Өткен аптада Еуропа мен АҚШ-та, Ресейде әлемдік экономикалық дағдарыс аясында бірқатар оқиғалар болып өтті. Олардың барысы әлемнің алып елдерінде дағдарыс бұлтының көп сейіле қоймағандығын көрсетіп берді. Әсіресе, Еуропада жағдай осылай болып отыр. Грекия еуроаймақтан шыға ма, шықпай ма деген мәселенің басы ашық қалып келеді. Сонымен қатар, әлемнің кейбір ірі компаниялары жаңа табыстарға қол артып жатса, енді бір компаниялар өз қызметкерлерінің санын қысқарта түсуде. Мұнай бағасының қай бағытқа қарай құбылатындығы да белгісіз болып отыр.
СИРИЗА жеңісі: Грекияны не күтеді?
Грекиядағы парламенттік сайлауда Алексис Ципрас бастаған СИРИЗА партиясының жеңіске жеткендігі белгілі.
Бұл жеңіс солшыл радикал күштерді біраз желпіндіріп тастады. Өйткені, сайлау нәтижесі олар күткендегіден де біршама оңды болып шықты. СИРИЗА өз есебіне қарағанда, көбірек дауысқа ие болды.
Дегенмен, солшыл радикалдар Грекия парламентінде бәрібір басым көпшілікке ие бола алған жоқ. Сондықтан олар, «Тәуелсіз гректер» оңшыл радикал партиясымен бірлесіп, коалиция құру жөнінде ұйғарым жасаған еді. Арада жүргізілген келіссөздер екі жақ үшін де тиімді болып шыққан секілді, СИРИЗА жетекшісі Алексис Ципраспен кездескен «Тәуелсіз гректер» партиясының көсемі Панос Камменос кездесу аяқталысымен тараптардың қағидаттық келісімге қол жеткізгендігі туралы мәлімдеме жасады. Бұл ретте аталған екі партияның да елдің саясат алаңында қарама-қарсы жақтарда тұрғанымен, олардың басын қосуға тараптардың қатаң экономикалық саясатты оншама жақтыра қоймайтындығымен түсіндіруге болатын секілді.
Соңғы жылдары «Тәуелсіз гректер» партиясы елдегі жасырын көші-қон жөніндегі радикалды ұстанымымен көзге түскен болатын. Партия өкілдері өздерінің осы бағыттағы қатаң көзқарастарымен жұртшылық назарын аударып жүр. Соған соңғы бір мысал ретінде Грекия президент сайлауының үшінші турынан құлап қалу алдында «Тәуелсіз гректер» депутаты Павлос Хаикалис белгілі бір делдал өзіне келіп, егер ол билік басындағы коалицияның кандидаты үшін дауыс беретін болса, оған пара беруге әзір екендіктерін айтқандығын мәлімдеген болатын. Сол кезде Хаикалистің өзі аталған делдалмен ірі істі жүргізетіндігі туралы шу шыққан еді.
Оңшыл популистер сайлаушылар сезімімен ойнауда СИРИЗА-ға қарағанда да, батыл ойындарға бара білді. Сайлау алдындағы соңғы митингіде Камменос халықаралық қарыз берушілердің ел экономикасына билік жүргізіп алғандығы, елдегі күшейіп келе жатқан кедейшілік жұмыссыз гректерді шетелдерге кетуге мәжбүр еткендігі туралы қатаң мәлімдеме жасап, «Біз билікке жетсек, сіздердің балаларыңызды кері қайтаруға жұмыс істейтін боламыз», деп уәде берген еді. Енді «Тәуелсіз гректер» осы уәдесін орындауға күш салады дегендей болжамдар жасалуда.
