• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
30 Қаңтар, 2015

Аралдың ақ алтыны

584 рет
көрсетілді

Мына заманда кімнің аузына қақпақ болғандайсың. Бірақ «Қазақстан өнімнің бәрін сырттан сатып алады. Тіпті, сіріңке де шығармайды» деген сөз, жұмсартып айтқанда, артық енді. «Көрмес – түйені де көрмес» дейді. Осы тәмсілге салсақ, елдің жетістігін көрер көзге көрмей, бар дүниені елемеу, бұл – жаны ашымастықтың белгісі. Әйтпесе, бүгінде Қазақстанның қай түпкіріне барсаңыз да жұмыс істеп тұрған бір зауытқа, не фабрикаға куә боласыз. Әсіресе, соңғы бес жылдың мұғдарында жаңа кәсіпорындар өте көптеп ашылды. Бұған Индустрияландыру картасының ерекше екпін бергенін айтқымыз келеді. Егер нақты дәлелмен сөйле дейтін болсаңыз, нақты жұмысты қолмен қойғандай етіп көрсетіп берейік. Мәселен, Арал ауданындағы «Аралтұз» зауытын алайық. Бір кездері теңізімен бірге тынысы да тарылғандай болған Арал өңірінен жұрттың үдере көшкенін білесіз. «Бақасы қойдай шулаған, балығы тайдай тулаған» аймақтың негізгі тіршілігі теңізбен тығыз байланысты еді. Сан жылдардан бері балықшылықты кәсіп етіп, әулеттік іске айналдырған адамдардың сең соққандай күйге түскені анық-тын. Сосын Балқаш, Қапшағай секілді көлдерге қарай көшінің басын бұрды. Дегенмен, жоғалған – табылады, кеткен – оралады. Өмірдің заңы сондай. Елбасының тікелей бастамасымен САРАТС жобасы қолға алынып, Аралдың табаны қайта тола бастады. Теңізге су жеткен соң атакәсіп те қайта жандады. Осы аралықта аралдық ағай­ын кәсіптің басқа да түрлерін мең­герді. Бүгін­де құмның ішінде жүрген мың­ғырған қой, маң-маң басқан түйе, құйрығын көк­ке шаншып шауып жүрген үйір-үйір жылқы соның дәлелі. Оның сыртында кәсіпорындарда жұ­мыс істеп, нәпақасын айыруға бола­тынын аңғарды. Бұл тұрғы­да іргетасы сонау 1925 жылы қа­ланған «Аралтұз» комби­на­ты­ның атқарып отырған қызметі зор. Бұл комбинат өз тарихында талай жағдаятты бастан өткерді. Заман талабына сай аты мен заты бірнеше мәрте өзгерді. Дей тұрғанмен, о бастағы бағытынан айныған жоқ. Тұзды қазып алып, оны өңдеп, тұтынушыға сапалы тауар ұсыну басты міндет-тін. Сол міндеттің үдесінен шығып келеді. 2013 жылы комбинат толықтай қайта жабдықталды. Испаниядан арнайы құрал-жабдықтар әкелініп, орнатылды. Содан бастап «Аралтұздың» жұ­мы­сын жандандыру үшін 1,5 миллиард теңге инвестиция құйылған. Ойлаңыз, қалың құмның арасында жатқан Арал ауданындағы бір комбинатқа осынша қаржы тар­тылып отыр. Инвестицияның игі­ліксіз жерге тартылмайтынын білесіз. Осыдан-ақ, «Аралтұздың» қан­шалықты пайдалы, табысты, қоғам­ға қажетті екенін аңғарамыз. Ал осы комбинатта бүгінде 800-ге тарта адам тұрақты жұмыс істейді. Оның ішінде испан технологиясымен тұз өн­діретін жабдықта 343 адам тұр. Бір мекеменің осынша адамды жұмыспен қамтып, тұрақты түрде шаңырақтарына табыс кіргізіп отыруы шын қуанарлық дүние. Комби­нат жылына 150 мың тонна тұз шыға­рып отыр. Өнімдерін тек Қазақстан ғана емес, көрші Ресей, ТМД елдері мен Түр­кия нарығына шығарады. Тұз­дың да түр-түрі өндіріледі. Ас тұзынан ­бастап, мал бордақылау кезінде ­жем­ге қосып беретін брикеттелген тұзға дейін. Комбинаттан шығарылатын тұз­дың бірнеше түрі бар. Бірінші – ас тұзы. Йодталған, тағамның бар­лық­ түріне қосылатын тұз полиэтилен­ дорбаларға 1 килодан салынады. Базар­ға барсаңыз, толып тұр. Тұз­дың осы түрі 12 және 22 килолық қапшықтармен де өндірістен өтеді. Ал алыс-жақын шетелдерге 10 килодан бастап 50 килолық қаптармен ұсынылып жатады. Екіншісі – техника­­лық мақсаттарға қолданатын тұз. Көбіне мұны жабық вагондарға тиеп шығарады немесе 60 килолық қаптарға салады. 1 тонналық жұмсақ контейнермен ұсынатын түрі де бар. Үшіншісі – жемге арналған брикеттелген тұз. Кәсіпорынға қаржы құйылып, заманауи жабдықтар орнатылғаннан кейін өнімнің де сапасы айтарлықтай артты. Тұзға қосылатын йодты арнайы Алматыдан әкеледі. Бүгінде 1 тонна тұзға 63 грамм йод қосылады. Сонымен қатар, өткен жылы «Арал­тұз» өз қызметкерлерінің жалақысын 10 пайызға арттырды. Дағдарыстың алдында қаржыны қысқартпай, ­жала­қы­сын көбейтіп отырған меке­менің жұмысына қуанбауға дәтің бар­майды. Қысқасы, комбинат жұмысы бүгінде әбден жүйеленген. Сағат секілді сар­тылдап жұмыс істеп тұр. Адам барда ас ішіледі. Ал тағамға тұз міндет­ті түрде қосылады. Сондықтан «Аралтұздың» жұмысы тоқтаусыз жалғаса бермек. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы, Арал ауданы.