Қазақ әйелдері арасында алғаш роман жазған Сара Мыңжасарованың туғанына 100 жыл толуына орай биыл «Оқитын өлке» акциясы аясында Ақтөбе облысында жазушы шығармалары таңдалып, қаңтар айынан бастап кітапхана, мектептерде небір маңызды іс-шаралар өтті. Шалқар аудандық орталық кітапханасының коворкинг залында «Өз дәуірінің тамыршысы» атты әдеби кеште ақтөбелік өлкетанушы Жұмабай Асарбаев осыдан қырық жыл бұрын Алматы қаласында Сара Мыңжасаровамен дәмдес болғанын, сол отырыста Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова сынды қазақ әдебиетінің белгілі өкілдері мен журналист Мәриям Қарақонақова жазушы апамызға керемет құрмет көрсеткенін жеткізіпті.
Одан беріде аудандық, қалалық, облыстық кітапханаларда жазушының мерейтойына байланысты ұйымдастырылған іс-шараларды тізіп жатпаймыз. Қаңтар айынан басталған шаралар әлі де жалғасып жатыр. Оқырмандар Орта Азия елдерінде тұңғыш роман жазған әйел туралы республикалық газет материалдарымен, қызықты деректермен танысты.
Тек Ақтөбе облысында емес, Сара Мыңжасарованың мерейтойы еліміздің рухани кеңістігіне де біршама жаңалығымен келді. Кезінде жақын араласып, ұлындай көрген қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің қолдауымен «Әйел бақыты», «Өмір көріністері» атты кітаптары жарық көріп, қалың оқырманға жол тартты.
«Abai TV» телеарнасының бас продюсері, филология ғылымдарының кандидаты, ақын, тележүргізуші Жаңыл Асылбекова Сара апамызға «Ұмытпаймыз» бағдарламасының кезекті шығарылымын арнады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, І дәрежелі «Барыс» және «Парасат» ордендерінің иегері, ақын Шөмішбай Сариевтің жары Жұмагүл осы «Ұмытпаймыз» түсірілімінің өзін қатты толғандырғанын, жастық шағын еске түсіргенін айтып, Сара апайдың соңғы жылдардағы қызметі туралы тебірене сыр шертті:
«1971 жылы Сара апайдың «Қазақстан» баспасынан «Замандастар» повесі басылып шыққалы жатқан. Шөмішбаймен жаңа қосылған кезіміз, үлкен ұлымыз 8 айлық, мен декреттік демалыста отырғанмын. Шөмішбай ҚазМУ-дың студенті. 5-курсты аяқтауға аз қалғанда «Қазақстан» баспасына жұмысқа тұрды. Баспаның директоры Абай Бейсенбаев деген кісі болатын. Бір күні Шөмішбай: «Бізде Сара Мыңжасарова деген жазушы апайдың кітабы баспадан шыққалы жатыр. Ол кісі жақында Қазақ КСР Байланыс министрлігінің «Союзпечать» деген басқармасының мерзімді баспаға жазылу бөліміне меңгеруші болып, қызметке «Казахстанская права» газетінен жұмысқа ауысып келген екен. Министрлікте 4-5 қана қазақ қызмет жасайды, қалғандарының бәрі басқа ұлт өкілдері. Министр Әбдірзақ Елебаев деген қісі болатын, ол не қарап отырғанын білмеймін деп, баспадағы жігіттерге ренішін білдіріпті. «Мен өз бөліміме қазақтың қыз-келіншектерін жұмысқа аламын, жігіттер, келіншектеріңді маған жіберіңдер» депті. Біраз жігіттердің әйелдері барған екен, апай оларды ұнатпайтын көрінеді. Бірінің түрі, бірінің мінезі ұнамаған сияқты. Шөкең «сен де барып көрсең қайтеді» деді. Мен жас баламен отырмын, бірақ Шөкең өзі Сыр өңірінің азаматы, ата-анасы Қамбаш деген стансада тұратын. Біздерде үлкен баланы әке-шешеге береді, ұлымызды бір жасқа толғасын сол кісілерге береміз деп мені көндіріп қойған.
Сонымен мен ертеңіне төбесінде үлкен сағаты бар мекеме – Қазақ КСР Байланыс министрлігіне келдім. Сара апай мерзімдік газет-журнал жазылатын бөлімнің бастығы екен. Ер тұлғалы, сұсты кісі. Менімен біраз сөйлесті, апайға ұнадым, жасым 21-де. «Жақында Сұлуқыз Басымбекова, Райхан Жақыпова деген келіншектерді алып қойып едім. Енді сені бөлшек-сауда бөлімінің бастығына жіберем», деді.
