнеше әңгімелері жинаққа енгізілген екен. Әйгілі қаламгердің қол­таңбасын айқындайтын шағын да, жинақы, ғажап мазмұнды әңгімелері арнайы таңдап алын­ғаны байқалады. Олар ядролық бомбалардан азап шеккен жапон халқының қасіретін баяндайтын эссе-топтама; бүркітшінің қолында ұсталып, ақыры азат­тығын аңсап, өзінің табиғи стихиясына оралған қыран мінезі жайында; қасқырды атамыз деп отырып, құралайды атып алған сәтсіз аңшылықтың өкінішті салдарын баяндайтын; қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтағы адамдар мінезінің ерекшелігін көрсететін шағын хикая; соң­ғысы сталиндік репрессия жыл­дарының трагедиясын бір отбасының қайғылы тағдыры арқылы жеткізген дүние. Барлығы – бес әңгіме. Ғ.Мүсіреповтей сөз зергерінің тақырыптары әр­түрлі бола тұра, идеялары ортақ, өзектілігі ескірмейтін клас­си­ка­лық әңгімелерін орыс тілді ауди­торияға қаз-қалпында жеткізе алған аудармашының өзінің де қалам шеберлігіне көз жеткізесің. Бұл орайда, ке­меңгер Ғабаңның іні әріптестіне «Құспанов жолдасқа» деп өз қолымен жазған хаты шығар­машылық аманатының белгісі болып танылады. С.Құспановтың талантты ғалым, шебер аудармашы, жүй­­рік қалам иесі екендігін толық дәлелдейтін үлкен де ұла­ғатты еңбегі – «Әдеби жанрлар» атты орыстың ұлы сыншысы В.Г.Белинскийден аудармасы. Академик Қажым Жұ­ма­­лиевтің өзі анықтағандай: «Бе­линскийді аудару – өте қиын. Еңбектерінің аударуға қиындығы оның логи­калық күштілігінде.., аспанның астындағы әдебиеттерге түгел дерлік сілтеу жасап.., өзінің айтайын деген ой-пікірлерін тіл жетпес көркем образдарға бөлеп нақыштап беруінде. Мұндай қиындықтарды игеру үшін екі тілді де жақсы біліп, екеуінің де көркем қасиеттерін ұғатын табиғи қабілеті бар болуы шарт. Онсыз Белинскийдің шығармалары тәрізді кемеңгер ойдан туған, әрі ғылыми, әрі көркем, әрі ағыл-тегіл фактыларға құрылған данышпандық туындыны екінші тілге аудару мүмкін емес. Егер біз аудармашыға осы тұрғыдан келсек, ол аталған шарттарға жауап бере аларлық дәрежеге көтеріле алған адам деуге болады», – деп бел шәкіртінің атаулы еңбегі туралы толғана жазады. Енді бұл ауқымды еңбектен бір-екілі үзінді келтірсек: «Валь­тер Скоттың көптеген кейіп­керлері шығармадағы барлық әрекеттің түп қазығы, тоғысқан нүктесі болып тұрады, әйтсе де оларда оқушының бар ынтасын сол қазыққа байлап тастар­лықтай кесек қылық жоқ», немесе «Гамлетті өшіктіріп, кек деген жалғыз сезімге бөлеп, сол ниетті тезірек іске асыру үшін итермелеудің орнына, шыдамсыз, тағатсыз, болмауды талап етті, өзіңе өзің үңіліп көр деді, өмір мен өлім, мезгіл мен меже, міндет пен мардымсыздық туралы ой туғызды, өзің кімсің дегізді, өзінің татымсыздығы мен дәрменсіздігін аңғартты, өзі­не деген жеккөрушілік, жире­нушілік сезімді оятты», мінеки, стильдік, мағыналық, логикалық жағынан өте жоғары деңгейде жинақы да жұмыр, қазақ әдеби тілінің тұп-тұнық тамаша үлгісін таныта отырып, мүлтіксіз ауда­рылған осы жолдардан С.Құс­пановтың ерен еңбегінің биік деңгейін аңғару қиын емес. Демек, аталмыш аударманың аузы дуалы академиктің көңіл төрінде болуы – бұл еңбектің ұлт­тық әдебиетіміздегі құбы­лысты дүние деп атауға толық мүмкіндік береді. Мұхтар КӘРІБАЙ.
Соңғы жаңалықтар