• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Қаңтар, 2015

Сот жұмысы сарапталды

305 рет
көрсетілді

Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ел соттарының 2014 жылғы жұмыс қорытындылары туралы брифинг өтті. Оған Жоғарғы Соттың судьялары Моряк Шегенов, Нұржан Қайыпжан және Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың жұмысын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ілияс Испанов қатысты. Олар Судьялар одағының VІ съезінде Елбасының сот төрелігіне қол жетімділігін арттыру туралы тапсырмасы Жоғарғы Сот арқылы іс жүзінде атқарылып жатқандығын айтып өтті. Мемлекет басшысы 2014 жылғы 17 қарашада «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актi­лерiне сот төрелігін іске асыруды одан әрі жеңілдету, төрешілдік рәсімдерді азайту мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғаны белгілі. Заң­дар­дың ережелері бірқатар новеллаларды енгізе отырып, сондай-ақ соттардың қызметін рег­ла­менттейтін нормаларды түзету арқылы сот жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталды. Бұл орайда өзінің баяндамасын сабақтаған Жоғарғы Сот судьясы М. Шегенов өткен жылғы соттардың қызметіне жүргізілген талдау сот төрелігін жүзеге асыру сапасының жақсар­ғанын жария етті. Мәселен, соттарға 1,2 миллионнан астам өтініш пен іс түскен. Осы ретте шығарылған сот актілерінің 98,7 пайызы заңды әрі негізді болып табылады екен. Өйткені, судьялар қызметіне арызданатын азаматтар шағымы 5 пайызға азайған көрінеді. Енді бұл көрсеткіш одан әрі жақсара түсетін секілді. Себебі, сот жүйесінде сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтудің сегіз бағытынан тұратын кешенді шаралар қабылданды. Олардың қатарына соттар жұмысының ашықтығын арт­тыру, инновациялық технологияларды енгізу, судьяларды іріктеу жұмысын қатаң­дату, халықты тұрақты түрде әлеуметтік зерт­теу қорытындыларымен қамту және т.б. бар. Сол сияқты ағымдағы жылдан бастап рес­пуб­лика соттары азаматтардың құқықтары мен бос­тан­дықтарын қорғау кепілдіктерін күшей­ту­ге бағытталған жаңа қылмыстық заңнама шең­берінде жұмыс істеп жатқандығы да белгілі. М.Шегенов жұртшылықтың түсінігі соттар туралы екіге жарылып жататындығын, соған байланысты халық арасында екі ұдай пікір қалыптасатынын, сөйтіп біреулер оларды жақтайтынын, енді біреулер сынайтынын да жасырмады. Баяндамашы оның сырын да ашып берді. Мұны ол сот үрдісінің таби­ғатымен, сот шешімі екі тарапты да бір­дей қанағаттандыра алмайтындығымен, сондықтан екі жақтың бірі қайткен күнде де сот шешіміне көңілі толмайды деп түсіндірді. Соған қарамастан өткен жыл сот дамуының жылы болған көрінеді. Оның бірден-бір дәлелі, ұлттық сот жүйесінің ғаламдық бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштерінің жақсарғанымен атап өтуге болады екен. Қазіргі кезде сот жүйесі сонау 2011 жылмен салыстырғанда 25 көрсеткішке алға жылжыған. Бұған адамдардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының қорғалу тетіктерін әрі қарай күшейтуге және оны толыққанды жүзеге асыруға бағытталған заңнамалық шаралардың септігі зор әсерін тиігізіпті. Былтырғы жылы сот қызметіне көптеген жаңа институттар мен түрлі жаңалықтарды енгізуді көздейтін Қылмыстық, Қылмыстық процессуалдық және Қылмыстық атқару кодекс­тері қабылданды. Бұлардың бәрі биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Соған сай Жоғарғы Сот әзірлеген Азаматтық іс жүргізу кодексі мен «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне азаматтық іс жүр­гізу заңнамасын жетілдіру мәселелері бо­йын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» заңның жобалары өткен жылғы желтоқ­сан­да-ақ Парламент Мәжілісінің қарауына жіберілген. Әрине, соттардың басты міндеті – сот төрелігін уақытылы және сапалы орындау болып табылады. Соттардың 2014 жылғы қызметін талдау еліміздегі сот төрелігін жүзеге асыру көрсеткіштеріне сай жақсарып отыр дейміз. Өткен жылы республика соттарына 43878 қылмыстық іс түскен. Олардың 93,3 пайызы өндіріспен аяқталған.Алдыңғы жыл­мен салыстырғанда 4 аумақта соттарға түскен қылмыстық істердің саны көбейді. Олар Оңтүс­тік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары мен Ас­тана және Алматы қалалары болып отыр. 20 573 қыл­мыстық іс бойынша үкім шығарылды. Олар­дың арасында 3 420 адамға ұрлық бойынша үкім кесілген. Сол сияқты адам тонау, алаяқтық, есірткі заттарын заңсыз пайдалану секілді істер де көп қаралып отыр, деді судья М. Шегенов. Ал судья Н.Қайыпжан 2014 жылы сот төре­лігі жүйесін дамыту жұмысы сот ісін жүр­­гізуді жеңілдетуге, дауларды сотқа дейін­гі реттеу тәжірибесін жақсартуға, заңна­маны жаңғыртуға, соттан тыс тетіктерді қолдануға бағытталғанын атап өтті. Өткен жылы аудан­дық және оған теңес­тірілген соттарға 1 177 133 азаматтық жә­не әкім­­шілік істер мен өтініш­тер түскен. Бұл 2013 жылға қарағанда 8,6 пайызға артық екен. Статис­тика 2013 жылмен салыс­тырғанда медиа­торлардың қатысуымен қаралатын азаматтық істер санының 4 есеге артқандығын көрсеткен. Сол сияқты І.Испанов та сот жүйесіне электронды сот ісін жүргізуді енгізудің барысы туралы айтып берді. Ол сот құжаттарына қол жеткізудің бірыңғай тетігі болып табылатын «Сот кабинеті», «Сот құжаттарымен танысу» қызметі, сот процестерін аудио және бейне тіркеу жүйесі, гибридті электронды пошта, СМС және электронды хабарламалар тарату секілді жобаларға кеңінен тоқталды. Осы­лайша Президент жанындағы Орталық ком­муникациялар қызметіне келген Жоғарғы Сот­тың судьялары Моряк Шегенов, Нұржан Қайыпжан және Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың жұмысын қамтамасыз ету депар­таментінің басшысы Ілияс Испановтың айтулары бойынша сот жүйесі өз қызметін жылдан жылға жақсарту үстінде көрінеді. Бұл, ең алдымен, Елбасының сот корпусының алдына қойған межелі міндеттердің ойдағыдай орындалу барысы болса, екіншіден судья­лардың халық алдындағы өз істеріне адалдығы мен әділдігін паш ету көрінісі екен. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».