• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 25 Қазан, 2024

Ұлт санасы сілкінген күн

478 рет
көрсетілді

Ұлттың ұлы мерекесі Республика күнін қарсы алған сайын толқитыным рас. Өйткені бұл – мен үшін ерекше күн!

Осыдан 34 жыл бұрынғы тарихи сәт-сағаттар есіме түседі.

Сол кездегі Қазақ елінің астанасы – Алматының қақ төріндегі ескі үкімет үйінде нағыз демократиялық үлгідегі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі ХІІ шақырылымының кезекті сессиясы аса тартысты жағдайда өтіп еді… Құрамы еліміздің түкпір-түкпірінен баламалы негізде сайланып келген 360 халық депутатынан тұратын Жоғарғы Кеңестің кең залы қайшыласқан пікірлер­дің қым-қуыт додасына айналған. Күн тәртібінде жалғыз мәселе тұрды. Еге­мендік декларациясын талқы­лау! Арада 34 жыл өткенімен, қазан айы­­ның сол күнгі қара суығымен жаға­ласып өткен қызуы қалың додалы жиынның әр сәті көз алдымда… Аты референ­дум болғанымен, заты конституция­лық заңға пара-пар деңгейде өткен тарихи құжат­ты талқылауда декларация­ның әр та­рауы, әр бабы қызу талқыға түсіп, пікір­­сайыс­ тұтас бір күнге созылды. Сайысқа ел Президенті де, Төраға да, Үкі­мет мүшелері де, сая­си партиялардың жетекшілері де, қыс­қасы дамудың жаңа жолына бағыт түзеген жаңа, жас мемлекет тағдырына алаңдаған сергек ойлы, көзі ашық, көкірегі ояу азамат­тардың біразы қатысты. Қазақ юриспруденциясының көшін баста­ған академик Салық Зимановтың сағат­тап мінберде тапжылмай тұрып, тарихи құжаттың әр бабын қалай қорғағаны, сұрақтарға қалай жауап бергені жадымда. Жасы жетпістің ішіндегі, екі тілде тең сөйлейтін Салық ағаның сол күнгі кескінін көріп отырып, жалғыз мен емес, күллі залдың сүйініп, сүйсінгенін ұмыта алмаймын. Сол күнгі ой мен сөздің сайысына түсіп, ел намысын қорғаған әр депутатқа алғыс айтамын! Егер… Сол сәт ұлт ойы мен қоғамдық пікірдің қара көрігін үрлейтін зия­лы топ табандылық пен бірлік таныта алмаған жағдайда ел дамуы­ның бағыты қалай болары белгісіз еді. Өйткені, республиканың саяси билігі мен жерінің бір тұтасты­ғын, өз ішкі күштері мен сыртқы қор­ғаныс күштерін қалыптастыру, ел егемендігін түбегейлі бекіту үшін сол кездегі әлі іргесі сөгіле қоймаған кеңес одағының шексіз билігін шектеу бағытында батыл шешімдерге бару – Егемендік декларациясының алтын өзегі болды. Одақтық заңдар мен құжаттардан гөрі республика заң­дары мен мемле­кет­тік құжаттары­на басымдық беру қарастырылған. Тілдің мемлекеттік мәртебесін күшей­ту туралы ұсыныстар айтылды. Империялық елдің тарихында одақтас республикалар ішінен алғашқылар қатарында айтылған мұндай батыл саяси мәлімдеме Орта­лыққа ұнаған жоқ. Сондықтан Мәскеу мұндай өз билігін әлсіретер тәуелсізденудің бағыты мен бағда­рын ұсынған құжатты тұншықтыру­дың жолын іздеді. Мүмкіндігінше Қазақстан секілді құйқалы жұртты тұқыртып ұстап, үш ғасырдан бері бодандық қамытына біржола үйренген елдің тізгінін өз қолына бермеуге тырысып бақты… 1990 жылдың көктемінен бастап әр алуан саяси топтардың «адастыруға» ты­рыс­қан әрекеттеріне Қазақстанның Егемендік декларация­сын әзірлеген аса сауатты мамандар бойын да, ойын да алдырмады. Қазан айының 25-інде Республика Парламентінде болған айтулы талқылаудың сегіз сағатқа созылуы – осы сөзіміздің айғағы! Ұлт санасын сілкіген сол күндер есіме түскен сайын, елдің тәуелсіздігі мен ұлттық мемлекет болып іргесінің бе­куіне жол ашқан, болашағымызды айқындап, аласапыран дәуірлер дауылынан аман шығудың алғышарттарын белгілеп берген, еліміздің егемен­дігі мен мемлекеттік тәуелсіздігіне іргетас қалаған дәуірлік заңдары­мыз бен рефор­маларымызға бас­тау болған Егемен­дік декларация­сы – жаңа дәуірдің тамырын тап басып ұстауға мүм­кіндік туғызған азаттықтың бойтұмары.

Ел тарихындағы Респуб­лика күні –  ұлт санасын сілкіген ұлыстың ұлы күні.

 

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

«Отан» орденінің иегері,

Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі XII шақырылымының депутаты