Сөйтті де телефонмен бір орыс кісімен сөйлесіп, соған жіберді. Әлгі кісіге келіп, өзім туралы айтып жатырмын, тұрмыстамын, кішкентай сәбиім бар дедім. Ол: «Біздер облысқа он күндеп іссапарға шығамыз, соған келісіміңді берсең, жұмысқа қабылдаймын», деді. Мен ондай жұмысқа бара алмайтынымды айтып, Сара апайға қайта келдім. «Келісемін» деп қол қоя бер арызыңа, сені жас балаңмен ешкім де іссапарға жібере алмайды, заң бар, сосын балаңды ата-енеңе апарып беретініңді айтпа деп, қайтадан жаңағы кісіге жіберді. Оған іссапарға шығуға келісетінімді айтып, қол қойып бердім. Сонымен, Сара апайдың арқасында мен инструктор болып жұмысқа қабылдандым.
Міне, сол Сара Мыңжасарова апайдың арқасында Байланыс мекемесіне қызметке тұрып, сонда 48 жыл қызмет жасадым. Алғашқыда 1972 жылдан Қазақ КСР Байланыс министірлігінде, кейін 1994 жылы аталған министірлік үш салаға: «Қазақтелеком» АҚ , «Қазпошта» АҚ және «Көлік және коммуникация министрлігі» болып бөлінді. Мен 1994 жылдан «Қазақтелеком» АҚ мекемесінде қалып, сол жерден зейнетке шықтым. Зейнетке шыққаннан кейін он жыл келісімшартпен қызмет атқардым. Сара апамның жұмысқа қабылдағанының арқасында байланыс саласында бар ғұмырым өтті.
Ол кісіден ұжымда бәрі именетін, ешкім қарсы келе алмайтын. Орысшасы мықты, сөйлегенде бәрі тынып қалатын. Апай туралы жазу менің ойымда жоқ еді, бәрі жүрегімде, ішімде болатын. «Ұмытпаймыз» хабарын көріп, жасаған жақсылығын, Сара апайға шексіз ризашылығымды жеткізгім келді.
Сара апамыздың есімін тарихи тұлға ретінде ұлықтауға айтарлықтай атсалысып жүрген А.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Ахметов былай деп еске алады:
«1971 жылы ҚазМУ-ге оқуға түсу үшін Алматыға келдім. Менің апам Сара жазушы Сара Мыңжасарованың қызы Қарлығашпен бірге университетте, бір топта оқыпты. Құрбы ретінде жақсы араласқан.
Құжаттарымды қабылдау комиссиясына тапсырып, жатақхана алғанша Сара апайдың үйінде тұрдым.
Студент кезімде Сара апайдың үйінде болып, ақыл-кеңесін алып жүрдім. Бай кітапханасынан қазақ және шетел жазушыларының кітаптарын алып оқуыма мүмкіндік жасады».
Өмірдің қилы өткелдерінен өткен Сара Рахманқызы Қара-шоқат жетіжылдық мектебінен кейін Шалқар қазақ орта мектебінде білім алды. 1941 жылы Ақтөбе оқытушылар институтының қазақ тілі, әдебиеті факультетіне оқуға түседі. 1942 жылдың қазанында Шалқар аудандық қазақ орта мектебіне оқытушы етіп жібереді. Осы жылдың соңында Шалқар аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сайланады. 1944–1949 жылдары Талдықорған облыстық комсомол комитетінің мектеп жастары арасындағы жұмыс жөніндегі хашысы қызметін атқарады. Қазақ, орыс тілдерінде еркін жазған Сара Мыңжасарова қолтаңбасы Талдықорған облыстық «Сталиншіл», «Семиреченская правда», Алматы облыстық «Коммунизм таңы», республикалық «Казахстанская правда» газеттерінің бетінде сайрап жатыр. Кейінгі жылдары Байланыс министрлігінің баспасөз тарату бөлімінің бастығы қызметін атқарған.
Осы жолдарды жазып отырғанымда, Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасындағы Әсел Жұбаевадан: «Сара Мыңжасарованың 100 жылдық мерейтойына конференция өткіземіз. Көзін көрген, ізін қуған жазушы сіңлісі ретінде бірауыз сөз сөйлесеңіз жақсы болар еді. Зум арқылы қатыса аласыз ба?», деген хабар келді телефоныма.
Иә, Сара Рахманқызы Мыңжасарова есімі романдарымен, аударма, сұхбат, мақалаларымен ел есінде мәңгі сақталары анық.
Елге еңбегі сіңгендерді құрметтеу – тірілердің, кейінгі ұрпақтың жалғаса беретін қасиетті парызы.
Мағира ҚОЖАХМЕТОВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері