АСТАНА. 30 қаңтар. Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы жергілікті және республикалық мемлекеттік органдармен ұсынылған нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын тұрақты түрде талқылап келеді. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.
Мәселен, өткен жылы жергілікті атқарушы органдардан түскен 100 нормативтік-құқықтық актінің жобасы бойынша кәсіпкерлер палатасы ұсыныстар мен толықтырулардан тұратын 45 эксперттік қорытынды берді. Мұнымен қоса, орталық мемлекеттік органдар әзірлеген 15 нормативтік-құқықтық акті бойынша Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ұсыныстар жолданып, нәтижесінде 3 жоба бойынша ұсыныс қолдау тапты.
Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен қазіргі қолданыстағы 22 заң бойынша ұсыныс беріліп, 6 нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілді.
Сондай-ақ, палата кәсіпкерлерден түскен өтініштер бойынша проблемалық мәселелердің реестрін қалыптастырып, мәселе шешілгенге дейін тұрақты бақылауға алады.
Өткен жылы мұнда 54 проблемалық мәселенің тізілімі қалыптастырылып, Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жолданды. Оның 14-і жергілікті, 40-ы республикалық деңгейдегі мәселелер. Нәтижесінде жергілікті 10, республикалық деңгейдегі 4 мәселе шешілді және республикалық деңгейдегі 25 мәселе бойынша Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан тиісті түсіндірме беріліп, мәселелер оң шешімін тапты.
Жолдыбай Базар.
Дерек, сурет: Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.