• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Қаңтар, 2015

Ақпараттар ағыны

328 рет
көрсетілді

 *Дүниежүзілік банк елі­мізге 6 млрд. АҚШ долларын бөлетін болды. Ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, бұл қаржы көлік-логистикалық жобаларды іске асыруға, ШОБ-ты қаржыландыруға, бизнестің бәсекелестігін арттыруға, инвестицияларды тарту үшін институттық көмек көрсетуге және қоршаған ортаны қорғауға жұмсалады. * «ҚазАгро» холдингі Шот­ландияның Корольдік бан­кі­сінен алған қарызын өтеді. Еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін қаржыландыруды жүзеге асыру және құрылымның айналым капиталын толықтыру мақсатында банктен тартылған  100 млн. АҚШ доллары көле­мін­дегі қаржының дер кезінде қайтарылуы холдингтің халық­аралық инвесторлармен жақсы қатынаста екеніне көрнекі мысал бола алады. * «Сыбаға» бағдарламасы басталғалы 147 мыңнан аса ірі қара мал сатып алынды. Аграрлық несие корпора­ция­сының баспасөз қызметі мәлім еткендей, бүгінге дейін 27,8 млрд. теңгелік 1972 жоба  қаржы­ландырылған. Айта кетейік, бағдарлама елімізде жоғары деңгейде жүзеге асып келеді. * Алматы облысында қа­мыс­тан қағаз және вискоза шығаратын зауыт салынады. «Ерке-Нұр» өндірістік компаниясының басшысы Фарида Мерхамитқызы жобаға инвесторлар қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.  Кә­сіп­орын Қызылағаш ауылы­ның жа­нына орналасады. Мұнда қа­мыс қопасының аумағы 30 мың гектарды құрайтын көрінеді. *Шымкентте азаматтар­дың төлқұжаттары мен же­ке куәліктері дайындалады. ІІМ-нің дерегінше, қалада ақпараттық-тіркеу орталығының филиалы ашылды. Онда Оңтүс­тік Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстарының тұр­ғындары үшін төлқұжаттар мен жеке куәліктер жасалады. Күніне 1,5 мың жеке куәлік пен 800 төлқұжат дайындауға мүмкіндігі бар орталықты іске қосу үшін республикалық бюджеттен 756 млн. теңге жұмсалған. * Таразда Қазақ хандығы туралы тұңғыш монография жа­рық көрді. «Қазақ хан­ды­ғы­­ның құрылу тарихы» деп ата­ла­тын бұл еңбектің авторы – профессор, тарих ғылым­да­рының докторы Берекет Кәрі­баев. Мерей­той қарсаңында шық­­қан ғы­лыми еңбек шығыс дерек­­теріне сүйене отырып жазыл­ған. *Ақтөбеде тұрғын үй құры­лысы жалғаса береді. Қала әкімі Ерхан Омаров атап көр­сет­кендей, биыл шаһардағы «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданында жалпы алаңы 59,3 мың шаршы метрді құрайтын 981 пәтерлік 18 блок-секцияны пайдалануға беру жоспарда тұр. *Шығыс Қазақстанда құс етінен өнім өндіретін зауыт 70-тен аса тағам түрін даярлайды. ҮИИД бағдарламасы бойынша кәсіпорынға 1,5 млрд. теңге қаралып отыр. Мұнда 200-ге жуық адам еңбек етеді. Жұмыс­шылардың орташа жалақысы 200 мың теңгеден жоғары. *Батыс Қазақстанда 5 443,8 млн. теңге көлемінде 2 849 шағын несие берілді. Об­лыстық кәсіпкерлік және ин­дус­триялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аслан Жақыповтың сөзіне қарағанда, шағын несиелердің негізгі бөлігі агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған. Хабарлар Үкімет, облыстық әкімдіктер сайттары, «ҚазАқпарат» агенттігі және «Хабар», «24» телеарналарының деректері бойынша дайындалды.