Қараңызшы, сайлау өтіп жатқан мезгілдің өзі ғажап. Табиғат-ана жаңарып, жасарып кеткен. Күн де ерекше нұрлы. Айналамызды қоршаған жасыл-желек бүр жарып, көктеуі – осы үлкен шараны символикалық жағынан қуаттаған секілді. Мүмкін ол кездейсоқ нәрсе шығар. Дейтұрғанмен, жақсылыққа баладық. Байқаймын, халық та үлкен мерекедегі сияқты өзі бір-бірімен құшақтасып, қауышып жатты.
Зады, өз басым бұл сайлаудың ерекше екенін былай түсінемін. Дәл бүгінгі Қазақстанның даму қарқыны шапшаң. Соған сәйкес кезектен тыс сайлауға келушілер де өте белсенді. Бұрындары қалай еді, жұрт сайлауға ұйқылары қанған соң баратын. Менің балаларымның өзі түске жақын қозғалатын. Бұл жолы келін баламыз, немереміз кешке келіп қонып, таңертең ерте №381 учаскеге дауыс беруге бірге бардық. Барсақ – қарақұрым халық. Бұл көңілге сондай жылы әсер етті. Сайлаушылардың бәрі қарап жүрген адамдар емес, сайлаудың соншалықты маңызды екенін, ел иесі Президентіміздің жасаған еңбегінің соншалықты қасиетін сезінуі – бұл халық санасының өскендігі деп ойлаймын.
Қараңызшы, халыққа ұсынған қаншама бағдарламалар тек сөз жүзінде емес, іске асып жатыр. Қаншама зауыттар, жолдар, тарихта болмаған алпауыт құрылыстар салынуда. Егер бұрындары мұндай жағдайларды құлағымызбен естісек, енді көзімізбен көріп отырмыз. Біздің болашағымыз – жастар жөніндегі бағдарламалар қандай! Қазір халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен оқу бітіріп келген жастар Отанына қызмет етіп жатыр. Олардың дарындылығы, топтан озып келе жатқандығы, білімдарлығы сезіліп тұр. Мұндай жоба басқа бір елде болмаған. Мәдениет, спорт саласындағы қамқорлықтары өз алдына бір әлем.
Иә, бұл бұрын-соңды қазақтың маңдайына бітпеген бақыт деп ойлаймын. Жаратқанның бізге берген бағы ғой. Өйткені, қазақты дүниежүзіне танытқан – Президентіміз. Ол оңай шаруа емес. Еліңді төрткүл дүниеге мойындату үшін Мемлекет басшысының бойында ұлы қасиеттер болуы керек. Ол Нұрекеңде бар. Дүниежүзінің ел билеген президенттері бұрындары Қазақстанды басқарып отырған басшысын атамақ түгілі, оның елі қайда орналасқанын білмейтін. Қазір Нұрекеңе тілек айтып, керек жерінде ол кісінің пікірімен де санасуда. Тіпті, Назарбаевтың жүргізіп отырған жүйесін өз елінде қолданамыз деп отырған мемлекеттер де бар. Бұған өзім аса қуаныштымын. Баяғыда біреу айтқан екен, «мылтықты наган күнінен білемін» деп. Сол айтпақшы, Нұрсұлтанды жас кезінен білемін.
«Жайнатып нұрлы жолдың
алтын таңын,
Көш бастап бара жатыр Нұрсұлтаның.
Халқына жан аямай қызмет етті,
Жас ұрпақ Елбасынан алсын тәлім», – деген бір ақсақалдың Президентімізге берген батасын газеттен оқығаным бар еді, сол көшті бастаған Нұрсұлтанның нұрлы жолы ашық болсын, даңғыл болсын.
Сәбит Оразбаев,
актер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
АЛМАТЫ.
Суретті түсірген
Айтжан МҰРЗАНОВ.