Ал енді СИРИЗА-ға келетін болсақ, оның өкілдері осы уақытқа дейін белгіленген несие бағдарламасын қайта қарастыратындықтары туралы уәде берген болатын. Қазіргі күні Грекияның бұқаралық ақпарат құралдарында СИРИЗА үкімет құрылғаннан кейін өзінің осы уәдесінде тұрып, халықаралық кредиторлармен жасалынған келісімдердің күшін жоя ала ма немесе олармен келісімге келуді ойластыра ма деген бағытта әңгімелер қозғауда. Өйткені, соңғы аптада партияның көптеген саясаткерлері өздерінің бұрынғы қатаң пікірлері мен ұсыныстарын біршама жұмсарта түскен секілді. Дегенмен, СИРИЗА солшыл қанатының көсемі Панагиотис Лафазанистің мәлімдегеніндей, бүтіндей алғанда партия қатаң үнемдеу саясатынан бас тарту жөніндегі бағытын сақтайтын болады. «СИРИЗА өзінің сайлау алдындағы бағдарламасын ұстанады. Еуропалық одақтың келесі саммитінде президенттер мен үкімет басшылары қатаң үнемдеу саясатының соңғы сәті соққанын айқын еститін болады», деп мәлімдеді ол Грекия радиосына берген сұхбатында. «Егер халықаралық кредиторлармен арадағы бұрынғы келісімдерді бұзған жағдайда, Грекия экономикасы қалай қаржыландырылмақ?» – бұл сұраққа жауап берген Яннис Балафас аталған мәселенің ендігі кезекте басқа контексте қарастырылатындығын жеткізді. Оның айтуынша, әуелде әңгіме Халықаралық валюта қоры, Еурокомиссия және еуропалық орталық банк өкілдерімен келісімге келу жайында емес, Грекияның мемлекеттік қарызын өтеуді жеңілдету мәселесі жайында болады.
Сайлауда СИРИЗА-ның жеңіске жетуі қоғамдық көңіл-күйде орын алған өзгерістерді айқын дәлелдейтіндей. Мұны социолог Такис Теодорикакос СИРИЗА-ның күтпеген бұл жеңісі гректердің елдегі саяси кадрларды жаңартуды қалайтындықтарын білдіреді деген ойын жеткізді. «Грекиядағы саяси партиялар бұл фактіні әрдайым назарларында ұстағаны орынды болар. Ципрас атқарушы билік жұмысында өз тәжірибесінің жоқтығына қарамастан, еліміздің тарихында ең жас премьер-министр болып табылмақ. Осы жағдайдың өзі халықтың өзгерістерді күтіп отырғандығын білдіреді», деп мәлімдеді ол.
Бүкілгректік социалистік қозғалыстың жетекшісі Эвангелос Венизелос сайлаушылар көңіл-күйін алғашқылардың бірі ретінде ұққан секілді. Сайлау түнінде ол жуық арада партия съезін өткізіп, оның басшылығын жаңадан сайлайтындықтарын мәлімдеді. Венизелос 2012 жылғы парламенттік сайлаудан кейін-ақ отыз-қырық жастағы саясаткерлерге тапсыратындықтарына уәде берген болатын. Ал Грекияның бұрынғы премьер-министрі Антонис Самарас әзірге жасының келіп қалғандығына қарамастан, өзінің саяси қызметтен бас тарта қоймайтындығын жеткізді.
Тағы бір банк төлемге қабілетсіз
Бұқаралық ақпарат құралдарының мәлімдегеніндей, «Имэксбанк» үстіміздегі жылдың 26 сәуіріне дейінгі кезеңіне уақытша әкімшілік енгізетіндігін мәлімдеген. «Ұлттық банк басқармасының 26 қаңтардағы «Имэксбанк» ашық акционерлік қоғамын төлемге қабілетсіздер санатына жатқызу туралы» қаулысының негізінде елдегі азаматтардың салымдарына кепілдік беру қорының атқарушы дирекциясы 27 қаңтардан бастап уақытша әкімшілік енгізу жөнінде шешім қабылдады», деп хабарланған мәлімдемеде.
Уақытша әкімшілік үш ай мерзімге, яғни 27 қаңтар мен 26 сәуір аралығындағы кезеңде енгізілмек.
Осы уақыт аралығында уақытша әкімшілік «Имэксбанк» салымшыларының қаржыларын банктік салым (депозит) жөнінде жасалынған шартқа сәйкес қайтаратын болады.
Мұның алдында азаматтардың салымдарына кепілдік беру қоры Ұлттық банкке Порто-Франко, Аксиома және Демарк секілді төлемге қабілетсіз банктерді жою жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Сөйтіп, айналасы үш-төрт айдың ішінде Украинаның төрт бірдей банкі төлемге қабілетсіз ретінде танылып отыр. Мұның өзі елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың біршама ушыға түскендігін білдіретін болса керек.
