• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2015

Қамқорлыққа ризашылық

337 рет
көрсетілді

Қарағанды облысында бұрын-сонды болып көрмеген су тас­қыны әсіресе, селолық округіміз аумағындағы Жұмабек ауылы тұр­ғындарына ауыр соқты. Жан-жақтан жөңкілген селдің алды осы жерді басып өткен болатын. Облыс, аудан тарапынан шұғыл шаралар қолданудың арқасында болжап болмас қатердің беті қайтарылды. Алайда 17 үй қызыл суға көлкіп, мал-мүлік шығыны орын алды. Қазір жағдай оңалып келеді. Табиғат қысымынан зардап шеккен отбасылар азық-түлікпен, киіммен, төсек-орынмен дер кезінде қамтамасыз етілді. Бұл күнде әрбір үй иесінен бүлінген тұрмыстық заттар тізбесі алынып, орнын толтыру қарастырылып жатыр. Ауыл тұрғындарының осындай қысылшаң шақта өздеріне көмекке келіп, қамқорлық жа­саушыларға разылығы ерекше екенін жеткізе кету дұрыс көрінеді. «Қазагромаркетинг», «ҚазМұнайГаз» АҚ облыстық филиалдары, Абай аудандық кәсіпкерлер палатасы сияқты ұйымдар алғашқылардың бірі болып қол ұшын созды. Оған жергілікті кәсіпкерлер де қосылып, көмек-қолдау көлемін одан сайын өсірді. Мәселен, Ақпаржан Тұмабаев баспанасын су шайып кеткен отбасыға уақытша тұруға өзінің бос тұрған үйін берсе, Фарида Аңсарова, Несіпкүл Лиясова, Рима Шин, тағы басқалары ауылдас­тарымен қолдарында барымен бөлісуде. Бұл күнде қиындық беті толығымен қайтты. Аудан әкімі Серік Шайдаровтың ұйым­дас­тыруымен аймақтағы ірі кәсіпорындар демеушілікке тартылып, олар бірнеше үйлерді, қораларды қалпына келтіруді өз мойындарына алды. Бір үйдің жаңадан салынуы басталып та кетті. Адамдардың бір-біріне бауыр­малдығы, қиындықтарды бірлесіп көтеруге ынтасы, көмек­ке дайындығы, мемлекеттік нақ­ты қамқорлық шуағы қадірін су тасқыны зардабына ұшырау­шылардың өз бастарынан сезініп, соған деген шынайы риза­лық сайлауға белсенділікпен қаты­сулары арқылы білінді деуге болады. Селолық округімізде дауыс беру бұрынғыдан да жоғары деңгейде өтті. Жанат ЖҰМАДІЛ, Құрма селолық округінің әкімі. Қарағанды облысы, Абай ауданы.