• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
29 Қаңтар, 2015

Ғылымды дамыту жайына арналған кеңес

341 рет
көрсетілді

Қазақстан Республи­ка­­сының Мемлекеттік хат­шысы Гүлшара Әб­ді­қалы­қова ғылымды дамыту мәсе­лелеріне арналған кеңес өткізді, деп хабарлады Пре­зиденттің баспасөз қызметі. Кеңесте Қазақстанда жұмыс істеу үшін шетелдерден қазақстандық танымал ғалымдарды тарту және олардың жұмыс тиімділігін арттыру, республикадан тысқары кету ықтималдығын азайту мақсатында отандық ғалымдарға жағдайлар жасау мәселелері қаралды. Кеңеске Президент Әкім­шілігі Басшысының орынбасары Б.Майлыбаев, Білім және ғылым министрі А.Сә­рінжіпов, Президент Әкім­ші­лігінің құрылымдық бөлім­дерінің басшылары, Білім және ғылым, Инвестициялар және даму, Денсаулық сақ­тау және әлеуметтік даму министр­лік­терінің, Орталық коммуникациялар қызметінің, Назарбаев Университет пен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің өкілдері қатысты. Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы аясындағы негізгі бағыттар бойынша қазақстандық ғылыми кадрлар әлеуетін сақтау және арттырудың, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді ынталандырудың маңыздылығына тоқталды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы екі комиссияның – Шетелдерде кадр­лар даярлау жөніндегі республикалық комиссия мен Ғылым және техника саласындағы әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтарды беру жөніндегі комиссияның қызметі осы және басқа да міндеттерді шешуге бағытталған. Қазіргі уақытта Қазақстанда ғылыми зерттеулермен 23,7 мың адам айналысады. Ғылыми ортадағы ғылым докторларының саны 1688, (9,8%), ғылым кандидаттары – 4915 (28,6%), PhD докторлары – 218 (1,2%), кәсіптік бағыттар бойынша докторлар – 605 (3,5%), ғылыми атағы жоқ ізденушілер – 9774 (56,8%) адам. Бұл ретте 35 жасқа дейінгі ғалымдардың үлесі 38% болса, 45 жасқа дейінгілердің үлесі 56%. 2014 жылы Қазақстанда жұмыс жүргізу үшін әртүрлі ғылыми бағыттар бойынша 600-ден астам шетелдік ғалым тартылды, соның 75-і қазақстандық. «Назарбаев Университет» ААҚ-қа АҚШ-тан, Ұлыбританиядан, Канададан, Франциядан, Италиядан, Нидерландтан 350-ден астам (оның 26-сы қазақстандық) шетелдік ғалымдар шақырылды. Бүгінде шетелдердегі белгілі ғылыми орталықтарда, атап айтқанда, нанотехнология, роботты техника, мұнай-газ кен орындарын зерттеу, гидродинамика, гендік инженерия, обыр ауруын туғызатын клеткалар биологиясы, ДНК репарациясы мен мутагенез салалары сияқты келешегі зор ғылыми бағыттарда 53 қазақстандық ғалым табысты жұмыс істеуде. Кеңес қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы мемлекеттік органдарға Шетелдерде кадр­лар даярлау жөніндегі республикалық комиссия мен Ғылым және техника саласындағы әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтарды беру жөніндегі комиссияның жұмыстарына қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.