АЛМАТЫ. 29 сәуір. Қала жастары Астанада өткен Елбасын ұлықтау салтанатына орай Тұңғыш Президент саябағында флешмоб ұйымдастырды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Игілікті бастаманың алғы шебінде тұрған жастар Елбасының әрқашан да өздеріне иық сүйетінін мақтанышпен атап өтті. Қыздар педагогикалық университетінің 3- курс студенті Толғанай Бекмұқа Президент сайлауы кезінде университеттегі барлық замандастарының ұйымшылдықпен дауыс беріп, зор белсенділік танытқаны туралы әңгімеледі.
Президентті ұлықтау салтанатын теледидардан тамашалап болысымен, жастар флеш-мобына келген Толғанайдың құрбылары Айдынгүл Айтуған мен Әйгерім Бостан: «Біз – Президентке сенеміз, Президент – бізге, жастарға сенсін!» деді бірауыздан.
Шараға 1000-нан астам Алматы жастары жиналды. Олардың ішінде студенттер, мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері бар.
Елбасын ұлықтау салтанатын қолдап, азаматтық ұстаным танытқан алматылық жастар, сазды музыка ырғағымен алаңда жүгіре жүріп елдің көк туын, бүркіт пен күннің кескінін өрнектеп салып, халық бірлігін дәріптеді.
Талғат Сүйінбай.
Дерек, сурет: egemen.kz.