Соғыстың аяқталғанына 70 жыл болса да адамның жадынан жақындарының жарқын бейнелері кетпейді екен. Әсіресе, қазақ сияқты бауырмал халық әкелері, аталары, нағашылары, тіпті, алыс ағайындары туралы бір жақсы сөз баспасөз бетіне шығып, марқұмдардың аттары аталып қалғанын көргісі келеді. Осындай мақсатпен редакциямызға келіп жатқан адамдар легі толастар емес.
Солардың бірі – Астана қаласының қарт тұрғыны Қатима Есіркепова. Ол өзінің қайынағасы, соғыс құрбаны Жанқайыр Есіркепов туралы жазылғанын қалап келіпті.
Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Баян ауылының 1921 жылғы тумасы Жанқайыр соғыстың алғашқы айларында-ақ «хабарсыз кеткені» туралы 1947 жылы хабарлама келеді. Оны анасы Жәнәпия өмір бойы сақтап, 1962 жылы көзі жұмылғанша «Жанқайырдан бір хабар болмас па екен, сен сұрастыршы» деп келіні Қатимадан өтініп өткен екен. Қайран ананың келінінен соншалықты қиылған себебі, ол ат үстінде жүрген қызметкер әйел. Өзі Жанқайырдың туған інісі Серікбайдың зайыбы. Өмір бойы қызмет істеп, орта деңгейлі лауазымдарды атқарған. Зейнетке шығар алдында Ақмола облыстық жұмыспен қамту орталығының директоры болған. Жұбайы Серікбайдың мамандығы авиатехник екен, ол өмірден ерте кетіпті.
Осы Қатима апайдың сұрау салуымен Жанқайыр туралы біршама құжаттар жиналады. Алдымен оның Петропавл қаласындағы Калинин атындағы жалғыз қазақ орта мектебін (кейін №2 қазақ мектеп-интернаты атанды) 1938 жылы бітіргені белгілі болған. Мектеп бітірген аттестатының көшірмесіне қарағанда, ол тоғыз сабақтан «4», он бір сабақтан «5» алыпты. Жоғары оқу орнына түсуге материалдық мүмкіндігі болмағаны ғой, әйтпесе, осындай аттестатпен ол кезде кез келген ЖОО-ға түсе алар еді.
Содан жас жігіт көршілес Жаңажол ауданының мектебіне мұғалім болып орналасады. Бұл – жазушы Ғабит Мүсіреповтің туған ауылы. Демек, Жанқайыр қазақтың сөз зергерімен біршама таныс болған сияқты.
Жанқайырдың 1938 жылдан 1940 жылға дейін бұрынғы Пресногорьков ауданындағы осы Жаңажол орта мектебінде мұғалім болғандығы жөнінде мектеп директоры Байсақалов қол қойған анықтама да бар.
Жанқайыр Жаңажол ауылынан 1940 жылы азаматтық міндетін өтеуге аттанады. Марқұмның 1941 жылдың 30 наурызында Латвия КСР-інің Любава қаласында әскери қызметте жүрген жерінен үйіне латын әрпімен жазылған хаты да келген. Ол кездегі тәртіп солай ма, әлде өзі аз сөзді адам болды ма екен, әйтеуір хат барынша қысқа жазылыпты. «Бұрын зеңбірекші едім, жуырда мені одан алды. Қазір писарь болып істеймін. Күні-түні үстел басында сарылып отырғаннан басқа жанға бататын ештеңе жоқ. Посылка салсаңыздар заттан ештеңе салмаңыздар, сельмагта көркем әдебиет кітаптары, ақын-жазушылардың шығармалары болса, соны салып жіберіңіздер және аздап ақша салыңыздар», депті есіл ер.
Жанқайыр туралы тағы бір дерек 1965 жылдың 14 шілдесіндегі «Тың өлкесі» газетінде жазылыпты. «Кекті жүрек» деген бұл мақаланың авторы жазушы Зейнелғаби Иманбаев екен. Кеңестік насихаттың талабына сай дерексіз, тек отаншылдық, «уралаушылдық» талаппен жазылған бұл мақалада жазушы Жәкен Құсайыновтың аузынан жазылып алынған әңгіме айтылады. Онда Ж.Құсайынов өзінің Жанқайырмен бірге концлагерьде болғанын жеткізіпті. Осы лагерьде Жанқайыр басқаларға қарағанда пысық, алғыр, неміс тілін де үйреніп алып, «урнистер» болып істегенін айтады. Сырттан листовкалар да енгізіп, лагерьде көтеріліс жасауға да қатысады. Қолдарына қару түсірген көтерілісшілер лагерьден қашып та шығады. Жанқайырдың өзі екі гранатасын лақтырып, үшіншісін лақтырғалы жатқанда қолға түседі. Ақырында ол немістердің қолынан «Совет одағы жасасын!» деген ұранмен қаза табады.
Жоғарыда айтқанымыздай, бұл әңгіменің ешқандай дерегі – қай қаладағы концлагерь, қай жылы болған оқиға екені – бірі де жоқ. Сондықтан оның растығына да сену қиын. Әрине, неміс концлагерьлерінде өте сирек болса да көтерілістер болып тұрған, қазір олар туралы материалдарды интернеттен оңай табуға болады. Соның ішінде 1943 жылы Освенцимде, сол жылы Варшаваның Оберланген лагерінде, 1945 жылы Бухенвальд лагерьлерінде болған көтерілістер туралы деректер көп. Ал Собибор лагерінде кеңестік лейтенант А.Печерский бастаған еврей көтерілісі туралы кітаптар жазылып, кинолар да түсірілді. Осындай көтерілістердің біріне қазақ ұланы белсенді қатысқан болса, ол да үлкен ерлік. Шынымен солай болса, оның соңына түсіп, іздеу салуға да болар еді. Бірақ, өкінішке қарай, «Кекті жүректе» еш дерек болмағандықтан, бірдеңе деп айту қиын.
Қалай десек те, Жанқайырдай жалынды жастың Отан соғысында шейіт болғаны рас. Үйленіп те үлгере алмаған, сүйген қызы оны сегіз жыл күтіп, келмеген соң басқа адамға тұрмысқа шығып кетіпті. Қазір Жанқайырдың інісі Серікбайдың балалары, апа-қарындастарынан туған жиендері бар.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».
Суретте: түрегеп тұрғандардың оң жағынан екіншісі Жанқайыр ЕСІРКЕПОВ.