• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Мәдениет 07 Қараша, 2024

Түркіге ортақ туынды

108 рет
көрсетілді

Жақында Түркі мәдениеті және мұрасы қорының қол­дауымен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдары құрастырған «Алпамыс батыр» жинағы жарыққа шықты. «Түркі халықтарының рухани мұрасы әлемдік өркениет аясында: «Алпамыс батыр» жыры» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция барысында таныс­тырылған жинаққа жырдың кең тараған, ең көлемді М.Сан­ды­байұлы – С.Аққожаев нұсқасы және Ю.Новикова мен А.Тарковскийдің орыс тіліндегі көркем аудармасы, сондай-ақ ағылшын тіліндегі жолма-жол аудармасы енген.

Бүгінде институттың қол­жазбалар қорында және Ор­талық ғылыми кітапханада «Алпамыс батыр» жырының 15 жазбасы сақталған. Ға­лым­дар өңдеп, бір ізге түсіріп, ғылыми айналымға енгізген эпос­тық жырлардың цифр­лы форматтағы нұсқалары да қол­жетімді. Мамандар де­регіне сүйенсек, «Алпамыс» жыр-дастанының негізгі же­лісі мен арқауы бір болғаны­мен, ішінара өзгешеліктері мен ­иі­рім­дері кездеседі. Сондық­тан оны жіті қарап, салысты­рып, ғылыми баға беру ісі жал­ғаса бермек. 

ЮНЕСКО, ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық  комиссиясы, М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институты, Халықаралық Түркі мәде­ниеті мен мұрасы қоры, Бей­зат­тық мәдени мұра жөнін­­дегі ұлттық комитетінің ұйым­дастыруымен өткен конфе­ренцияда ғалымдар қаһар­мандық эпосты материалдық емес мәдени мұрасы реп­ре­зен­тативті тізіміне енгізу мәселесін талқылады.

М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институ­ты­ның директоры, филоло­гия ғы­лым­­дарының докторы, про­фессор Кенжехан Маты­жа­нов атап өткендей, түркі ха­лық­тарының арасына өте кең тараған тарихы терең, құ­рылымы аса күрделі ба­тыр­лық эпостың бірегейі «Ал­памыс батыр» жырының ал­тай­лықтардан бастап, қазақ, әзер­байжан, татар, башқұрт, өзбек, қарақалпақ, түрік, тіп­ті, тәжіктер арасынан жазы­­лып алынған жүздеген нұсқасы бар. Олар­­­да жырға арқау бол­ған не­гізгі сюжеттік желі, қаһар­ман­­дардың аты-жөні (Ал­памыс, Байбөрі, Байсары, Ана­­лық, Гүлбаршын, Ұлтан, т.б.) көп өзгермеген. Эпостың қа­зақ және өзбек, қарақалпақ нұсқалары ғылымда «қоңы­рат» версиясы деп аталса, ал­тай халықтарында «Алып Ма­на­ш» көне батырлық ерте­гі­нің не­гізінде жеткен «алтай» версиясы сақталған. Башқұртта – «Алпамыша», татарда –  «Ал­­памша», ноғайда «Алып-Мамшян» деген аттармен сақ­талған «қыпшақ» версиясы жет­­кен. ХV-ХVІ ғасырларда әзер­байжандар мен Анадолы тү­ріктерінен «Байбөрі, оның ұлы Бәмсі-Байрақ туралы­ жыр» деген атпен жазып­ алынып, «Қорқыт ата кітабы­на» енген «оғыз» версиясы бар. Осының барлығы ал­тайлықтардың «Алып Мана­шы­нан» тамыр тартып, «алып батыр» деген мифтік, эпостық қаһарман мағынасын береді. Бұл сөздің (Алып, Алпамыс, Ал­памса)  осы мағынасы Мах­мұт Қашқари сөздігінде де, Ор­хон-Енисей жазба ескерт­кіштерінде де кездеседі. Қа­зіргі түркі тілдерінің көпші­лі­гін­де сол мағынасын сақтаған.

– Алтын Орда дәуірінде (шамамен ХІІІ – ХV ғғ.) қа­һар­мандық жырлар тарихи клас­сикалық эпос дәрежесіне көтеріл­ді.  «Алпамыс» – түр­кі тектес халықтар фольклорын­да соңғы бес ғасыр­ бойы халықты ерлік пен батырлық­қа, адамгершілік асыл қа­сиет­терге баулитын теңдессіз туындылардың алдыңғы легінде тұр. Институттың қол­жазбалар қорында жырдың оннан астам жазба нұсқасы сақталған. Бұл жазбаларды салыстырып, ортақ нұсқасын анықтап, оларды басқа түркі халықтарының версияларымен типологиялық байла­ныста тарата зерттеу – бүгін­гі фольклортану ғылымының елеулі міндеттерінің бірі, – дейді профессор.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтө­бе өңірлік университеті­нің профессоры, филология­ ғы­лымдарының докторы Абат Пангереев жырдың соң­ғы жарық көрген, текс­то­ло­гиялық өңдеуден өткен С.Аққожаев нұсқасында Жи­делі топонимінің – 4, Бай­сын топонимінің 16 рет кез­де­сетінін, ал Жиделі-Байсын деп қосарлана аталуы 8 мәрте қайталанатынын айтады.

Жиын барысында Түркі әлемі зерттеулері институты Эге университетінің профессоры Екижи Метин, Әзербайжан ҰҒА Фольклор институтының профессоры Рзаев Сәйфаддин Гюл­вер­ди оглу,  Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Тынысбек Қоңыратбай, Өзбекстан Тіл, әдебиет және өнер институтының профессоры Шомирза Турдимов, Өзбекстан Мәдени зерттеулер мен материалдық емес мұра жөніндегі ғылыми-зерттеу институты ЮНЕСКО бөлімі­нің меңгерушісі Шухратулла Абдуллаев,  басқа да ғалым­дар баяндама жасап, эпикалық мұралардың ерекшеліктерін талдады. 

Жаңа жинақтың бұрын­ғы басылымдардан ерек­ше­лігі, мұқабасында көрсе­тіл­ген QR арқылы жыршы Б.Рүстембековтің орындауын­дағы жырдың аудиожазба­сын тыңдауға және жүктеп алу­ға болады.

 

АЛМАТЫ