• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Заң 28 Қазан, 2024

Cудьяларды үздіксіз кәсіби дамыту ұсынылды

695 рет
көрсетілді

«Заң мен тәртіп – әділетті қоғамның негізгі өлшемі. Бұл – заң алдында бәрі бірдей, тең құқылы деген сөз. Сол себепті, сот органдары азаматтардың басты қорғаны болуы керек. Елде заң үстемдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығаяды». Бұл – Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы судьяларының ІХ съезінде айтқан сөзі. Мақаламызды да осы маңызды сөзден бастағанды жөн көрдік.

Өздеріңізге белгілі, 2024 жылғы 4 қазанда Астанада Қазақстан Республикасы Судьяларының IX съезі өтті. Бұл жиын – елдің құқықтық жүйесін жаңарту мен дамыту бағытындағы үлкен қадам. Съезге ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев, сондай-ақ шетелдік сарапшылар, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы съездің ашылуында сот жүйесінің реформаларына және оның қоғамдағы маңызына тоқталды. Ол: «Әділ және тәуелсіз сот жүйесі – заң үстемдігінің негізгі тірегі. Бұл – қоғамдағы тұрақтылық пен әділдікті қамтамасыз етудің кепілі», деп атап өтті. Президент соңғы жылдары сот жүйесінің ашықтығы мен әділдігін арттыру мақсатында елеулі реформалар жүзеге асырылғанын да тілге тиек етті. Онымен қоса, «Сот процестерін цифрландыру қоғамның сот жүйесіне деген сенімін арттырды және азаматтарға әділдікке қол жеткізуді жеңілдетті», деді Мемлекет басшысы. Президенттің пікірінше, сот жүйесін жетілдіру халықтың сенімін нығайтып, заң үстемдігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бұл пікірі съезд барысында талқыланған негізгі мәселелердің бірі болды.

Алқалы жиында Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев съезде сөз сөйлеп, сот реформаларының негізгі бағыттарына тоқталды. Ол соттардың қызметін одан әрі жетілдіру мақсатында бірқатар бастамалар мен ұсыныстар енгізді. «Сот төрелігінің сапасын арттыру үшін цифрландыруды тереңдету, судьяларды үздіксіз кәсіби дамыту және олардың құзыретін арттыру қажет», деді Жоғарғы Сот төрағасы. Бұл бағытта арнайы оқыту бағдарламалары мен халықаралық тәжірибеге сүйену арқылы судьялардың кәсібилігін арттыру ұсынылды.

Съезд барысында Асламбек Мерғалиев Қазақстанның сот жүйесінде соңғы жылдары енгізілген жаңалықтарды атап өтті, әсіресе сот процестерін қашықтан жүргізу арқылы азаматтық істер бойынша аумақаралық соттылық жүйесін енгізу тәжірибесі үлкен жетістік ретінде бағаланды. «Бұл әдіс тек азаматтық істерде ғана емес, сонымен қатар әкімшілік істерде де кеңінен қолданылады», деді Жоғарғы Сот төрағасы.

Съезд барысында шетелдік сарапшылар да өз ойын білдіріп, Қазақстанның сот жүйесін реформалау жөніндегі жетістіктеріне жоғары баға берді. Мәселен Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық комиссияның (CEPEJ) президенті Франческо Депаскуале Қазақстандағы сот реформаларын халықаралық деңгейде мойындалған үлгі ретінде атады. «Қазақстанның сот жүйесіндегі цифрландыру процестері және әділдікке қолжетімділікті арттыру бойынша жетістіктері көптеген ел үшін үлгі бола алады», деді Депаскуале.

Сонымен қатар, Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының (IACA) президенті Луис Пальма сот жүйесін жетілдіру бойынша Қазақстанның ұстанымын қолдайтынын атап өтті. «Қазақстан сот төрелігі сапасын арттыруға арналған көптеген маңызды қадамдар жасады, бұл қадамдар халықаралық стандарттарға сай келеді және әділдік принциптерін нығайтады», деді Пальма.

Съезд соңында қабылданған қарарлар сот жүйесінің дамуы үшін маңызды басымдықтарды айқындады. Қарарлар негізінде төмендегідей шешімдер қабылданды:

Судьялардың тәуелсіздігін нығайту: Судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заңнамалық өзгерістер енгізіледі. Бұл саяси ықпал мен әкімшілік кедергілерден қорғау арқылы судьялардың бейтараптығын күшейтуді көздейді. Цифрландыру процестерін жетілдіру: Сот ісін қашықтан жүргізу және электронды сот процестерін дамыту арқылы азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігі арттырылады. Бұл жаңашылдық әсіресе әкімшілік істерде қолданысқа енгізіледі. Судьялардың кәсіби деңгейін арттыру: Судьяларды үздіксіз кәсіби оқыту және халықаралық тәжірибені енгізу арқылы сот төрелігінің сапасын арттыру көзделеді. Қоғаммен өзара әрекеттестікті жақсарту: Сот жүйесі мен халық арасындағы өзара байланыс нығайтылып, азаматтардың сот жүйесіне сенімін арттыру мақсатында сот процестерінің ашықтығы қамтамасыз етіледі.

Съезде қабылданған шешімдер мен реформалар сот жүйесінің жұмысын жақсартып, оның ашықтығы мен тиімділігін арттырады. Еліміздің барлық аймағынан келген судьялар мен халықаралық сарапшылардың қатысуы, сондай-ақ халықаралық деңгейде мойындалған реформалар Қазақстанның құқықтық жүйесін дамытуға ықпал етеді. Бұл съезд елдің құқықтық саласында оң өзгерістердің бастауы ретінде танылып, сот жүйесін одан әрі жетілдірудің негізгі бағытын анықтады.

 

А.АПБАС

Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің

Түркістан облысы департамент басшысы