Мұнай бағасы өсе ме, құлдырай ма?
Сарапшылардың бағалауынша, мұнай бағасы 2014 жылдың маусым айынан бері 60 пайызға арзандаған. Осыған байланысты Goldman Sachs инвестициялық банкінің президенті Гэри Кона ол баға одан әрі құлдырап, 30 долларға дейін жетуі мүмкін деп мәлімдеген. «Мұнай бағасы әлі де ұзақ уақыттар бойы төмендей беруі мүмкін», деп мәлімдеді ол CNBC телеарнасына берген сұхбатында.
Алайда, сарапшылардың барлығы бірдей инвестициялық банк басшысының болжамымен келісе қоймайтын секілді. Тіпті, бұған кереғар пікірлер де жоқ емес. Өйткені, осының алдында ғана Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының (ОПЕК) бас хатшысы Абдалла әл-Бадри қазіргі күндері мұнай бағасы өзінің құлдырау шегіне дейін жетті деген пікірін білдіріп, мұнан кейінгі кезеңдерде ол енді өсе беретіндігін, тіпті 200 долларға дейін шарықтап кетуі де ғажап емес екендігін мәлімдеген болатын.
«Қазір мұнай баррелінің бағасы 45-55 доллар аралығында қалыптасуда. Менің ойымша, бағаның құлдырауы өзінің төменгі деңгейіне дейін жетті. Енді аз уақыт өтпей-ақ біз оның қайта секіретініне куә болуымыз да мүмкін», деген еді ол.
Мұнай экспорттаушы елдер бас хатшысының айтуынша, қазіргі жағдайдағы саланы инвестициялаудың азаюы алдағы уақытта қуат көздеріне деген зәрулікке алып келетін болады. Осы зәрулік байқала салысымен-ақ, баға қайтадан күрт көтеріле бастайды.
«Мәселен, біз қазір бағаның құлдырауына байланысты мұнай өндіру көлемін азайта түсетін боламыз. Сол кезде мұнай қоймалары қайтадан босап қалады. Әдетте, мұнай өндірушілер мұнай бағасының құлдыраған кезінде оған инвестиция сала қоймайды. Егер инвестиция салынбаса, мұнай жеткізілімі де төмендейді. Сөйтіп, рынокта мұнай тапшылығы басталады. Енді біраз уақыт өткенде біз осы жағдайдың куәсі боламыз. Сол кезде баға шарықтауы қайта басталады. Мұндай жағдай осыдан біраз жыл бұрын ғана болған». 2008 жылды әлі ешкім ұмыта қоймаған шығар. Менің ойымша, енді мұнай бағасы көтерілсе, ол бұрынғы деңгейден де асып түсетін болады», деп мәлімдеді Абдалла әл-Бадри.
Абдалла әл-Бадридің бұл болжамын АҚШ-тың статистикалық мәліметтері де қуаттай түсетіндей. Baker Hughes мұнай сервисі компаниясының бағалауынша, өткен аптада АҚШ-тағы бұрғылау құрылғыларының саны барынша қысқарып, осыдан екі жыл бұрынғы төменгі шекке дейін жеткен. Мұндағы бұрғылау құрылғылары санының қысқара түсуі осымен жеті апта бойы байқалуда.
Ал енді бұқаралық ақпарат құралдарында бұған дейін де сан мәрте көтеріліп жүрген Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының саясатында бағаға қатысты өзгерістер бола ма, жоқ па деген сұраққа келетін болсақ, ұйым басшысы бұл мәселеге қатысты әлі де біраз уақыттың қажет болатындығын айтқан. «Бұл мәселе әлі де біраз уақытты қажет етеді. Әлі де төрт-бес ай күте тұруға тура келеді. Бәлкім үстіміздегі жылдың бірінші жартысында сондай бір өзгерістер бола қоймас. Рынок алдағы уақытта өзін қалай сезінеді? Қай бағытқа қарай құбылуы мүмкін? Міне, осы жағдайдың жауабын анықтауға тура келеді», деп атап көрсетті ұйымның бас хатшысы.
Дайындаған
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».