АСТАНА. 29 сәуір. Елбасы Парламент Мәжілісіндегі фракция басшыларымен кездесті. Кездесуде Мемлекет басшысы Қазақстан Президенті Премьер-Министр лауазымына Кәрім Мәсімовтің кандидатурасын ұсынды. Бұл туралы akorda.kz хабарлады.
Қазақстан Президентінің лауазымына кірісуіне байланысты ел Үкіметі өз өкілеттігін доғарды, сондай-ақ, Президентке тікелей бағыныстағы және оған есеп беретін мемлекеттік органдар басшылары, Астана мен Алматы қалаларының және облыстардың әкімдері өкілеттігін тоқтатты.
Мемлекет басшысы ел алдына қойылған міндеттерді жүзеге асыру қажеттілігін ескере отырып, Үкіметтің басталған жұмысты жалғастырғаны жөн екенін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан Президенті Премьер-Министр лауазымына Кәрім Мәсімовтің кандидатурасын ұсына отырып, Үкімет пен Парламенттің үйлесімді жұмысының маңызды екенін айтты.
«Халық коммунистері» депутаттық фракциясының жетекшісі Владислав Косарев бұл шешім жан-жақты салмақталғанын атай келе, қолдау білдірді.
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының басшысы Азат Перуашев ұсынысты қолдап, Кәрім Мәсімовтің дағдарысқа қарсы басқару тәжірибесіне назар аударды.
«Нұр Отан» фракциясының басшысы Дариға Назарбаева да ұсынысты қолдады және депутаттар мен Үкімет арасында қалыптасқан сындарлы қарым-қатынас олардың өзара іс-қимылына оң ықпал ететінін атап өтті.
Еламан Қоңыр.
Дерек: akorda.kz.
Сурет: inform.kz.