• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 16 Қараша, 2024

Ұрпақ жадындағы қайраткер

136 рет
көрсетілді

Кейінгі кезеңде «Елін сүйген ерлердің» басын қосып, «ЕСЕП» партиясының белді өкілі болған ақын Бүркіт Ысқақовтың есімі ескерусіз қалған еді. Міне, жақында қайраткер қаламгердің 100 жылдығы қарсаңында туған топырағы Нұрада «Бүркіт Ысқақұлы: тұлға тағылымы мен тарихи заманы» деген атаумен республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция барысында жер-жерден жиылған ғалымдар, әдебиетшілер күрескер тұлғаның отты ғұмыры, рухты шығармашылығы жайында ой қозғады. Деректі фильм көрсетіліп, ескерткіш тақта ашылды. Ұлт күрескері жайында кітап жарық көрді.

Конференция басталмас бұ­рын аудан орталығындағы Бүркіт Ысқақұлының есімі берілген кітапхананың қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Жан-жақтан жиылған зиялы қауым гүл шоқ­тарын қойып, ұлт қайраткерінің ру­хына құрмет білдірді. Нұраның талантты балалары ақынның өлеңдерін жатқа оқыды.

Мерейтойлық мәдени іс-ша­раға Ал­матыдан арнайы Бүркіт Ысқақ­ұлы­ның қызы Айгүл Ысқақова келді. Мұ­нымен қоса, мемлекет және қоғам қай­­раткері Оралбай Әбдікәрімов, Нұ­ра ауданының құрметті азаматы Дауыл­­бай Құсайынов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылым­дарының докторы, профессор Бейбіт Мамыраев бастаған құрметті меймандар қатары да жетерлік.

Келелі отырысқа келгендер әуелі облыстық «Saryarqa» телеарнасы тү­сір­ген Б.Ысқақов туралы деректі фильм­ді тамашалады.

Конференцияда облыстық ішкі сая­сат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов облыс әкімі Ермағанбет Бө­лек­паевтың хатын оқып берді. Әкім жолдаған хатта: Бүркіт Ысқақов – «Елін сүйген ерлер» пар­тия­сының негізін қалаушы. Қазақ халқының ұлттық сана-сезімін ояту, әдебиеті мен мәдениетін дамытуда аянбай еңбек еткен тұлға. Конференция барысында ақынның тоталитарлық жүйеге қарсы тұра білген қайсарлығына бүгінгі көзқарас деңгейінде лайықты баға беріліп, салмақты пікірлер айтылады деп сенемін. Шығармашылығын жас ұрпаққа дәріптеу жолдары да қарас­тырылуға тиіс. Себебі ақынның өлеңдерінен отанға деген шексіз махаббат көрінеді. Бүркіт Ысқақов бабалардың аманатына адал болды. Енді біз, яғни кейінгі толқын сол адалдықтан үлгі алуымыз керек» делінген.

Конференцияда Сәкен Сейфуллин атындағы мұражай директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсеметов «Алаштың арда ұлы – Бүркіт Ысқақұлы» тақырыбында баян­дама жасады. Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Қазақ радиосының ардагері Гүлсара Қабланова да мінберге көте­ріліп, Бүркіт Ысқақұлы туралы отан­дық және шетелдік мұрағаттардағы жаңа деректерді жұртшылық назарына ұсынды.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Жанна Үркінбайқызы мен Қарағанды медициналық университетінің профессоры Баян Ыбыраева қайраткер туралы баяндамаларын оқып, ұлт күрескерінің есімін ұлықтау мақсатында ой-пікірлерін ортаға салды.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сағымбай Жұмағұлов ақын Бүркіттің қазақ поэзиясына ГУЛАГ тақырыбын әкелгенін айтты.

– Бүркіт Ысқақов қиын заманда тиым салынған тақырыптарды арқау еткен естелік, мемуарларын жазып үлгерді. Содан кейін, ол әдебиеттің проблемалық және саяси тұстарына тоқталған. Қуғын-сүргінді көріп келіп, сондай тақырыптарға бару – ерлік. Ғылымда да ерліктің небір үлгісі бар. 1964 жылы «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары» атты еңбегі жарық көрді. Сол арқылы қасиетті топырақта өркениет көктегенін дәлелдеген. Қа­рағандыда ГУЛАГ тақырыбын қозғаған қаламгердің бірі – Жайық Бектұров еді. Хамза Абдуллин деген ақын да осы тақырыпқа барған. Біз айтып жүрген «тоталитаризм», «репрессия», «реабилитация», «халық жауы» деген саяси мәні бар терминдерді энциклопедияға енгізуде Бүркіт Ысқақовтың еңбегі зор. Сол арқылы ұлттың аспанындағы түнерген бұлттай болған заманды кескін­деген, – деді С.Жұмағұлов.

Ішкі істер министірлігінің полковнигі, 1941 жылы репрессияға ұшыраған Хамит Абдрахмановтың ұлы Жанат Абдрах­манов Бүркіт Ысқақовтың сыртынан кімдер арыз жазғанын жария етті.

Мұнымен қоса, жас ғалым Әділет Жағыпардың ұлт қайраткері жайында жарық көрген тарихи-биографиялық кітабының тұсаукесер рәсімі кештің мазмұнын аша түсті.

Кеш соңында аудан әкімі Бақыт­жан Мұқанов ғалымдарға, әдебиет­танушыларға алғаусыз алғысын білдіріп, бірқатар азаматты марапаттап, сый-сияпат табыстады.

«О, Азия, ұлысың,

Ұлылығың құрысын.

Ұлылығыңды қайтейін,

Еуропаның құлысың…»,

деп жырлаған қайраткердің ақындығын тани алмай жатқандаймыз.

«Осы өлеңді Сәкен Сейфуллиннің «Азия», Ілияс Жансүгіровтың «Гималай» деген өлеңдеріне еліктеп жаздың», деген айыппен 30 жылға сотталғанында ақын 27 жаста еді. Отызға келмеген жасында шыншыл өлеңімен шоқ шашып, от бүркіген Б.Ысқақов заманының заңғары емес пе?

Конференция түйіні ақынның есімі Алаш қайраткерлерімен қатар аталып, кем ұлықталмаса, бүгінгі ұрпақ ұлт баһадүрінің есімін жадында жаттар еді деген ортақ мәмілеге ой біріктірді.

 

Қарағанды облысы,

Нұра ауданы