• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
29 Қаңтар, 2015

Ізгілік нұры

343 рет
көрсетілді

Абықан Аманбайұлы әке жолын қуған азаматтардың бірі болып қалыптасты. Ол еліміз экономикасының дамуына сүбелі үлес қосты. Алматы мал дәрігерлік институтын қызыл дипломмен бітірген соң, еңбек жолын Шелек ауда­ны, Масақ ауылында мал дәрігерліктен бастады. Ерен еңбегімен ерте танылған Абықанға облыста жаңадан ашылған шаруашылыққа басшы болу ұсынылады. Жас жігіт мұны өзіне деген құрмет деп түсінді. Абықан Аманбайұлының ұзақ жылғы еңбегі Түрген ауылын көркейтуге арналды. Ол эко­но­микалық мәселелермен бірге, ауыл­дағы этносаралық келісім мен татулықтың шайқалмауына сергек қарады. Өйткені, облыста қанша ұлт пен ұлыс болса, Түргенде де солардың соншама өкілдері тұрады. Сондықтан ешкімді алаламай, барлық этностың теңдігін, татулығын жарастыру жолдарын іздеді, олардың мәдениетін, салт-дәстүрін дамытуды ойластырды. Сол үрдіс кейін де, бүгін де өз нәтижесін көрсетіп келеді. Абықан ағаның өмір жолына зер салатын болсақ, ол ауыл шаруашылығын дамытумен бірге, ауданда, ауылда білім саласын дамытуға да өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Оның еңбегі Үкімет тарапынан да, халық тарапынан да аталып өтілді. «Құрмет Белгісі» орденімен, бірнеше медальмен наг­радталды. Абықан Жексенбеков – Түрген ауылының құрметті азаматы. Өмірінің соңғы жылдары киелі Түрген ауылының әкімі қызметін атқарды. Ол егемендіктің алғашқы жыл­дары қазақ тілі мәртебесін көтеруге, қазақ мектептерін ашуға белсене атсалысты. Түргенде орыс тілінде екі мектеп бар еді. Қазақ мектебі болмаған. Ауылдың тарихында мұнда қазақ мектебі болмаған екен. Осыған белсене араласты. Сөйтіп, Түргендегі Ильич атындағы мектептің атын өзгертіп, оны мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімін беруді қолға алды. Соның арқасында мектеп те, көше де Д.Қонаевтың атын иемденді. Білім беру ісінің дамуына қосқан үлесі үшін ол «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің озат қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Оның бойында адамға деген жақсылық, сүйіспеншілік, өз мүддесінен бұрын халық ісін бірінші кезекке қоятын нағыз азаматтығы, туған елі мен жеріне деген сүйіспеншілік сезімдері жоғары болды. Абықан Аманбайұлының есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Өзі ашқан, қазақтың қара көздерін біліммен сусындатуды мақсат еткен Түрген орта мектебінде жыл сайын Абықан Жексенбековке арналған арнайы шаралар өткізіліп отырады. Сол шараларды ұйымдастыратын әрі оған қолдау көрсететіндер Абықан аға әулеті. Ағаның ұл-қыз­дары мектепке қажетті жаб­дық­тармен, компьютерлік құ­рылғылармен, ақпараттық құрал­дармен, интерактивті тақталармен, т.б. қамтамасыз етіп отыр. Жыл басындағы Түрген қазақ орта мектебінде Абықан Жексенбековке арналған оқу және спорттық жарыс­тар өткізіледі. Онда мектеп оқу­шылары Абықан ағаның өмір жо­лымен, еңбек жолымен танысады. Ауылдастары оны «Абықан – мұзжарғыш кеме, өйткені, ол қандай істе болсын топты бастап басында өзі жүреді» дейді. Түрген ауылын көркейтуге, халқының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бүкіл ғұмырын арнаған Абықан Жексенбековтің игілікті істерін бүгінде әркім айтып жүр. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы.