• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Шымкент 29 Қазан, 2024

Мәдениет үйлері – руханият ұясы

55 рет
көрсетілді

Шымкентте бірнеше нысан ел игілігіне пайдалануға берілді. Атап айтқанда, қаланың іргесінде орналасқан Қайнарбұлақ, Көкбұлақ, Базарқақпа, Өтеміс тұрғын алаптарында төрт бірдей жаңа мәдениет үйлері салтанатты түрде ашылды.

Осы аталған елді мекендерде тұра­тын халық біраздан бері жергілікті әкімдікке бір мәдениет үйін салып беру жөнінде өтініш білдіріп келген еді. Тұрғындардың осы өтініш-тілегін ескерген қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мәдениет ошақтарының құрылысын жеделдетіп қолға алуды тапсырды. Соның нәтижесінде шаһардың шалғай елді мекендерінде заманауи үлгіде са­лын­ған мәдениет үйлері пайда болды. Тұрғын алап халқымен осынау қуа­ныш­ты бөлісуге мегаполис басшысы арнайы жұмыс сапарымен барып, жаңа нысан­дар­дың ашылуына қатысты.

«Мәдениет – мемлекет дамуының ажырамас бөлігі. Өркениетті елдер қа­шан­да жоғары мәдениетімен өлшен­ген. Қоғамда тыныштықтың орнауы, азаматтық ұстаным көзқарасының қа­лып­тасуы, адамдардың бір-біріне деген сүйіс­пеншілігі мен бауырмалдығы мәде­ниет­тіліктен бастау алады. Бүгінде қала іргесіндегі елді мекендерде оның бірден-бір қайнар көзі мәдениет ошақтары болып отыр. Халық руханиятына қызмет атқаратын ғимарат болған соң енді бұл жерде түрлі іс-шаралар өткізілетін болады. Сонымен бірге мәдениет ошақтары бос уақытты тиімді өткізуге арналған таптырмас орынға айналады деген сенім мол. Мәдениет саласы – мемлекеттің ұстанып отырған басым бағыттарының бірі. Сол себепті Президент тапсырмасына сәйкес мегаполисте жаңа шығармашылық алаңдар құру, сондай-ақ дарынды жас­тарды қолдау жұмыстары жалғасын таба береді», деді Ғ.Сыздықбеков.

Мегаполис басшысы тұрғындарды, оның ішінде жастарды көп оқуға, өнер-білім қууға, спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстануға, балалар тәрбиесіне көп көңіл бөлуге шақырды. Осы тұрғыда: «Балалардың уақытын қазір телефон ұрлап жатыр. Сағаттап ойын ойнау, қалаберді, әлеуметтік желіден шықпау жалпы қоғамның әдетіне айналып барады. Бұл ретте оқушылардың гаджеттерге құмарлығын шектеу мен олардың спорт, руханият тұрғысынан жан-жақты дамуына жағдай жасау – өте маңызды іс. Осы орайда мәдениет ошақтары үлкендер мен жастардың, балалардың ортақ руханият жолында бас қосар шығармашылық ортасы болады деген сенімдеміз. Мәдениеті биік, білімі жоғары ел қашанда озады. Әділетті қоғам құрамыз, елімізді өркениетті мем­лекеттердің қатарына қосамыз десек, білім мен мәдениетке баса көңіл бөлуіміз қажет», деген пікір айтты.

Өз кезегінде жергілікті тұрғындардың өтініш-тілектерін орындап, сөзін жерде қал­дырмаған қала басшылығына үлкен алғыстарын жеткізді. Мега­по­листе қор­да­ланған өзекті әлеуметтік мәсе­ле­лер­дің дер кезінде әрі біртін­деп шеші­ліп келе жатқанына ризашы­лық­тарын білдірді.

Былтыр желтоқсан айында құрылысы басталған мәдениет үйлері жобаға сәйкес екі қабаттан тұратын ғимарат ретін­де салынды. Әр тұрғын алаптағы мәдениет ошақтарының аумағы 4 мың шаршы метрге жуық ауданды құ­рай­ды. 100 орынға дейінгі акт залдары бар заманауи мәдениет үйлерінде вестибюль, гардероб, құрал-жабдық қоятын, грим жасау, мүмкіндігі шектеулі аза­мат­тарға арналған бөлмелер, жұмыс кабинеттері, кітапхана, оқу мен жаттығу залдары қарастырылған. Оқу залы, компьютерлік бөлме, демалыс жайлары мен қызметкерлер кабинеті бар­лық ке­ректі жабдықтармен қам­та­ма­сыз етілген. Жылу мен су жүйесі қала­­ның орталықтандырылған ком­му­нал­дық қыз­метіне қосылған. Мұнда хореография бөлімі мен түрлі үйірме сыныптары ашылатын болады. Екінші қабатта орналасқан кітапхана елді мекен тұрғындарының рухани қажетін өтеуге қызмет атқарады.

 

ШЫМКЕНТ